Дербисова Индира Жомартовна
Қарағанды қаласы
№102 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып реттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып реттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз керек.
Халел Досмұхамедұлы
Майқы биден басталған шешен де, өткір сөзіміз бүгінгі күнде өз құдіретін жойған жоқ. Қаз қалпында тарих сахнасының төрінде, ата-баба үнімен жеткен шығармаларда сақталып тұр. Олай болса, бүгінгі ұрпақ неге өз ойын еркін, өткір тілімен кестелеп, шешен сөзімен шебер жеткізе алмай отыр?! Бүгінгі ұрпақ деп көпке топырақ шашпаймын, бірақ жастардың көбі техника, білім шыңына шықса да, ата-баба салған сара жол, даналықтың асыл тәжі – тіл байлығымызды меңгере алмай отырғаны өкінішті.
Осы ой мазалап, көкейімді тескен сұрақтың жауабын іздеу мақсатында қолға қалам алдым. Жоғарыда айтып өткен Халел Досмұхамедұлының ойымен толық келісем, иә, қазақ тілі – өте бай тіл. Енді сол баға жетпес мұрамызды сары майдай сақтап, ғылым жолына салып, келер ұрпаққа аманат ету – бүгінгі ұрпақтың парызы деп білем. Бүгінгі ұрпақта ғылыммен тілдесер білім бар, сол білім мен техниканы өзіміздің бай тілмен ұштастыра білсек, рухымызды жанды сөзбен жандандыра білсек, нағыз қазақтың шешендері, жыраулары қайта өмірге келер ме еді?! Әрине, «Армансыз адам — қанатсыз құспен тең» демей ме, мен де шәкірттерімнің сөздік қорының мол болғанын, өз пікірін оюлы текеметтей әсерлі жеткізуін армандаймын. Бүгінгі таңда оқушылардың көбісінің бойындағы бір міні – көркем сөзге шалағай келетіні. Бұның зардабы –эссе , ойтолғау, әңгіме, пікір жазуда, мәтін құрауда айқын көрінеді.
Осы мәселені шешу – тіл мамандарына, барша ұстаздарға және ата-аналарға жүктелген міндет деп білем. Сөздік қорды дана сөзбен толықтырудың жолдары қандай деген сұраққа өзімше жауап іздеп көрдім. Олар:
- Оқылған шығармалардағы түсініксіз сөздердің мағынасын ашу;
- Мағынасы ашылған сөзді қатыстырып сөйлем құрау немесе мақал-мәтел, жұмбақ, өлең құрастыру;
- Әртүрлі тақырып беріп, тақырып аясында өткір ой айту;
- 5 мақал-мәтелден 1 ой түю;
- 1 қарасөзден 5 пікір шығару;
- 5 нақыл сөзден 5 мақал ойлап табу;
- «Ізбе-із қайтала» тәсілі бойынша көркем, шешен сөйлеген сөйлеушінің сөзінен үзінді тыңдатып, сөзбе-сөз қайталату;
- «Әсерлі қалам» әдісі бойынша үнсіз кино немесе спектакль көрсетіп, алған әсерін жаздыру;
- «Жаңбыр тамшысы» тәсілі бойынша берілген әр түрлі сөздерді құрастырып, диалог, монолог, қызықты сұрақ құрастыру;
Жоғарыда келтірілген қарапайым әдіс-тәсілдер болғанымен, күнделікті сабақ барысында үздіксіз қолдану арқылы ділмар оқушылар санын көбейте аламыз. Онымен қоса, ойды әсерлі жеткізе білу дағдыларын да қалыптастыруымыз аса қажет. Ой әсерлі болу үшін нені ескеру қажет? Менің пікірімше, әр сөзді салмақтаудан бөлек, адамдық мәселені көтере алатын ақыл мен білімді ұштастыратын саналы сөзді табу, «Сөз сүйектен өтеді», «Әсері жоқ сөз – өлі сөз» деген мақалдарды ескеру аса қажет. Осы орайда М. Әуезовтің «Қазақша жазу – қазақ сөздерінің кез-келгенін құрастыра беру емес» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Осы айтылғандарды ескере отырып, ойды әсерлі жеткізудің бірнеше түріне тоқталып өткім келеді. Әрине, бұл жаңалық емес, дегенмен ескере кеткенді жөн санадым.
Ойды әсерлі жеткізудің тәсілдері:
- Тұрақты тіркестерді қолдану;
- Риторикалық сұрақ қолдану;
- Шешен сөздермен дәлел келтіру;
- Дайын диалог оқу;
- «Тамырлы сөз» тәсілі:
- Сөз мағынасын ашу;
- Жоғарыдағы сөзге әсерлі сөз тіркеу;
- Мәселе тудыратын сұрақ құрастыру;
- Нақыл сөзбен ұштастыра отырып, сұраққа жауап жазу;
- Қорытынды пікір жазу.
Ой қаруы – сөз, сөз – атылған оқ екені баршаға мәлім. Сөзді ұғындырып, одан тартымды ой тудырып, құнды әркетке бағыттау – біздің міндетіміз. Біз дегенім – елін, тілін сүйер әрбір қазақ баласы. Жоғарыда аталған мәселені шешудің бірден-бір жолы – кітап оқуды дәстүрге айналдыру. Кітап оқуға жаны құмар ұрпағымыз көбейсе, бұл мәселелер өздігінен жойылар еді.