Батырханова Айгүл Ғабитқызы
Сейсенбаева Жадыра Шарифханқызы
Нұр-Сұлтан қаласы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері
Назарбаев Зияткерлік мектебінің негізгі мектеп бағдарламасы бойынша оқитын 8-сынып және 9-сынып оқушыларының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде жүргізген мәтін талдау жұмыстарының сапасын саралай келе, екі сыныпта да оқушылардың қиналатын ортақ мәселелері анықталды. Ол біріншіден, автор таңдауының аудиторияға тиімділігінің түсіндірмесін көрсету, екіншіден, өз ойын білдіру мен сөйлем құрылымының, сәйкес лексиканың алуан түрлі жиынтығын тиімді қолдану. Анықталған мәселеге байланысты сабақ үдерісіндегі оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау дағдыларын бақылау әрекеттегі зерттеу нысанына алынды.
Оқушының шығармашылық және сыни ойлауын дамыту – біздің мектептің бағдарламасына тән дағдылардың бірі.
Зерттеудің мақсаты: Оқушылардың бойында шығармашылық және аргументті жазба жазу дағдысын қалыптастыру, шығармашылық ойлауын жетілдіру.
Жұмыстың өзектілігі: Бүгінгі күнде оқушылардың сыни және шығармашылық ойлауын дамыту – оларды өмірге бейімдеудің бір жолы. Кез келген ортада осы дағдыларын қолдану шығармашылық және аргументті жазба арқылы көрініс табады.
Шыңдалған ойлау – кез келген даму деңгейіне байланысты мәселелерге сыни көзбен қарауға; күрделі мәселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешімдер қабылдауға; үйрету мен үйрену бірлігінен, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінің сеніміне негізделген құрылым.
Күтілетін нәтиже:
- оқушы кез келген тақырыпқа шығармашылық және аргументті жазба жазу дағдысын игереді;
- шығармашылық және аргументті жазба жазу талаптары мен құрылысын меңгереді;
- аргумент келтіріп, дәйектерді жүйелеу және тұжырым жасауға дағдыланады.
Бұл анықталған мәселе бойынша үш кезеңнен тұратын қысқа мерзімді зерттеу жұмысы жүргізілді: диагностикалық, тәжірибелік және рефлексиялық.
Диагностикалық кезең. Зерттеудің алғашқы қадамын оқушылардың критерий бойынша жетістік деңгейлерін саралаудан бастадық. Зерттеуге қазақ сыныбының 8 және 9-сыныптарынан 24 оқушы қатысты.
12 оқушының аргумент келтіруде қиналатыны көрінсе, 2 оқушыға автор таңдауының аудиторияға тиімділігінің түсіндірмесін талдауды жүйелеу кедергі келтіретіндігі анықталды. 7 оқушыға өз ойын білдіру мен сөйлем құрылымының, сәйкес лексиканың алуан түрлі жиынтығын қолдануға сөздік қордың аздығы әсер ететіндігін байқадық. Ал пәндік терминологияны, нұсқаулықты түсінбеуде 3 оқушының қиналатыны анықталды.
Жоғарыда берілген саралау қорытындысын сараптай келе, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінде оқушылардың шығармашылық және аргументті жазба жүргізу дағдыларының қалыптасуына кедергі келтіретін негізгі факторларды анықтадық.
Тәжірибелік кезең. Зерттеуді бастамас бұрын алдымен ақпарат жинастырдық. Ең алдымен, «шығармашылық ойлау», «аргумент келтіру деген не?», оған ғалымдар қандай пікір білдірген деген сұрақтарға жауап іздедік. Н.Г. Алексеев, С.М. Бернштейн, В.С. Библер, В.Н. Пушкин, О.К. Тихомиров, Э.Г. Юдин сияқты ғалымдар шығармашылықты ойлау заңдылықтарымен байланыстырады.
Зерттеудің келесі кезеңінде шығармашылық және аргументті жазба жүргізу дағдысын қалыптастырудағы басты кедергі – жаңа идеяларды туындатудың тиімді әдіс-тәсілдерін таңдадық. Зерттеу барысында күтілетін нәтижеге, көзделген мақсатқа жетудің тиімді тәсілдері ретінде «Факт. Пікір. Идея», «Гамбургер», «Ізденіс моделі», «Сұрақтардың модельдік картасы», «Сюжеттік кесте», «Кейіпкерді мінездеу тәсілдері» таңдалып алынды.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында 8-сыныпта «Сюжеттік кесте», «Кейіпкерді мінездеу тәсілдері» және «Факт. Пікір. Идея» әдістері пәндік ерекшеліктерге, күтілетін нәтижеге байланысты сабақтастықта қолданылды. «Факт. Пікір. Идея» әдісі бойынша оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде Т.Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесіне талдау жасады. Бұл әдіс оқушылардың шығарма мазмұнына, сезімдеріне, қиялдарына сүйеніп, шығармашылық жазба нұсқаулығының нобайын жасауға бағыттады.
Ал 9-сыныпта оқушылар «Гамбургер» және «Ізденіс моделі» әдістері арқылы қалаған кейіпкерлерінің бейнесін оқырман ретінде қалай сезініп, елестететіндерін аргументтермен дәлелдеді және автордың мінез, сезімін детальдер арқылы жеткізуде қандай мақсатты көздегендеріне ауызша және жазбаша түсіндірме берді.
Зерттеуде қолданылған келесі әдістің бірі – «Сұрақтардың модельдік картасы». Оқушылар жұмысқа кіріспес бұрын оқыған шығарманың әсерлі болған эпизодтарына немесе юнит концепцияларымен тығыз байланысты үзінділеріне сұрақтар арқылы дәйектер келтіріп, талдау жасады.
Оқушылар ақпараттарды зерттеп оқып, автордың кейіпкердің образын жасаудағы детальдеріне немесе идеясын білдіруде қолданған символдарына сүйеніп, авторлық көзқарасқа өзіндік пайымдауларын жазбаша жеткізу арқылы шығармашылық және аргументті жазба жүргізу дағдыларын дамытты.
Рефлексия. Зерттеудің тәжірибе кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабақтарында қолданылған «Факт. Пікір. Идея», «Гамбургер», «Ізденіс моделі», «Сұрақтардың модельдік картасы», «Сюжеттік кесте», «Кейіпкерді мінездеу тәсілдері» әдістері бойынша жүргізген оқушылардың жұмыстарынан олардың шығармашылық және аргументті жазба жүргізу дағдылары едәуір қалыптаса бастағанын байқадық.
Зерттеуге дейін оқушылар шығарма кейіпкерінің іс-әрекетіне, портретіне үстірт, қысқаша, жалаң сын есімдермен мінездеме берумен шектелсе, оқушылар зерттеу кезінде маңызды сөздер мен сөз тіркестерін табу, мінездеудің тәсілдерін меңгеру, символдардың мәнін ұғыну және өз символдарын ұсыну, түстерді сезіну, іс-қимылдар мен мимиканың, сызықтардың мағынасын түсініп оқу арқылы мәтінді өздіктерінен зерттеп оқып, мәтінге жақын тілмен сезімдерін, қиялдарын, елестетулерін жеткізіп, жаңа идеяларды қызығушылықпен туындата бастады. Таңдалған әдіс-тәсілдер оқушылардың шығармашылық ойлау дағдысын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен қатар, коммуникация, зерттеу, өзін-өзі басқару, әлеуметтену дағдыларын да қалыптастыруға зор ықпал етті. Автордың аудиторияға ықпалын талдау барысында аргументтерге сүйену, дәлелдерді дәйектеу, тұжырым жасау дағдылары жүйеленіп, ретке келтірілді.
Дегенмен зерттеу кезінде кейбір оқушылардың тапсырма нұсқаулығындағы пікіріңді, сыни ойыңды білдір деген командалық терминді түсінбей, тапсырманы шығарма мазмұнын баяндау немесе түсіндірумен орындағандары да кездесті. Сонымен қатар, идеяларын білдіретін дәйектерді табуда да оқушылардың кейбіреуі ұзақ ойланса, ал кейбіреулері идеясына сәйкес дәйектер мен дәлелдерді тез ойластырып, оған сәйкес ойын ауызша, жазбаша жеткізуде қиындықтарға кездесті. Зерттеу барысында анықталған оқушылардың қиындықтары дер кезінде кері байланыс беру арқылы реттеліп отырды. Бұл кедергілер біздің келесі зерттеуімізді жоспарлауымызға, қиындықтан шығудың тиімді әдіс-тәсілдерін жүйелеп, жинақтауымызға негіз болды.
Қорытындылай келе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің пәндік білімдерін оқушылардың қолдануына мүмкіндік туғызатын, ұтымды және олардың жас ерекшеліктеріне сай тәсілдерді сабақтарда үнемі пайдалану шығармашылық және аргументті жазба жүргізу дағдысын қалыптастырудағы тиімді тәсіл екеніне көзіміз жетті.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- «Как проводить исследование в действий», Элейн Уилсон
- Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Алматы. 2009.
- «Мектептегі мұғалім көшбасшылығы» ҚР педагог қызметкерлері-нің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Астана. 2017 ж.
- http://subscribe.ru/archive/job.education.trizvshkole
- «Орта мектеп бағдарламасы», Халықаралық Бакалавриат ұйымы, 2014 жыл
6.«Принциптерден тәжірибеге дейін» «MYP: From principles into practice» (2014 жыл)
- 7. «Негізгі мектеп бағдарламасындағы пәнаралық оқыту», («Middle Years Programme Fostering interdisciplinary teaching and Learning in the MYP» (2014 жыл)
- 8. Paivio, A. Imagery, language and semantic memory / A. Paivio // International J. of Psycholinguistics, 1978. – № 5–2. – P. 31–47
- Роуди М. Визуальные заметки: иллюстрированное руководство по скетчноутингу/ М. Роуди: перевод с англ.К. Наумова – Иванов и Фербер, 2014
10.http://webpress.kz/index.php/about/blogs/item/677-a-paratty-infografika-degen-ne