Асанова Дина Садировна
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылы
«М. Ломоносов атындағы орта мектеп» КММ
математика пәнінің мұғалімі
«Тәрбиесіздік – ол адамзаттың қас жауы,
тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат әкеледі»
Әбунасыр әл-Фараби
Дүниежүзінде коронавирус пандемиясының таралуына байланысты карантин жарияланғалы тұрмыстық зорлық-зомбылық саны күрт артты.
Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Тәуелсіздік төрімізден орын алғаннан бері ең басты құндылық – адам бостандығы. Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы болып саналады. Салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. Егер жалпы айтқанда зомбылықты физикалық қасірет көрсету әрекеті деп анықтауы болса, онда тұрмыстық зомбылықта осы әрекеттің бастауы мен айқындау нүктесі анық белгіленеді.
Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі әлемнің әр елінде ертеден орын алған. Зорлық балалардың денелік және психологиялық денсаулықтары және жан-жақты дамуы үшін ауыр машақат болып табылады.
Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тән және психикалық ықпал жасауы» делінген. Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру…
Ал жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік-жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін.
Ұрыс-керіс, жанжал көп болатын отбасында өскен балалар есейген соң ата-анасының өзін-өзі ұстау үлгісін алады. Қазақ халқының дана сөзі бар: «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді». Бұны халық жазылмаған заң деп санап осы уақытқа дейін сақтап келеді, алайда өкінішке орай кейбір адамдар ұмытып кеткен сыңайлы.
Тәрбиеге әсер беретін өскен орта, ата-ананың тәрбиесі дұрыс болмаса, жаман әсерлер адамды азғырып, түрлі жаман мінезді жұқтырады.
Отбасындағы ата-ананың мінез құлқы – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны.
Нашақорлық, шылымға, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді.
Бала өзіне керекті рухани дүниенің барлығын қоршаған ортадан алады.
Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды.
Немістің ұлы ойшылы В. Гете серуенге шыққанда түрлі гүлдердің тұқымын алып шығып, гүл тұқымдарын сеуіп жүруді жақсы көрген екен. Оның жүрген жерлерінен мезгілі келгенде керемет гүлдер өсіп шығатын. Сұлулық, әсемдік әлемі байыды. Сол сияқты дүниеде зорлық-зомбылық болмаса адам өмірі, адамзат дүниесі сұлу да әсем бола бермек.