Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы
Тілеубай Сәния Өскенбайқызы
Ұстаз — даналық диханшысы. Даналық дәнін егетін қызметтің сауабы да мол, қызметтің нығметі “ барды бағалай білгенде” арта түседі. Әр ұстаз қызмет жолында әртүрлі қарым-қабілеті бар, сан түрлі әріптестермен жолығысары белгілі.
Мен үшін қызмет барысында Р.Б.Нұртазина, Қ.Бітібаева, А.Т. Миразова сынды майталман ұстаздармен жолығу — теңдессіз бақыт болса, биылғы жылы 30 жылдығын атап өткен 163 мектеп-лицейде 2000-2008 жылдар аралығында жұмыс жасау — үлкен өсу мектебі болғаны рас . №163 мектеп-лицейдің тарихы төреңде. 1964-1994 жылдары № 8 ойлау қабілеті төмен балалардың мектеп- интернаты болып, 1994 жылы Алматы қаласы әкімінің бұйрығымен №163 қазақ орта мектебі болып ашылған аталмыш орда — Алматыдағы мерейлі мектептердің бірі.
30 жылдық тарихында 2000 және 2014 жылдары күрделі жөндеуден өтіп, оқу кабинеттері жаңаша үлгіде жабдықталып, ерекше безендірілген. 2006 жылы ІІ республикалық «Білім ұясы» конкурсында “Авторлық бағдарламаны және инновациялық педагогикалық технологияны тиімді іске асыру” номинациясының жеңімпазы атанып, сол кездегі қала әкімі Иманғали аға Тасмағамбетовтың қолынан жүлде алған сәт, күні кешегідей көз алдымда. Халықаралық, республикалық олимпиада жүлдегерлерін баптаған химия пәнінің ұстаздары Қ.Ә.Дүйсебаевқа, Қ.Нармановаға ыстық ықыласым ерекше.
Менің ұстаздықтан басшылық қызметке дейін көтерілуіме себепкер болған да — осы білім ордасы. 1994-2000 жылдарда Т.Е.Дәуметтен кейін басшылық қызметтің тізгінін ұстау бұйырып, Алматы қаласының білім беру жүйесіне барынша үлес қосуға тырыстық. Сол кездерде кезіккен кедергілерді қатар жүріп, еңсеруде қолдау көрсеткен білім ошағының қызметкерлері мен барша ұстаздарына, А.Ж.Ерғазина, К. Қадырқызы, А.Хамзина, Ж. Жалдыбаева, С.Юлдашбаев, Н.Базылжан, Гүлжаһан, Күлзипә, Бақыт, Тоқан, Ғалымгүл, Қамария, Гүлназ, Ләззат, Баянбек, Артур аға-сіңілі, апаларыма, С.Алғазы, А.Оханова, А.Құниязова, А.Жанайбекова, Г.Құмарбековаларға, сол жылдары Медеу ауданы білім бөлімін басқарған Ольга Ивановна Хоменкоға айтар алғысым шексіз. Көре, біле, іздене, басқара жүріп, кәсіби дамитын директорлық қызметімнің де іргетасы осы мектепте қаланғанын ұмыту — мен үшін сын. Сол шақта қасымнан табылған жанашыр жандарға алғыстымын. Менен кейін басшылық жасаған А.Д. Дауренбекованың да мектеп-лицейдің гүлденуіне қосқан үлесі зор.
Күні кеше ғана білім ордасының 30 жылдық мерейтойының куәгері болып қайттым. Дарынды шәкірттердің тамаша концертінде талантты мұғалімдерді көріп, көз тойды. Әнін де, биін де, көркем сөзін де, қойылымын да мерейтоймен үйлестіре, үндестіре көрсеткен аталмыш мектептің “жұлдызды сәтін” көрдім. Мектеп-лицейдің қазіргі директоры Абдикашева Индира Сатыбалдықызының құттықтау сөзі жан тебірентті, өткен тарих көз алдыма елес беріп, сол кездегі мектеп тарихына шолу жасап, шүкірлік етіп, көзге жас алдым.
Мектеп-лицейдің дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздармен, сан тарапқа қызмет ауыстырып кеткен әріптестермен жүздесіп бір марқайып қалдық. Еліміздегі әр білім мекемесі дәл осылай құлпырып, гүлденсе, өткенге өкініш болмай, болашаққа сенім нығаяры хақ.
Ұлттық құндылықты ту етіп, білім жолында талай белестерді бағындырған қасиетті білім ошағының барша ұстаздарын мерейтойымен шын жүректен құттықтап, “тарихи тамыры тереңге бойлаған, ғасыр мектебіне айналсын!” деп тілек білдіргім келеді. Гүлдене бер, ұстаздықпен қатар, басшылық та қолтаңбам бар, алтын ұя! Сенің тек мерейлі сәттеріңнің куәсі болайық!