Home » Мақалалар » Отбасындағы қарым-қатынастың – бала тәрбиесіне әсері

Отбасындағы қарым-қатынастың – бала тәрбиесіне әсері

Ахатберген Ақерке Мұқанқызы
Астана қаласы, №52 Еркетай

 балабақшасының тәрбиешісі

Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», — десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадамда. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.

Ата-асқар тау,

Ана – бауырдағы бұлақ,

Бала жағасындағы құрақ – деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың.

Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі.

Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар. Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:

Отбасы – шағын мемлекет, Мен – президент, сен – премьер, дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.

Отбасы — бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік

Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата — ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан — 2030» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң», «Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан — ақ өзіне тән киелі міндетін орындау, ата-ананың тәрбиесі қалыпқа түсті.

Отбасының бала тәрбиесіндегі ролі зор.

— бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға қарағанда ең басым болып келуі;

— өркениетті, зайырлы, құқықты қоғамның азаматын тәрбиелеуде отбасы мемлекеттің негізгі буыны;

— отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырмайтын басты тірек – арқауы;

— отбасы – жеке тұлғаны әлеуметтендіру міндетін жүзеге асырушы. Ол болашақ жас азаматтың дене жетілеуіне, шынығуына, рухани және адами дамуына, ең құнды жалпы адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға, еңбек ету дағдысын тәрбиелеуге ықпал жасаушы;

— отбасы бала тәрбиесінде адамзат қоғамның тарихындағы ғасырлар сынынан мүдірмей өткен ұлттық дәстүрлі жалғастырушы;

— отбасының әлеуметтік міндеттерінің өзегі тәуелсіздікке ие болған Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңдарын құрметтеуші, елжанды азамат тәрбиелеу;

— отбасы баланың мамандықты еркін және саналы таңдауына ықпал жасаушы;

— отбасы өзінің ұрпағын болашақ отбасылық өмірге дайындаушы.

Баланың шыр етіп өмірге келуі-зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні,отбасының шаттығы, Аллахтың берген сыйы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан.

Мемлекетіміз бен Үкіметіміз өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту мәселесіне шексіз қамқорлық жасап келеді. Тәрбие жұмысын жүргізу — қиын да күрделі іс. «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлаудан басталады. Себебі, ата-анасын сыйламаған бала жолдасына да, қоғамға да пайда келтіре алмайды» деген қазақтың белгілі ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсариннің ата-ананың бала тәрбиесіндегі атқаратын рөлін айрықша атап көрсеткен бұл сөзі бүгінде өз мән-маңызын әлі күнге дейін жойған жоқ. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланы бірге тәрбиелейді.

Ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Дана Абай бабамыз қазақ әйелінің, ананың отбасындағы орнын ерекше жырлайды. Жалпы, «адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» – деген ғұламалық ойды тарата келе, осы қасиеттің міндетті түрде тәрбиеленуі туралы айтады.

Отбасынадағы тәрбиенің ең дұрысы– баланы еңбекке баулу. Ол – адамдық кемелденудің негізі. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды: отбасындағы да, қоғамдық ортадағы да тәрбиеде балаларды еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тәрбиелеу басты нысана болуы тиіс.

Ата-ананың ең үлкен міндеттерінің бірі — мұсылман үмбеті деген атқа лайық иманды перзент тәрбиелеу.

Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Міне, сондықтан да:

«Ана – үйдің берекесі,

Бала үйдің – мерекесі.

Бұтағымен ағаш сымбатты,

Ұрпағымен адам қымбатты.

Бала болсаң балғындай бол.

Айналаңа қорғандай бол»

-деген қағиданы берік ұстаған ата-бабаларымыз өз ұрпағын адам – деген атаққа лайық етіп өсіруді мақсат еткен.

Қорытынды

Отбасы қарым — қатынасындағы қуатты күшке ие көзге көрінбейтін ықпал, әсер дегенді бала ақылымен пайымдай алмаса да, сезініп түйсінеді. Ер бала болсын, қыз бала болсын әке — шешесі не істесе де оған үлгі, өнеге, содан үйренеді, көргенін бірде болмаса, бірде қайталайды. Баланың балғын ойы мен сенімі — алдында ең беделді тұлға әке, әлеуетті, ақылды, білімдар әке. Ендеше бала тәрбиесінде «ұсақ — түйек» деп атап, мән бермей қалдыра салатын ешнәрсе жоқ және еш қателесуге қақымыз да жоқ. Бала — әр отбасының бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.