Home » Мақалалар » ӘЛЕМДІК СТАНДАРТҚА САЙ ЖАҢА БІЛІМ БЕРУ – ҰСТАЗҒА МІНДЕТ

ӘЛЕМДІК СТАНДАРТҚА САЙ ЖАҢА БІЛІМ БЕРУ – ҰСТАЗҒА МІНДЕТ

Скакова Биби Арғынбайқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы
бойынша ПҚ БАИ білім беру процесін
психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының
аға оқытушысы, Тараз қаласы

 

Қазіргі кезеңде Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл жайт педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр, атап айтқанда: бүгінгі күні білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Сонымен қатар еліміздің Президенті Қ.-Ж.Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегі күнгі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауының «Қолжетімді әрі сапалы білім» бөлімінде: «Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек», — деп атап көрсетті. Сондықтан да білім беру саласы қызметкерлерінің алдында қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Сонымен қатар қазіргі уақытта әлемде қалыптасқан төтенже жағдаймен байланысты қашықтан білім беру режимі енгізілген уақытта қашықтан оқыту бойынша курстарға қатысу талабы туындады. Соған байланысты, педагогтеріміз осы кезеңде де қол қусырып отырмастан, «Өрлеу» БАҰО қашықтықтан оқыту бойынша ұйымдастырған курстарға қатысып, заман талабына сай онлайн оқытудың қыр-сырын үйреніп, онлайн әлемінің заңдылықтары мен ережелерін бағындырды.

Бүгінгі әлемдік пандемия жағдайында педгогтерге оқушыларына қызықты да креативті білім берумен қатар, оқыту процесін онлайн форматта ұйымдастыруға тура келді. ZOOM платформасында оқу процесін ұйымдастыру мұғалімге, ата-анаға, оқушыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Оның үстіне Президент жоғарыда айтылған Жолдауында «Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет» деген міндетті қойды. Осы ретте «Өрлеу» БАҰО қашықтан оқыту форматында сабақты ұйымдастыру мен өткізуге қолдау көрсету мақсатында оқыту мен сабақ берудің негізгі тәсілдерін қашықтан оқытуға икемдеуде көптеген курстарды өткізді. Сонымен қатар педагогтер үшін бастауыш және орта мектептің оқу пәндерінен 2020-2021 оқу жылының І тоқсаны бойынша қазақ және орыс тілдерінде сандық білім беру ресурстарын әзірледі. Бұл ресурстар YouTube-тегі «Өрлеу білім беру» арнасында орналастырылды. Осы дайындалған сабақтар қашықтан оқыту жағдайында мұғалімдерге жаңа тақырыпты зерделеу бойынша оқушылардың оқуын тиімді ұйымдастыруға, өткен материалды қайталауға, оқушылардың өзін-өзі тексеруіне мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Мұғалім – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Ал қазіргі өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктілігі жоғары, нарық жағдайына бейімделген болуы тиіс. Сондықтан мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі. Осы айтылғандарды жинақтай келіп, жаңа формация мұғалімі – рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік, әлеуметтік-тұлғалық, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға болуы керек деген тұжырым жасауға болады.

Білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі. Егеменді еліміздің тағдыры, жас ұрпақтың болашағы бүгінгі ұстаздың қолында. Қазіргі даму кезіндегі білім беру жүйесінің алдында өсіп келе жатқан жеке тұлға дарынды, дүниетанымдық қабілеті жоғары, өнерлі, ізденімпаз, тапқыр, талантты, өз алдына мақсат қоя білетін, оны орындай алатын, мақсатына жете білетін шәкірттерді дайындау және тәрбиелеу міндетін шешу жолдарын қарастыру тұр, ал жеке тұлғаны дамытып, қалыптастыратын – мұғалім. Сондықтан да қазіргі мектепке шығармашылық ізденіс қабілеті дамыған, жаңа педагогикалық технологияларды жете меңгерген, мамандық шеберлігі қалыптасқан мұғалімдер қажет. Ол бір мезетте әрі педагог, әрі психолог, әрі оқу үрдісін ұйымдастырушы технолог-ұстаз бола білуі керек.

Бүгінгі таңда білім берудің озық технологияларын меңгермейінше, сауатты әрі жан-жақты маман болу мүмкін емес. Ол үшін оқыту мен білім берудегі жаңалықтарды жылдам қабылдап, оларды практикада қолдануда үлкен белсенділік таныту – әрбір мұғалімнің міндеті. Қазіргі  білім  беру саласындағы басты міндет – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын  жаңашыл мұғалім бола білу. Ағылшын  ағартушысы  Уильям  Уорд:  «Жай  мұғалім хабарлайды.  Жақсы  мұғалім  түсіндіреді.  Керемет  мұғалім  көрсетеді,  ұлы мұғалім  шабыттандырады», -дейді. Сондықтан ХХІ ғасырдың білім шамшырағын сөндірмей, еліміздің болашағы жас ұрпаққа саналы да сапалы тәрбие мен білім беру – әрбір ұстаздың парызы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.