КЕШЕ, БҮГІН және БОЛАШАҚ. Бұл – Алматы қаласындағы Білім басқармасына қарасты №83 бөбекжай-балабақшасының басты бағдары. КЕШЕгі ата-баба жолымен, дәстүрімен, ұлттық құндылығымен БҮГІНгі ұрпақ бойына нәр беріп, БОЛАШАҚқа аттандырып отырған тәрбие ошағы 50 жылға жуық балаларды тәрбиелеп келеді. Алматыдағы ірі ауданның бірі – Бостандық ауданындағы білім мен тәрбиеге қатысты ауқымды басқосулардың осы балабақша базасында өтуі де тегін емес. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы №192 бұйрығына сәйкес озық педагогикалық тәжірибені тарату мен енгізу бойынша құзіреттілік орталық болып құрылып, тәжірибе алмасу алаңына айналып отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастыратын семинарлар да аталмыш балабақшада өтіп, тәрбиешілер мен мұғалімдердің білімін жетілдіруге, өзін-өзі дамуға үлкен ықпалын тигізуде. Озық, дамыған елдердің бала тәрбиесіндегі жаңаша әдіс-тәсілдерін дәстүрлі қазақ ұстанымымен сәйкестендіріп, байланыстырып келе жатқан ұжымның оза шабуы білікті де білімді басшыға байланысты десек артық айтқандығымыз емес. 12 жылдан бері осы балабақша тізгінін ұстап, ұрпақ тәрбиесіне ұлтжандылығымен берілген Рахимова Күлғайша Адылханқызы келер ұрпақтың саналы да парасатты ғана емес сондай-ақ елін, жерін, тілін, дәстүрін сүйетін патриот болып өсуі басты мақсат дейді.
- Иә, «Тәрбие басы — талбесік» деген қарапайым қағидат қазақпен біте қайнасып келеді. Дегенмен отбасынан бөлек балабақшада, мектепте бала ұлтының ұлы мұрасын біліп өсуі керек. Қазақ-орыс тілді мекеме болғанымызбен біз мемлекеттік тілге басымдық береміз және оны жасырмаймыз. Әр аптаның сәрсенбі, бейсенбі күнін «Қазақ тілі» күні деп жарияладық. Ол күні бала да, тәрбиеші де, техқызметкерлер де, баршасы бір-біріне қазақша амандасып, тұрмыстық сұрақтарға қазақ тілінде жауап береді.. Және де сол күні қазақша бешпет, камзол немесе ұлттық әшекей сияқты қазақ элементтерін киіп, мазмұнын арттырады. Алматы үлкен мегаполис, ұлттар мен ұлыс өкілдері көптеп қоныстанып жатыр. Осындай жаһандану ағымында жұтылып кетпеу үшін ұлттық құндылығын әркім өзінен, өз айналасынан бастаса, ұтарымыз көп болар еді, — дейді білгір басшы бізбен әңгімесінде. Балабақша ішіне саяхат жасап, психологиялық, сенсорлық, спорттық, ұлтаралық татулық кабинеттерін аралап көру барысында біздің де көзіміз жетті. Әсіресе қазақ тілі кабинетінің ұлттық ойындармен, ән-күймен, дәстүрмен жабдықталуы көзбен көрген баланың санасына жаттала беруіне үлкен септігін тигізері анық.
Балабақшаның басты ерекшелігі Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылған «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты ауқымды іс-шарада айқын көрініс тапты. Мемлекеттік гимнмен ашылып, балабақша меңгерушісі Күлғайша Адылханқызының құттықтау сөзінен кейін балдырғандардың әсем әні мен сәнді биі ерекше жарасым тапты. «Қарлығаш», «Родничок», «Балапан», «Смешарики» тобының бүлдіршіндері бар өнерлерін ортаға салды. Тәрбиеші апайларының көмегімен дайындалып, көрсетсе де жалындаған көздері мен талпыныстарынан бар ілтипаттары көрініп тұрды. Тіл туралы тақпақтарын жатқа айтып, ата-аналарының ризашылығына бөленді. «Тілі басқа болса да тілегі бір, жыры басқа болса да жүрегі бір» балалар қазақ тілінде ғана ән салып, тақпақ оқып қоймай, өзге ұлт өкілдерінің өнерін де өз деңгейінде орындап шықты. Өзбек, орыс, украин, кавказ, араб, татар, корей ұлтының биінен попурри қойған бишілерге сүйсінбеген көрермен қалмады. Республикалық байқауларда топ жарып жүрген талантты өнерпаз Дарияның ән орындауы кеш шырайын аша түсті.
Кеш жүргізушілері Шарипова Арай Балыққызы мен Колесникова Бақытгүл Қанатқызы («Родничок» тобының тәрбиешісі) әр топты, әр бүлдіршінді ықыласпен ортаға шақырып, нағыз тәрбиеші екендіктерін байқатты. Іс-шараның өз деңгейінде өтуіне белсене атсалысқан музыка жетекшісі Нұрғалиев Бауыржан Ахметқалиұлы, хареограф Кадырова Нуригуль Каримқызының еңбегін айтпай кетуге болмас. Әр топтың жетекшілері де балдырғандарына қолдау танытып, басы-қасында жүрді. Құсайынова Ләззат Касмалиқызы («Қарлығаш» тобы), Ашимова Шахаризада Шаданқызы («Балапан» тобы), Моисеева Елена Михайловна («Смешарики» тобы) мен тәрбиешілер Калия Нұрсыдыққызы, Зайтуна Тұрсынқызының еңбектері орасан.
Балалардың тіл туралы білімдерін тереңдетіп, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталған кеште баласының өнерін, тәрбиешілердің жаңашылдығын тамашалаған ата-ана риза көңілмен тарқасты.
Алматы қаласы
«Білім айнасы»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ