Мыңбай Кәусар
Шымкент қаласы
А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның
7- сынып оқушысы
«Ұшқан ұя» шығармасы – ұрпақ қазынасы
Әже бейнесі – біздің бүгініміз бен ертеңіміздің, ұлттық болмысымыздың халықтық дәстүрге, тәрбиеге сай болуы жолындағы басты тұлға. Ұлттық тәрбиеде ғалымдар әженің бауырында өсіп, тәрбиеленген, есейген баланың көпшіл, кез-келген ортада өз ойын ашық жеткізе алатын батыл, өзіндік пікірі бар еркін адам болып өсетінін айтады. «Тәрбие тал бесіктен басталатындықтан», ең алғашқы тәрбиенің дәнін себушілер – отбасы мүшелері, ата-анасы, әжесі. Үйдің үлкендері, атасы мен әже бейнесі – біздің ұлттық сипатымыздың бабамыздан мирас болып келе жатқан халықтық дәстүрге, тәрбиеге сай болуы жолындағы басты тұлғалар. Бүгінгі балалардың салт-дәстүрді білмеуі, ата-ана алдындағы перзенттік парызды сезіне алмайтын жан дүниесі таязданып, қатыгез болып бара жатқаны дәл осындай тәрбиенің рөлі бәсеңдеп бара жатқанынан болса керек.
Қазақ халқы әрқашан өзінің тектілігімен, тәлім-тәрбиесімен ерекшеленетін. Үлкен кішіге ізет көрсетсе, кіші үлкенге құрмет көрсеткен. Әжелер – «Өз балаңды өскенше, немерені өлгенше бағасың» деген ұстаныммен өмір сүрген халық. Өмірден түйгені көп әжелер немересіне ертегі айту арқылы қиялын дамытып, елін сүюге баулитын.
Бауыржан ата «Ұшқан ұя» әңгімесінде өзінің елтануының әже ертегісі, қиссаларынан бастау алғанын тілге тиек етеді. Жазушының әжесі – қазақы дәстүрді ұстанатын, аузынан ертегісі, айналайыны түспейтін, текемет тоқып, кимешек киетін, бойы ақыл мен парасатқа тұнған асыл адам. «Сонда ғой, әжемнің бәрімізді отырғызып, ыстық күлше үлестіргені. Сөйтіп өзі ортаға отырып алып, әдемі аңыз айтып еді-ау! Бала Бауыржан «Жыл басына аңдардың таласуы» ертегісін тұңғыш рет әжесінің аузынан естіп, жыл басы неліктен тышқаннан басталатынын білгенін жеткізеді. «Әжем малдың «тілін» ұғуды үйретуші еді. «Қозы маңырайды, бұзау мөңірейді, құлын кісінейді, бота көзі мөлдіреп аңсайды, қодық ақырады… . Әжем маған зұлым қасқыр, жымысқы түлкі, дәрменсіз қоян, сүйкімді құс, сұрапыл сұңқар жайлы ертегілер айтатын…».
«Әже баласы» деген атаққа ие болған немере жанұяда ерекше сый-құрметке ие. «Әже баласының» көңіліне қарап, еркелетіп қараған үлкендер жағы айтқанын екі етпеген. Неге десеңіз, отбасындағы басты адам – әже. Ал әже баласының айтқаны қашанда заң. Дегенмен қанша еміренсе де, есер тәрбие бермей, даналығымен есті баланы тәрбиелей білген.
Қазақы отбасында сондай-ақ әкенің орны зор. Алыстағы балалық шағын еске алған жауынгер жазушы бірде киіз үйде отырған игі жақсылармен амандаспай, кіре берген жерінен әкесі тоқтатып, үлкендерге сәлем бермегеніне реніш білдіреді. Бала Бауыржан үйге қайта кіріп, сәлем береді. Тағылымы мол әке: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сөйтеді», – деп орынды ескерту жасайды. Тағы бірде «Әкем маған ата-тегіміздің аты-жөнін үйретуші еді», – деп еске алады әкесі туралы Бауыржан ата.
— Кімнің баласысың? — деп сұрайтын ол.
— Мен Момыштың ұлымын.
— Момыш кімнің баласы?
— Момыш – Имаштың баласы.
Осылайша жеті атаға дейін жетелеп отырып санатады. Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Елтанудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген». Біздер бүгінде қазақ тілі сабағында арнайы жеті ата туралы мәлімет алып, арнайы қарастырамыз. Мені сүйсінткені үйге келген әр қонақтың баланың елтануын, руының тарихын, ата-бабасын сұрау арқылы да ұлттық тәрбиені күн сайын бойына сіңіре бергендігі.
Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі – халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы секілді қазақ руханиятының қазынасы деп атауға лайық туынды. Ұлттық ерекшелігіміз, қонақжай мінезіміз, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл сипатымыз, бабамыздан мирас болып келе жатқан құндылықтарымыз сақталу үшін «Ұшқан ұя» секілді шығармаларымызды дәріптей білейік! Нағыз қазақы отбасында әже, ата, әке, ана, бауырлары – барлығы бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, ұлттық құндылықтармен сусындап, елінің ертеңі болатын азаматтарды тәрбиелеп шығуға барын салса, еліміздің іргесі нық болары сөзсіз.