Медетбекова Гульшат Онланбеккызы,
Тараз қаласы
Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ директоры,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ барлық облыстардағы филиалдарының педагогикалық ұжымы 10 тамыздан ата-аналар мен оқушыларға бірінші тоқсандағы қашықтан оқытудың шарттары мен сипаттамаларын, оқыту қорлары мен құралдарын кеңінен түсіндіру бойынша вебинарларды бастап кетті.
Оқытудың жаңа форматына көшу жағдайында мектеп оқушыларының ата-аналарының көкейінде көптеген сұрақтарды туындауы заңдылық. Елімізде миллиондаған балалар мен олардың ата-аналары қашықтан оқыту жағдайында өз бетінше білімді қалай игеру керек және қажетті материалды қайдан табуға болады деген мәселелермен бетпе-бет келді. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ тамыз айының 10-нан бастап педагогтер, ата-аналар мен оқушыларға қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндіру, кеңес беру, қолдау көрсету мақсатында Zoom платформасында оқыту вебинарларын бастады.
Вебинарларды Жамбыл – «Өрлеу» филиалының тәжірибелі тренерлері: P&D докторы, инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Эльмира Мирзалиева, оқу жұмысы және мониторингтік қызмет бөлімінің бас маманы Қарлыгаш Бектурганова, білім беру процесін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушысы Зере Смаилова, мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті білім беру кафедрасының аға оқытушысы Назира Абдикеримова «Орта білім беру ұйымдарының педагогтері үшін қашықтықтан оқытылатын сабақтарды ұйымдастыруға және өткізуге арналған әдістемелік ұсынымдар» және «Ата-аналар мен оқушылар үшін қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру» тақырыбында өткізуде.
Вебинарлар барысында қашықтан оқыту жағдайында оқу процесін тиімді ұйымдастыру және жоспарлау үшін оқушыларға ата-аналар тарапынан қолдау мен психологиялық сүйемелдеудің қажеттілігі мен маңыздылығы түсіндірілді. Қашықтан оқу кезінде бала оқуға деген ерекше ынтаны қажет етеді. Себебі, оның жанында қадағалап, бағыт беріп тұратын мұғалім жоқ, бірақ ата-анасы оның жанында, сондықтан жаңа жағдайда білім беру процесін сүйемелдеуде маңызды рөл ата-аналарға жүктеледі.
Сол себептен вебинарлар барысында ата-аналар үшін қашықтан оқыту кезінде оқушының жұмыс орнын және күн тәртібін ұйымдастыру, компьютермен және интернет желісімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікті ұйымдастыру, оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, қашықтан оқыту кезінде балаларды психологиялық сүйемелдеу, интернет желісінде балалардың жұмысын ата-аналық бақылау ережелері бойынша ұсыныстар берілуде. Ал оқушылар үшін: «Мен және менің күн тәртібім», «Интернетте жұмыс істеу ережелері», «Гигиенаның қарапайым ережелері» және «Сергіту сәті және денсаулық» тақырыптары аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кеңестер берілді. Вебинарларға мұғалімдер, ата-аналар белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тренерлер тарапынан жауаптар алуда. Осылайша екі жақты тығыз байланыс орнауда.
Ал осы вебинарлардың ұйымдастырылуы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ашықтық саясатын іске асыру және халықпен тығыз байланыс орнату, балалар мен мұғалімдердің денсаулығын сақтау және білім берудің тиімділігін арттыру шараларын іске асыруға негізделген бағыт деп қабылдануы тиіс.
Ата-аналар мен оқушыларға оқытудың жаңа форматы жағдайындағы қолдауға байланысты тағы бір шара – вебинарларға қосыла алмағандар үшін «Өрлеу» БАҰО (Instagram, Facebook) әлеуметтік желілерінде және «Өрлеу» БАҰО» АҚ «YouTube» білім беру арнасында кез келген уақытта қолжетімді бейнематериалдар орналастырылды.
Қашықтан оқу баланың өз бетімен оқуын, өзін-өзі жетілдіруін, сыни ойлауын дамытуға ықпал етеді. Осындай сын сағатта мұғалімдер, ата-аналар – бәріміз балалармен бірге болайық, оларға қолдау көрсетейік!