Алаш қайраткері Мыржақып Дулатұлының
1924 жылы Ташкент қаласында шығып
тұрған «Ақ жол» газетінің №386 жарық көрген мақаласы
Абдикулова Жанат Жанбырбаевна
Россиялық Одақтас мемлекеттердің әскерлік кеңесі Түркістан республикасында ұлт әскерін құру туралы қарар шығарып, Түркістан фронтының әскерлік төңкеріс кеңесі жанында ұлт әскерлік бөлімі ашылсын деп бұйрық жіберді.
Әскер бастықтарын даярлау үшін алдымен командирлер курсы ашылмақшы
(«Ақ жол» № 378.)
Сүйінші хабар!
Бірақ, бұған кім сүйінеді, һәм кім сүйінуге тиіс?
-Бұл хабарға алдымен саналы азамат, саңлаулы, ел адамдары ғана сүйінеді. Ұлт әскері ұлт қорғаны екені түсінетіндер ғана сүйінеді. Дұрысында бұған неше ғасыр бойы ұлы орыстың отаршылдығанан отыр. Қара жүзді хүкіметтің зұлымдығынан, дүние жихангерлерінің тепкісінен қорлық көрген езілген ұлттар, езілген ұлт азаматтары түгел сүйінуге керек еді. Біз қазір бұл хабар шығысымен қазақ-қырғыз бірі қалмай қуанышы қойнына симастай болады деп ойламаймыз. Өйткені, қазақ-қырғыз еңбекшілері бұрынғыға қарағанда көп ашынғаны, ұлт сезімі, тап сезімі күшейгені рас болса да, әлі надандықтан құтылып жетпеуі себепті. Көпшілікке ондай сана тегіс кіріп жеткен жоқ. Сондықтан, әскерлік мәселесін жүзеге асырмақ болғанда, күн ілгері соқырға таяқ ұстатқандай қылып жалпыға түсіндіру, әскер құру ережесін шеберлікпен қолдану қажет. Ұлт әскері құрылғанда халық баласын заңға құл болғандықтан ғана бермесін, ұлт әскерінің мәнісіне, пайдасына түсініп шын ықыласымен беретін болсын.
Закон бойынша бұрын патша хүкіметінің әскер бойынша орыстың қара шаруасы баласын берген. Бірақ, амалсыздан, қорыққаннан берген. Ол заманның солдаты, бастықтары біреуді «Ат!» десе ататын болған, «Шап!» десе шабатын болған. Бұл «Қол ағашы мықты болса, киіз қазақ жерге кіреді» дегеннің дәл өзі еді. Ол кезде законның ызғарынан, тәртіптің қаталдығынан, надандықтың салдарынан айтқанға көніп, айдағанға жүре берген. Қазір де хүкімет бар: Хүкіметтің заңы бар. Бұл заңға бағынбай болмайды деп, ұлт әскерлігінің керектігіне түсінісбестен жұрт баласын шарасыздан беретін болса, ол уақытта мұндай жолмен құрылған ұлт әскері – ұлт қорғаны, еңбекшіл тап күзетшісі бола алмайды. Еңбекшіл таптың езілген ұлттың мүддесін көздеп, әскер құруға ерік беріп отырған кеңес хүкіметінің заңын орындау міндет екені рас. Сөзсіз орындау керек. Бірақ, түсініп орындау керек.
Бұрын патша хүкіметі қазақ-қырғыз, өзбек секілді «бұратана» жұрттардан неге әскер алмады? Аяды ма? Я өзге бір себебі болды ма? Алдымен осыны білу керек. Қазір кеңес хүкіметі ұлт әскері құрылсын деп отыр. Мұның мәнісі не? Осыны айыру керек.
Патша хүкіметі бұрын қазақтан, қазақ сияқты шеткі жұрттардан солдат алмауының саяси астары бар еді. Мұндай жұрттар Россияға жаңада бағынған, шарасыздан бағынған, ұрысшылдық, обырлық саясатымызға риза емес деп. Егер бұл жұрттар әскерлік өнерге үйренсе, қолына қару-жарақ алса, жауынгер болып кетіп, өткен еркіншілігін көксеп, бізге бас изеп құлдық ұрмайтын болады; хәлі келсе сыбайлас, Россияға жау жұрттармен күш біріктіріп, шенгелімізден шығып кетеді, арбауымызға көнбейді, айдауымызға жүрмейді деп, патша хүкіметі әдейі солдат алмайтын болған. Бұл айтып отырғанымыз әншейін оймен жүру емес, анығы осылай екендігін көрсетелік.
1917 жыл февраль төңкерісінде патша хүкіметі құлағаннан кейін хүкімет істері қолға алынып тексерілген. Сонда әскерлік министрінің істері арасынан патша хүкіметінің әскерлік мәселесі туралы құпия қарары шығып, сол кезде жарияланған.
Патша хүкіметінің әскерлік туралы құпия қарары мынау:
«….Қазақ халқы Россияға 1730 жылдан бермен қарай бағына бастады; Бұл бағынулары 100 жылға созылды; Алғашқы кезде орыс елшілерін өлтіре жаздады. Тұтқын қылып ұстап тұрды. Онан кейін неше жылдай қазақтың сұлтандары, қара халқы Россияға неше рет қыр көрсетіп, дұшпандығын білдіріп, орыс жеріне шабуыл жасап, барымта алып, мазаны кетірді. 1847 жыл ғана өлген Кеңесары Қасымұлы 19 ғасырдың 40 жылдарында қазақ халқын бөліп, өз алдына жұрт қылу үшін әскер жинап, қарсылық қылып, қазақ даласын толқындырды. Бірақ, қазақ халқы қолынан келмегендіктен ғана Россияға бағынып қалды. Қазақ халқының Россияға тыныш бағынғаны 19 ғасырдың 60-шы, һәм 70-ші жылдары Самархан, Қоқан, Бұхара, Қиуа хандықтары алынғаннан кейін, бағынбаймын деген қазақтың орыс хүкіметінен шығып кететін жері жоқ болды, сондықтан амалсыз бағынды…
Сондықтан, қазақ солдат болып әскер арасына кірсе, біздің дұшпандарымыз көбейеді. Қазақ жігіттері 3-4 жыл әскерлік қызметінде болғанымен, Россияға таза ниетімен қараушы бола қоймайды. Тек қару –жарақ ұстап үйренеді. Соның үшін қазақ секілді бұратаналармен әскерімізді былғағанымыз артық. Солдат болған қазаққа жауға шапқан әскердің көтерген туы қанша әсер берер дейсің. Біздің дініміз, һәм отанымыз қазаққа жат. Жат түгіл, дұшпан көреді. Қазақты әскерлік қызметіне алсақ, саясат жағынан өте сенімсіз болады. Сондықтан, Орта Азиядағы жұрттардың шын отан ұлы болатындығына көзіміз жетпей тұрып, оларды әскерлік қызметіне алуымыздың жөні жоқ. Қазақ бүкіл Россиядағы жұрттарға қарағанда көп болмаса да, Орта Азиядағы Хиуа, Бұхара мемлекеттерімен, һәм Қытай мұсылмандарымен көрші болғандықтан, сенуге болмайды.
Сөздің қысқасы Орта Азиядағы мұсылмандар осы күнгі күйде тұрғанда, көшпелі бұратана мұсылмандардан жыл сайын аздап болса да, әскер алып, қару-жарақ ұстауға үйрету саяси жағынан лайық емес.
Ал, Түркістан уәләятындағы қазақтарға келсек, жергілікті әкімдер оларды тәуір атайды. Соғыс қызметіне жарамды болар дейді, әсіресе Түрікпендерді мақтайды. Сөйтсе де Түркістан әкімдер, Орта Азияда пән исламизм пікірі жайылғандығынан, және де Түркістан халықтарының саяси жайы айырықша болғандықтан, қазақ, һәм өзге мұсылмандардан әскер алу мәселесіне өте сақтық қылу керек дейді.
Жоғарғы дәлелдердің бәрін еске алып, һәм уставты жаңадан қарағандағы басқа мекемелердің пікіріне сай соғыс министрлігі сақтық жүзінен, һәм мемлекет пайдасы үшін ыңғайлы уақыт келгенше, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, һәм Түркістан үйезіндегі бес облыстың қазағын (Ақмешіт, Шымкент, Әулие-Ата, Алматы, Ташкент) әскерлік қызметіне алуды кешіктіре тұруға қаулы қылады».
Міне, патша хүкіметінің бұрын қазақтан әскер алмай келуінің себебі осы тарихи документтен анық көрінсе керек, һәм толық түсінікті болса керек.
Еуропа соғысы кезінде неміс әскері патша хүкіметін жан алқымға алып састырғанда да, қазақ-қырғыздан тағы сондай бұратаналардан солдат алмай, оларға қару-жарақ беруден қорқып, қара жұмысқа малша айдау себебі осыдан көрініп тұр. Айдағаныма жүрмедің деп патша хүкіметі 1916 жыл не қылған, асқаны, атқаны, қан жылатқаны, бостұрғаны өзгенің есінен кетсе де, қазақ-қырғыз әлі ұмытпаған болар.
Енді кеңес хүкіметі Түркістанда ұлт әскерін құруға неге рұқсат беріп отыр?
-Кеңес хүкіметінің мақсаты езілген ұлттарды теңгеру өз тізгінін өзіне беріп, өзін-өзі қорғауға жол ашу. Сондықтан ұлт әскерін құруға ерік беріп отыр.
Шынында, бостандық, жұртшылық деген не нәрсе? Қағаз жүзінде ғана теңелдік дегенмен хүкіметіміз бар: Өз еркіміз өзімізде дегенмен шын бостандық, шын теңдік, шын жұртшылық табылама? Жоқ, онымен болмайды. Сол бостандығыңды, теңдігіңді жұртшылығыңды өзің қорғай алатын, өзің сақтай алатын болсаң, тағы біреуге құл болмау үшін қорғаның ұлт әскерің болса, сонда ғана теңелдім, жетілдім деуге болады. Қазақ-қырғыз өзін-өзі қорғайтын әскері жоқ кезде қандай кемшілік көргенін ақ келсе аққа бас ұрғаның, көк келсе көкке табынғаның, өткен- кеткеннің атының аяғы астында жаншылғанын еске түсіру керек ұмытпауы керек.
Енді, мынадай күшейуімізге ерік беріліп тұрғанда, жұртшылықты ойлап, еңбекшіл қазақ қырғыздың еңсесін көтеретін, елдігін сақтайтын, теңдігін қорғайтын ұлт әскерін құруға кірісуіміз керек. Ұлт әскері кеңес қорғаны екенін есімізден шығармай, ендігі ұранымыздың бірі осы болуы керек.