Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ел Президентінің Үндеуімен қашықтықтан оқуға көшкен сәттен бастап Оралдағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінде оқу үрдісі қашықтан жүргізілуде. Өзім осы оқу орнының 1-курс студентімін.
Қашықтан оқу барысы кедергісіз жүруде. Колледж тарапынан қашықтан кедергісіз білім алуымызға барлық жағдай жасалуда. Тапсырмалар «CLASSROOM», «ZOOM» платформалары және «WHATSAPP» әлеуметтік желісі арқылы жіберіледі. Әр пән бойынша ұстаздарымыз презентация, дәріс, кестелер, бейнематериалдардар жібереді.
Сонымен қатар күнделікті сабақтан бөлек тәрбие сағаттары ұйымдастырылады, оның әр алуан тақырыпта өтуіне топ жетекшіміз, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы Айымгүл Айтымбетова белсене атсалысуда. Соның ішінде салауатты өмір салты, құқықбұзушылықтың алдын алу, ерлік, отбасы құндылықтары сынды тақырыптар аясында тәлімді әңгімелер айтылып келеді. Мысалы, «Тәрбие бағыты – имани құндылық» атты тәрбие сағатында топ жетекшіміз Айымгүл Алтынбекқызы БҚО орталық мешітінің наиб имамы, теолог Наурыз Убаевтың тағылымды сұқбатын бейнематериал арқылы тыңдатты. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай «Ардагер ерлігі –ұрпаққа өнеге» атты бейнесабақ өткізіп, отансүйгіштік, ел мен жерге деген батырлар даңқы туралы мәліметтер берді.
Топ жетекшіміз ата-аналарымызбен де байланысқа шығып, әр студенттің сабаққа қатысуын қадағалап отырады. Қашықтан оқытудың алғашқы аптасында тобымызбен бірге «Кемел біліммен болашаққа біргеміз» ұранымен «Біз біргеміз» атты бейнеролик түсірдік.
Әрине, әр жағдай адам баласына өзінше әсерін тигізеді. Қашықтан оқудың да «әттеген-ай» дегізер тұстары жоқ емес. Колледжді, ұстаздарымызды, достарымызды сағындық. Тезірек елдегі індет біржола жойылып, бұрынғы қалыпты өмірге оралар күнді асыға күтіп жүрмін.
Оралбек Ерланұлы СЕРІКБАЙ,
Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің
«Электрмен қамтамасыз ету» мамандығының 1-курс студенті,
Орал қаласы, БҚО