Бүгінгі таңда біздің ұрпақтарымыз Ұлы Отан соғысы поэзиясына жүгінгенде адам жүрегінің нәзік қылын, көңіл жібін жанап өтетін соғыс жылдарындағы әндерден аттап өте алмайтыны жасырын емес. Олар – тарих қойнауында «жарамдылық мерзімі» нақтыланбай, жүрек түбінде мәңгі өмір сүріп жыл сайын асқақтай беретін әуендер десем қателеспеймін.
Қиыр шығыс ауыр кезеңдерді бастан өткерген қазақ, ұлт болып құрылғаннан бастап еліміздің төл музыкасы бірге дамыды. Өнер арқылы әдет-ғұрып, дәстүрлі салт-сана ұрпақтан ұрпаққа жетіп, көшпелі халқымыздың рухани тамырына айнала білді.
Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында да Қазақстан музыка өнерінің дамуына шектеу болған жоқ. Майдан кезінде еліміздің ірі қалаларына көшіп келген көрнекті орыс композиторлары, республикамыздың музыка өнеріне және дамуына өз үлестерін қосты. Соның ішінде Ю. Завадский секілді белгілі өнер мамандары Моссовет театрының Алматыға келуі театр және музыка өнерінің дамуына үлес жасады. Одан бөлек маң далада жетіліп, өнерді меңгеруге талпынған жастар үшін астанаға атақты композитор Проковьевтің келуі – республика көлемінде болған жас қанаттар үшін елеулі уақыт деп айтуға болады.
«Майдан» дегенде біз, сұрапыл соғыста ән шырқаған бұлбұл әншіміз Роза Бағланованы айтпай кете алмаймыз. Ауыр қантөгісі көп кезеңдерде ауыртпашылықтары есінен кетпей жүрген уақыттарда жауынгерлерге қуаныш сыйлауға тырысқан әртістер көп болғанын жасыра алмаймыз. Солардың бірі халық әртісі Роза Бағланова апамыз еді.
Алғашында Мәскеуге барған ол, 19 жасында өзі сұранып майдан даласына сұранады. Басты мақсат: Сұрапыл соғыста жандары жаншылып жаураған жауынгерлерді әнмен рухтандыру еді.
Оның концерттері кейде бомбаның даусымен қатар майдан шебінен бір жарым шақырым жерде өтетін. Өзі бір естеліктерінде: «Осылай ән айтып тұрған шағымда көзіме сынық ұшып келіп тиді. Мән бермедім. Сөйтсем қан сорғалап жатыр. Соның өзінде де ән айтып тұрдым», — дейді халық әртісі.
Және бірде «Соғыс кезінде не істемедік десеңізші. Медбикелер тапшы болған кезде жарақат алғандарды оқ жауып тұрған майданнан құтқардық. Арқамызда — автомат, қолымызда — күртеше-палатка. Менің аяғымның өлшемі 32, бірақ соғыс кезінде ондай аяқ киімқайдан болсын, 40-43 өлшемді етіктер киіп жүрдім. Аяғымды бәтеңкем түсіп қалмауы үшін бірнеше қайтара матамен орап алатынмын», — дейді қайсар әнші.
Роза апамыз соғыс кезіндегі сұмдық жағдайлар ешқашан естен кетпейтінін айтады.
Ұлы Отан соғысы жылдары бірқатар сағыныш әндерінің жазылуына түрткі болды. Сондай туындылардың бірі «Қайдасың, Рәшитім, қайдасың?!» әні. Тақырыбынан аңғарылатынындай із салмай кеткен ұлын іздеген ананың сөзінің әр шумағы «Қайдасың, Рәшитім, қайдасың?» жолдарымен аяқталып отырады. Ана көңілі өлді деуге қимай, хабарсыз кеткен ұлына: «Тілеймін сені, құлыным, Қайда жүрсең аман жүр», – деген сөздермен төменге түсетін бірқалыпты толқынды қозғалыспен интонациялық мұңды жеткізеді.
Тұжырымдай айтқанда бұл кезеңдегі қазақ композиторларының ән шығармашылығы жанрдың мазмұндық, стилистикалық тұрғыдан жаңаруға әкелді. Бейбітшілікті жырлаған, жеңіс туралы отты жырлар туған жерін қорғаған ұландарға арналған әндер, бүгінгі Қазақстан композиторларының шығармашылықтарында да кең орын алып келеді десем қателеспеймін
Тлебаева Гүлсара Байсейтқызы,
Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласы
Теңге ауылы
№ 14 – мектептің музыка пәні мұғалімі