Home » Айтарым бар » Қазақ әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және халық шығармашылығы

Қазақ әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және халық шығармашылығы

Кулжабаева Ляззат Амалбековна
№45 «Самұрық» балабақшасы» МКҚК
«Жібек жолы» тобының тәрбиешісі

Арт- терапия басым бағыттағы
Тақырыбы: «Қазақ әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және халық шығармашылығы» интелектуалды шығармашылық ойын.
Мақсат: Қазақ әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы балалардың білімін жетілдіру. Ой-өрістерін дамыту. Ұлттық ойындар арқылы салт-дәстүрді мақтанышпен құрметтеуге тәрбиелеу.
Балалар бүгінгі Ғажайып алаңға сендерді шақырамын.
Тау көтерген толағайдай қатысушыларымызды ғажайып алаңға шақырамын. Және де көрермендер орнымызға жайғасамыз. Ғажайып алаңда небір шытырман тапсырмалар сендерді күтіп тұр. Ал ғажайып алаң айналсын. Әр бала айналдырып, түскен суреттерге қарай балалар жауап береді.
Ұлттық оюларды атап берші?
Қошқар мүйіз, өркеш, қазмойын, қармақ, аққу.
Ойын: Ал енді жүннен (түрлі түсті мақталар) оюлар жасап, текеметті әшекейлеп жіберейік.
Қазақтың ұлттық тағамдарын ата?
Ет, бесбармақ, әсіп, наурыз көже, бауырсақ, сүт, шұбат, қымыз жент, құрт т.б.
Ұлттық киімдерді ата.
Сәукеле, шапан, мәсі, тақия, ішік, тон, кимешек, көйлек, қамзол
Жеті атаңды атап бер
Бала, әке, ата, үлкен ата, баба, түп ата, тек ата.
Жеті қазына
Ер жігіт, сұлу қыз, ілім-білім, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық.
Ұлттық аспаптарды атап бер.
Сырнай, сыбызғы, жетіген, домбыра, қобыз
Ұлттық ойындарды атап берші?
Қыз қуу, ханталапай, асық ату, арқантартыс, қол күрес, теңге алу, алтыбақан ләңгі тебу т.б.
Төрт түліктің пірін атап бер!
Жылқының пірі — Қамбар ата.
Түйе пірі — Ойсыл қара
Сиыр пірі — Зеңгі баба.
Қой атасы — Шопан ата.
Ребусты шеш.
Досы жоқ адам, тұзы жоқ адам.
Адам досымен мықты, ағаш тамырымен мықты.
Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
Әкеге қарап ұл өсер,
Шешеге қарап, қыз өсер.
Ағасы бардың- жағасы бар
Жеті рет өлшеп, бір рет кес.
Білім инемен құдық қазғандай.
Ұрлық түбі — қорлық.
Бірлік түбі — тірлік.
Үй жануарларын ата, олардың төлдерін атап бер
Жылқы төлі — құлын, сиыр төлі — бұзау, қой төлі — қошақан, ешкі төлі-лақ, түйе төлі-бота.
Жылқыға қатысты қандай ұлттық ойындарды білесіңдер?
Ат шабыс, көкпар, қыз қуу, теңге алу.
Енді осының ішінен ұлттық ойнымыз қыз қуу ойынын ойнап жіберейік. Ол үшін ойыншылар арасынан Алпамыстай алып  жігіт шықсын, көрермендер арасынан Қызжібектей қолдан намысты бермейтін қызымыз шықсын.
Ұлттық ойын: «Қыз қуу»
Балалар арасынан бір ер бала бір қызды (ағаш атпен) қуады. Бала қызға жетіп қолынан ұстаса, ол жеңіске жеткені. Кейде қызды 2 бала да қуады қай бала бұрын жетіп қыз қолын ұстаса сол бала жеңіске жетеді.
Тұрақты сөз тіркестері қандай мағына білдіреді?
Төбесі көкке жетті – қуанды
Ине шаншар жер жоқ — бос жер жоқ
Қой аузынан шөп алмас — момын, жуас
Төбе шашы тік тұрды — қорықты
Қабағынан қар жауды — ашуланды
Бетінен оты шықты — ұялды
Ит өлген жер — алыс
Мақалды жалғастыр.

  1. Шаш ал десе, … (бас алады)
  2. Жылы, жылы сөйлесең … (жылан інінен шығады)
  3. Айтылған сөз, … (атылған оқ)
  4. Жел болмаса, … (шөптің басы қимылдайды)
  5. Біреуге ор қазсаң … (өзің соған түсесің)

Тыйым сөздер
Құс ұясын бұзба.
Құсқа тас атпа.
Құс жұмыртқасын сындырма.
Малды теппе
Өтірік күлме, жылама, сөйлеме.
Бос бесікті тербетпе.
Суға түкірме.Нанды баспа.
Кісіге күлме.
Тырнағыңды тістеме.
Табалдырықта отырма, тұрма.
Баланың бетіне үрлеме.
Дастарханды баспа.
Жаңылтпаш айтып бер.
Ендеше кішкентай балапанымыздың тұсауын кесу дәстүрін көрсетіп жіберейік.
Ол үшін жолы ашық болсын деген ниетпен ақ жолды жаямыз, білімді болсын деп кітап, өнерлі болсын деп домбыра, мықты болсын деген ниетпен қамшыны қоямыз.
Ал енді баланың жібін ақ пен қара жіпті айналдырып, біреудің ала жібін аттамасын деген үмітпен баланың аяғына осы жіпті байлаймыз. Тұсау кесу  мәртебесін  беделді, ақылды, парасатты, шыншыл, мінезі көркем адамға кестіреді. Сол кісідей болып өссін деген ниетпен ырымдап кестірген.
Тұсау кескен кісіге орамал тон болмайды, жол болады деп орамал жапқан.
Баланың тұсауы кесілді, өмірі тәтті болсын деп  шашу шашылсын.
Рефлекция
Қасиетті қара домбыраның үнімен ұлттық би қимылдарын көрсетеміз.
Балалар шеңберде суреттерді  айналып жүреді, әуен қосылғанда тоқтаған суреттегіні би қимылымен көрсетеді. (Құс қанаты, гүл, жорға, қамшы, толқын, сырға, жүн сабау, киім тігу суреттері )
Ғажайып әлем арқылы ұлттық құндылықтарымызды бойымызға сіңіре отырып, салт-дәстүрімізді құрметтейтін қазақтың қара домалақ балалары көп болсын!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.