Қасымбекова Жанар Әмірбайқызы
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы
№140 гимназия» МКК-нің
бастауыш сынып мұғалімі
Мектеп қабырғасындағы әр бала — бір тұлға. Талантын дер кезінде анықтап, дарындылық қырын одан әрі ашу арқылы, біздер, мұғалімдер қауымы толағай табыстарға қол жеткізеріміз анық. Ең бастысы, дер шағында бала бойындағы ұшқынды байқауымыз қажет-ақ. Ол үшін баланың неге қызығатынына назар аударғанымыз абзал. Бұл білім ордасының білім берумен ғана шектелмейтінін, оқушылардың тұлғалық қабілетін шыңдауға да негіз болатын білдірсе керек.
Сынып жетекшісі ретінде мен оқушыларды топтастыруда олардың қызғушылығын ескердім. Қызығушылығын арнайы сауалнама алу арқылы анықтауға тырыстым. Мәселен, бір топ оқушылар ән айтуға, бір топ оқушылар билеуге, бір топ оқушылар жетіген тартуға, бір топ оқушылар домбыра тартуға, енді бірі сурет салуға, келесілері өлең жазуға, енді бір тобы мәнерлеп оқуға, зерттеушілікке, жазушылыққа бейім болып келеді. Осы орайда, ата-аналармен пікірлесу, кеңесу жұмыстары да жүзеге асты.
Бейімі мен қызығушылығына қарай төмендегідей шығармашылық топтар құрылды:
- «Құралай» би тобы;
- «Жетігеншілер» тобы;
- «Домбырашылар» тобы;
- «Алтын дауыс» әншілер тобы;
- «Көркемсөз» мәнерелеп оқушылар тобы;
- «Алтын қалам» жазушылыққа, өлең жазуға бейім оқушылар тобы;
- «Жас ғалым» зерттеушілер тобы;
- «Қылқалам» сурет салуға бейім оқушылар тобы;
- «Жас спортшылар» тобы;
- «Еріктілер» тобы.
Топта кемі 3-4 оқушыдан құралды. Әр топқа сабақ барысында қызығушылығына қарай тапсырма беруге тырыстым. Мәселен, бір ғана ана тілі сабағында Абай Құнанбаев шығармашылығымен танысуда 10 топ оқушыларына 10 түрлі тапсырма ұсынылды, әр топ тапсырма ортақ қызығушылығы бар оқушыларға бағыттала берілді. Сабақтан соң жиналып, әр топ өзінің жұмысын ортаға салып отырды, байқауларда олар бір-бірін тыңдап қана қоймай, шығармашылық тұрғыда шыңдалуда.
Қызығушылығына қарай топтастыра оқыту арқылы оқушылардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған аталмыш жұмыс түрі арқылы қандай нәтижеге қол жеткіздік деген сұраққа сынып ішінде шығармашылық шеберхана қалыптасты дер едім. Би өнерінің қыр-сырын меңгерген оқушыларымыз мектеп сахнасында түрлі тақырыпта өткен шараларда өз өнерлерін ортаға салса, жас спортшыларымыз талай аламанда бақ сынады. Мәнерлеп оқуда алдына жан салмайтын оқушыларымыз үлкен сахналарда өнерлерін паш етіп, жүлдегер атанды. Адам қиялының шексіздігін көрсететін өнер түрі сурет салу — ғажап өнер. Қылқаламмен қағаз бетіне түскен сурет арқылы көп нәрсені ұғуға болады. Өнер саласы болғандықтан суреттің нақты шекарасы жоқ, ол бір бағыттан екіншісіне ырғақты түрде өте береді. Түрлі тақырып аясында сурет салған оқушыларымыздың жұмысы топ жарып, талай конкурстарда жеңімпаз атанды. «Еріктілер» тобына жасақталған оқушылар түрлі: құстарға ұя жасау, сенбілік жасау, қарттар үйіне бару секілді қайырымдылық шараларды ұйымдастыруға ықпалдастық етті. Күміс көмей әншілеріміз бен күмбірлете күй ойнайтын күйшілеріміз, жетігеннің құлағында ойнайтын шәкірттеріміз де жеңімпаздар керуенінің көшбасында келеді.
«Әрбір бала — бір жұлдыз» деген ұстаныммен жұмыс жасайтын гимназия ұстаздары да аталған әдісті қолдануды үрдіске айналдырған.
І жартыжылдықта атқарған жұмыстар нәтижесін байқау мақсатында сыныпішілік «Дарындылар апталығы» өткізілді. Ортақ мақсатта қызғушылығы бір оқушылардың жұмыс жасауы көптеген жемісті жетістіктерге жол ашатындығына көз жеткіздік. Осы бағыттағы жұмыстарымыз одан әрі де жалғасын таба бермек.