Максутова Гулсана,
Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
3-курс студенті
Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын мектеп қабырғасындағы кезеңнің әр оқушы үшін маңызы ұшан-теңіз. Он бір жыл бойғы білімін айналдырған бір күннің ішінде сынақтан өткізу әр түлекке оңайға соқпасы анық. Бітірушілердің үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарының бірін осы ҰБТ деуге болады. Сондықтан әр түлектің бұл сынаққа бей-жай қарамағаны жөн. Жыл өткен сайын елімізде ҰБТ форматы жаңарып жатыр. 2021 жылға дейінгі түлектер ҰБТ-ны арнайы қағаз форматында тапсырса, аталған жылдан бастап, компьютерлік тестілеу жүйесіне ауысты. Сонымен қатар, осыған дейін таңдау пәнінің жалпы ұпайы 40, 45-ті құраған болса, осы жылдан бастап таңдау пән ұпайы-50. Оқушылар үшін бұл өзгеріс қолайлы болмақ. Қазіргі түлектерде ҰБТ-ны төрт рет тапсыру мүмкіндігі бар. Бұның артықшылығын айтпаса да түсінікті. Ал осы ескіден қалған атаумен айтқанда Ұлы Біркүндік Төңкеріске түлектер қалай дайындық жасайды? Артықшылықтары мен дайындықтағы кемшіліктерді талдайтын боламыз.
Ұлттық бірыңғай тестілеу студенттер үшін де, жалпы білім беру жүйесі үшін де бірқатар артықшылықтарға ие. Негізгі артықшылықтарының алғашқысына оқушылар арасындағы білім бағалауын стандарттауды жатқыза аламыз. Тест мектеп түлектері үшін бірыңғай бағалау жүйесін қамтамасыз етеді, бұл олардың дайындық деңгейін, осы күнге дейінгі алған білімдерін салыстыруға мүмкіндік береді. Екінші бір артықшылыққа оқушылардың уақыты пен ресурстарын үнемдеуді жатқызуға болады. Түлектерге әр түрлі оқу орындарына жеке қабылдау емтихандарын тапсырудың қажеті жоқ, жалпы шыққан ұпай саны арқылы өз оқу орнын таңдау мүмкіндігі бар. Бұл уақытты, ақшаны және күш-жігерді үнемдейді. Тағы бір артықшылығы бірыңғай тестілеу оқушыларды болашақ мамандығына бейім пәндерге дайындайды. Университет қабырғасына барғанда маманданған пәндерді оқу жеңіл болады. Бұл артықшылықтар білім беру жүйесін маңызды құралға айналдырады.
Алайда Ұлттық бірыңғай тестілеудің өзіндік артықшылықтарына қарамастан, дайындық барысында оқушылар бірқатар қателіктерді жіберіп жатады. Дайындық барысындағы стресті алғашқы қателіктердің бірі ретінде қарастыралық. «Грантқа түспей қалсам ше? Ата-анамның, бауырларымның үмітін қалай ақтаймын? Мына пәндерді қалай меңгеріп кете аламын?» Осы сияқты қорқыныштармен бала тіпті сынаққа дұрыс дайындала алмауы мүмкін. Алайда Абай атамыз айтқандай, еңбегің мен ақылың екі жақтаса, артық ойға, стресске берілудің керегі жоқ. Сондықтан, жас түлек, уайымға салынбай, осы екі нәрсені қатар алуға тырысып, алға ұмтылыңыздар. Екінші бір дайындықтағы қателік баланың болашақ маман иесі болуына да әсер етеді. Кей оқушылар ҰБТ кезінде оңай болсын деп, өзі жақсы меңгерген пәндерді таңдауы мүмкін. Болашақ мамандықты емес, пәнді таңдап қателеседі. «Осы пәндерді жақсы білемін ғой, грантқа түсіп кете аламын» деген ой келеді де, сөйтіп болашақта өзіне мүлдем бейтаныс маман иесі атануы мүмкін. Түлектерге айтар кеңесім: пәнді емес, өзіңізге ұнайтын мамандықты таңдаңыз, әйтпесе кейін бұл нәрсе өміріңіздегі «әттеген — айға» алып келуі мүмкін. Түлектердің ҰБТ дайындығындағы жіберетін қателіктерінің бірегейі — университеттер мен мамандықтардың шектеулі таңдауына мән бермеуі. Жоғары бәсекелестік және минималды баллға қойылатын талаптар бойынша оқу орнын таңдау кезіндегі шекті балл жыл сайын өзгеріп отырады. Бұны оқушылардың көбі түсіне бермейді. Былтырғы жылғы шекті баллға сеніп, биыл да сондай баллмен түсермін деп ойлайды. Құрметті түлектер, жыл сайын шекті балл оқушы санына, олардың жинаған ұпайларының ортақ көрсеткішіне байланысты ауысып отырады. Сондықтан алдыңғы жылғы шекті баллға минимум 10 балл қосып есептегеніңіз дұрыс болады.
Жоғары нәтижеге жетіп, грант иесі атанамын деген оқушы дайындық барысында біраз еңбектенгені абзал. Қазір де түлектер сондай қызу дайындық үстінде. Жақында ғана оқушылардың нағыз бірыңғай тестілеуге дайындығын тексерудің алғашқы сынағы қаңтар ҰБТ-сы өткен болатын. ҰТО соңғы мәліметі бойынша 134 мыңға жуық адам қаңтар айындағы ҰБТ-да өз бағын сынаған. Түлектердің 77,5% — ға жуығы шекті баллды жинаса, орташа балл 69-ды құраған. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинаған. Ең жоғары балл – 137. Осы байқау сынағынан жоғары 137 балл иемденген оқушы Аида Райсбековамен тілдескен болатынбыз.
- Аида, бірыңғай тестілеуден жоғары балл алыпсыз, сізді шын жүректен құттықтаймын. Осы сынаққа кірер алдындағы сезіміңіз қандай болды? Қорқыныш болды ма, әлде өзіңізге сенімді болып кірдіңіз бе?
- Рақмет! Әрине, басында қорқыныш пен қобалжу болды. Бір күн қалғанда барлық таныстарым маған «сабақ оқыма, қайтесің, миыңды демалтсаңшы», — деп айтқан болатын. Сонда да барлық кітапты бір оқып шығып, қайталаған болатынмын. Сөйтіп ертесіне тестке бардым. Сұрақтары негізінде оқыған адамға қиын емес екен. Компьютер алдында 3 сағаттай отырдым, аяқтау деген батырманы басуға сәл қорықтым, кейін тәуекел дедім де, шүріппені басып қалдым. Алдымнан нәтиже шыққаннан кейін, тестті жауып тастап аудиториядан үлкен қуанышпен шықтым. Үмітім ақталды. Ай, бірақ «3 сұрақ қайдан қате кетті екен?» — деген де ой болды..
- Керемет! Ал ҰБТ-ға дайындығыңыз қалай болды?
- Мен дайындықты 10-сыныпта бастаған болатынмын. Таныстарымнан ҰБТ-ға дайындайтын, 2023 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы 13 рекордтық балл иесінің 8-і білім алған JUZ40 online курсы туралы естідім. Курсқа ақпанда жазылып, тура бір жыл бойы дайындық жасаппын. Бірнеше пәнді қатар оқып шықтым. Ол жақта жүйелі оқу барысында өзімнің діттеген мақсатыма ерте жеттім. Ешқандай артық нәрсеге уақытымды құртпадым. Бар зейінімді дайындыққа салдым.
- Жоғары балл алудың құпиясы қандай?
- Жоғары балл алудың ешқандай құпиясы жоқ. JUZ40 online курсындағы ұстаздарым айтпақшы, «НИЕТ. ӘРЕКЕТ. НӘТИЖЕ» Әр адам өз еңбегіне сай нәтижені алады. Жүйелі жоспар, тұрақтылық, дисциплина болса адамның қолынан бәрі келеді. Сондықтан әр нәрсені сапалы түрде жасау керек. Дайындықты тоқтатпай, соңына дейін оқып, қиындықтарға шыдай алатын адамның нәтижесі де жақсы болады деп ойлаймын.
- Тамаша! Талабыңызға нұр жаусын! Қандай оқу орнына түсуді, қай маман иесі болуды армандайсыз?
- М.С.Нәрікбаев атындағы университетке, «Лингвистика» мамандығына түскім келеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, болашақта шет тілдері маманын даярлайтын ұстаз болуды қалаймын.
- Сұхбатыңызға рақмет, Аида! Өте алғыр әрі болашағынан зор үміт күттіретін тұлға екенсіз. Бұйыртса, қалаған оқу орныңызға грантқа түсіп, мықты маман иесі атаныңыз!
Аида секілді жастар қатары көп болса екен дейміз. ҰБТ түлектердің болашағын жарқын ететін алғашқы қадам екенін ұмытпалық!