Алматы қаласы, Медеу ауданы, М.Мәметова атындағы №28 мектеп – лицейінде Желтоқсан оқиғасының куәгері, ақын, публицист, қоғам қайраткері, «Қазақ журналистикасының қайраткері», Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері Кенебай Жұмаш Айтжұманұлымен шығармашылық кеш өткізілді. Кеш барысында ақынның өмірі, шығармашылығы туралы бейнематериалдар көрсетіліп, оқушылар тарапынан өте қызықты да, мазмұнды сұрақтар қойылды.
Кездесу барысында ақынның қаламынан ұшталған алғашқы лирикалық өлеңдерін Храмов Амир, Кенгесбаева Томирис, Талғат Меруерт сынды оқушылар нақышына келтіріп, жүрек тебіренте отырып, қатысушылардың назарына ұсынды. Ақын өлеңдері жастарға патриоттық рух беріп, шығармаларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын ояту, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында таңдап алынды. Ақын шығармашылық жолын таңдау, осы қиын да қызықты мамандықтың қыр-сырын қалай меңгергені, қол жеткен табыстары мен жетістіктері және қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі жайлы әсерлі әңгімесімен бөлісті. Саналы ғұмырында қазақ әдебиетінің майталмандары және ұлы тұлғаларымен үзеңгілес бола жүріп, өмірден алған тәжірибесі арқылы жастарға үлгі етерлік естеліктерімен бөлісті. Бұл кездесуге қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, әкімшілік, оқушылар жоғары деңгейдегі дайындықпен келіп, өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, Ержанов Темірлан «Алаш аманаты» күйін, Лекер Аңсағаным «Туған жер» әнін, қазақ тілі мұғалімі Баяманова Гүлден Талғатқызы әсем әнімен кездесуге ерекше леп сыйлады. Осындай кездесулер оқушы бойында көркем әдебиетке деген қызығушылығын және кітап оқуға құштарлығын арттыруына себін тигізері анық.
Алматы қаласы Медеу ауданы
М.Мәметова атындағы №28 мектеп – лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Болатхан Айдана Закарияқызы
Өте керемет іс шара, еңбектеріңідің жемісін көріңіздер!