Көптеген жылдары бойы жоғарғы мектеп, яғни жоғары оқу орындары (ЖОО) студенттерге іргелі білім беруге бағытталған. Кеңестік Одақ кезінде осындай іргелі білімін ары қарай іс жүзінде тәжірибелік құзіреттілікке айналдыру үшін жоғары оқу орындарына практика базасы ретінде ғылыми институттар мен ірі кәсіпорындар бекітілген еді. Қазіргі таңда көптеген ЖОО-лардың ондай базалары жоқ. Екіншіден, білім бағдарламаларында жалпы білім беретін пәндер көбейіп, кәсіби пәндердің көлемі азайы кеткен.
Біліктілігі жоғары, тәжірибелік құзіреттілікке ие мамандарды даярлаудың бір жолы – кәсіпорындарда тек өндірістік практиканы ғана өткізіп қоймай, кәсіпорынмен бірлесіп сабақ – дәрістер, зертханалық жұмыстарды жүргізу.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті химия және химиялық технология факультетінде осындай тәжірибе орын алуда. Мысалы, аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасында жуғыш-тазартқыш және косметикалық заттарды өндіру үшін қажетті құзіреттіліктерді игеруге бағытталған бірнеше пәндер оқытылады. Олар – «Химия» мамандығындағы «Жуғыш-тазартқыш заттардың химиясы мен технологиясы», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығындағы «Косметикалық және жуғыш заттардың сапасын бақылау», және «Дисперсті жүйелер негізіндегі косметикалық заттартехнологиясы». Осы пәндерді оқу нәтижесінде студенттер әртүрлі рецептураларға сәйкес жуғыш және косметикалық өнімдерді алып, солардың және басқа да осындай заттардың құрамын талдап, тұтынушылық (жуғыш, көбік түзгіш қабілетін және т.б.) қасиеттерін анықтай алады.
2019-2020 оқу жылында төртінші курс студенттері (ТО408К, ТО409К, ХИ402Р, ТО410Р, ХИ408К, ХИ409К топтары) үшін «Жуғыш-тазартқыш заттардың химиясы мен технологиясы» және «Косметикалық және жуғыш заттардың сапасын бақылау» пәндері бойынша кафедра доценттері С.Ш. Құмарғалиева, А.О. Әділбекова, О.А. Есімова ЖШС «Goldman and Young» кәсіпорнында дәріс-экскурсия ұйымдастырып, зертханалық сабақ өткізді. «Goldman and Young» компаниясы косметикалық (мысалы, «Утя» кремі) және жуғыш (мысалы, «Принцессы» шампуні) өнімдерді шығарумен айналысады. Дәріс барысында кәсіпорынның операциялық директоры Никулина Елена жуғыш және косметикалық заттарды өндірудегі негізгі процестермен (шикізатты қабылдап, сапасын тексеру; композицияны дайындау; дайын өнімді құю, қаптау және т.б.) таныстырды. Зертханалық сабақта студенттер дәстүрлі рецептура бойынша қол жууға арналған сұйық сабын алды.. Алған сұйық сабындарын студенттер өздері пайдаланды.
Кәсіпорында өткізілетін осындай сабақтар түлектердің құзіреттілігін арттырып, технологияларды әзірлеп, оларды өндіріске енгізе аалтындай біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Әль- Фараби атындағы ҚазҰУ,
химия және химиялық технология
факультетінің доценттері.
С.Ш. Құмарғалиева, О.А. Есимова.