Home » Ашық сабақтар » Ұл ұятымен, қыз қылығымен

Ұл ұятымен, қыз қылығымен

Мақсаты:  Қазақ қызы мен ер баланың бойына тән өнерлік, тәлімдік  қасиеттермен, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптармен таныстыру,  бір-бірін шынайы құрметтеп  қастерлей білуге,өзара сыйласымдылықты, достық қарым-қатынасты қалыптастыра отырып, эстетикалық тәрбие беру. 

Түрі:  Пікірталас

Көрнекілігі: проектор, экран, компьютер,роликтер: «Ұлттық тәрбие», «Қыз бұзылса, ұлт бұзылады».

 Жүру барысы:

 Кіріспе сөз:

Қайырлы күн құрметті ұстаздар, студенттер! Бүгінгі №19 топтың ұйымдастыруымен «Ұл ұятымен, қыз  қылығымен» атты тәрбиелік шарамызды ашық деп жариялаймын.

Қазіргі заман қыз тәрбиесі мен  ұл тәрбиесіне ерекше  мән беруді қажет етеді.

“Ұл  тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз” деп бекер айтылмаған.

            Халқымыз ерте заманнан -ақ  адамгершілікті, әдепті бағалай білген.  Отбасы -қоғамның бір бөлшегі , ал отбасының алтын қазығы -айел адам.  Бесігінде жақсы тәрбие алған , үлгі-өнеге көрген қыз бала қайда болсада, келін болғанда да көрегенділігін  көрсетеді. Ал жақсы  тәрбие алған ұлдар жау көргенде жайдақ атқа міне шабатын өжет, батыл , адал, туған халқына жеріне ыстық ықыласты , үлкенге де, кішіге де қамқор бола біледі.

Ұлттың ізгі дәстүрін ескіліктің қалдығы деп  мұрын шүйіре қарамай, осы заманға лайықтысын таңдап алып, инабатты қыз, ұлғатты  ұл тәрбиелеу ата-ананың, ұстаздың міндеті.

“Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер”  деген мақалдың да  мағынасына үңіле қарасақ. Әкемен шешенің тәрбиесінің маңызы өте зор.

«Қыран құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші баланың  алдында дөрекі сөйлемей ізеттілікті бала бойына дарытқан. Қазақ  халқы қызын құдайындай сыйлаған «Қыз қонақ», «Қыз жат жұрттық»- деп,  қыз баланы төрге шығарған, ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізіп, киімнің сәндісін, алтынды бұйымдардың жақсысын қыздарына тарту етуді дәстүрге айналдырды. Жиын тойларда қыз баланы  әр уақытта сыйлы орынға отырғызған.

Міне, біздің ата – бабаларымыз осындай тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптарды атадан балаға мұра етіп қалдырып келді. Қыз бен ер баланың тәрбиесіне бүкіл ел болып, сонымен бірге ата-анасы да үлкен мән берді. Олар қыздарын тұрмыстық мүліктерді даярлауға үйретіп, жүн түту, жіп иіру, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап  киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу т.б өнерді олар бөгде босағаға бармай тұрып- ақ үйреткен.

Әр адам баласы дүниеге келгеннен соң, онын алдында  міндеттелетін бірнеше  парызы бар. Ең бірінші Аллаһқа иман келтіру, адам болу, ананы құрметтеу, намысты болу, қайырымды, мейірімді, қамқор, әдепті т.б.

Соның ішінде :

           Бүгінгі таңда ер азаматтың  парызы орындалуда ма?

/студенттер өз ойларын ортаға салады/

Бейнекөрініс: «Ұлттық тәрбие »

             Ата бабамыздың тәрбиесі мен қазіргі тәрбиенің айырмашылығы

                                бар  ма? Бар болса неде?

/студенттер өз ойларын ортаға салады/

Ал, қазір жасыратын не бар, бұрын дәстүрімізде болмаған сүреңсіз жағдайлар бой көрсетуде. Соңғы кезде бала тәрбиесіне  қоғам кінәлі деген сөз жиі айтылады.

Ал осы қоғам сіз бен бізден, ата-аналар мен ұстаздардан, тәрбиешілерден құралмай ма?

  Олай болса,

                         Қазіргі кезде бала тәрбиесіне  не әсер етуі мүмкін?

/студенттер өз ойларын ортаға салады/

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары жаны жаздай жайрандаған

Қыз өссе, елдің көркі деген сөз бар

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам – деп ,  Исраил Сапарбайдың өлеңінде жазылғандай.

Қыз деген сөздің өзі әсемдіктің, әдептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы.  «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей» деген теңеулер қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін көрсетеді. Халқымыз қыз баланы ардақтап ұстап, қызға қатты сөз  атпай, мәпелеп өсірген.

Сол мәпелеп өсірген құрметпен қараған қыздарымыз бүгінгі таңда қайда барады?

Бейнекөрініс:  «Қыз бұзылса, ұлт бұзылады».

Қазақ қыздарына қандай қасиеттер тән?

/студенттер өз ойларын ортаға салады/

Ән: «Тәтті үнін қайда »  /бүгінгі қазақ қыздарына арнау/.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген  халық даналарының қанатты сөздерін басшылыққа ала отырып, қыз баланың  әр аңдап   басқан қадамын назарда ұстауымыз қажет.Соның нәтижесінде ерлігі ересең, елдігі кемел ұлт болғанымыз баршаға белгілі.

Иә, алысты жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан, туыстық желіні үзбеген, береке -бірлікті бұзбаған, «қыздың жолы жіңішке» деп, қарындасын хан көтеріп сыйлай білген де қазақтың қара домалақ ұлдары.

Олай болса , бүгінгі таңда

                     Қазақтың жігіттері қандай болу керек?

/студенттер өз ойларын ортаға салады/

Қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, нардай төзімді, құландай сүйікті, жылқы мінезді жігіт нағыз қазақ жігіттеріне тән қасиеттер.

Өткенімізді қарап отырсақ, ел бастаған көсем де, ділмар шешен де, ақиық ақын да, ел қорғаны батыр да, осы жігіттерден шыққан.

Көркемсөз : Жасен С.Ж . Өз туындысы «ХХІ ғасыр жастарына үндеу»

                                      /әуенмен сүйемелденіп тұрады/.

 Қорытынды:

Бүгінгі бозбала –ертеңгі қамқор әке, әулеттің тірегі, бүгінгі бойжеткен -ертеңгі аяулы ана, ақылшы әже, әулеттің  ұйтқысы. Қыздарымыз қызғалдақтай құлпыра берсін, ұлдарымыз ізгі армандарымызды орындай берсін деген тілекпен тәрбиелік шарамызды аяқтаймыз. Назар қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!

Хасанова Азифа Мұратқызы,
Атырау облысы, Атырау қаласы

№35 Х.Ерғалиев атындағы мектеп-гимназиясының

І санатты  информатика пәні мұғалімі

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.