Қазақстандағы білім беру жүйесін модернизациялау жағдайында біліктілікті арттыруды жетілдіру ісі бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Еліміздің білім керуенін көш ілгері жылжытып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен білімін талапқа сай арттыра отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2012 жылғы ақпан айында №232 Қаулысына сәйкес Білім және ғылым министрлігінде «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы құрылды. Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институт пен 16 облыстық және Астана, Алматы қалалық біліктілікті арттыру институттары Ұлттық орталықтың филиалдары ретінде анықталды.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиал ретінде 2012 жылдың 2 қазанында өз жұмысын бастады. Тамыры тереңде жатқан, 70 жылдық тарихы бар «Өрлеу» БАҰО АҚФ ОҚО бойынша ПҚБАИ сонау 1946 жылдардан бастап облысымыздағы мұғалімдердің білімі мен білігін жетілдіріп, сапалы білім беруде талмай еңбек етіп келеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты өңірдегі біліктілік арттыру жүйесінде тәрбиелік және білім беру жұмыстарының жаңа бірегей тәжірибелерін жасау мен таратуда басты интеграциялық түйін болып табылады.
2012 жылы «Өрлеу» БАҰО» құрылғаннан бері жыл сайын облыстағы білім саласында жүрген 10 мыңнан аса педагог қызметкерлер түрлі категория бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтіп, білімдерін жетілдіруде.
Елімізде Оңтүстік Қазақстан облысындағыдай бала саны көп ешбір өңір жоқ. Сондықтан еш жерде мұншалықты көп орта білім беретін мектеп те, балаларға білім мен тәрбие беретін мұғалімдер де жоқ. Қазір облыс бойынша 1031 орта мектеп болса, мектеп құрылысы әлі де жалғасып келеді. Облыстағы демографиялық жағдай бұл үрдістің әрі қарай да сақтала беретіндігін көрсетеді. Оңтүстік Қазақстан облысы осы көрсеткіш бойынша бұрынғысынша көш басында. Демек, сол мектептерде аянбай қызмет ететін, рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі дархан ұстаздар қауымы екені ақиқат. Ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде жоқ десе де болар. Бұл мамандық содан да киелі. Сол киелі мамандық иесінің білімін жыл сайын жетілдіріп отырған «Өрлеу» БАҰО АҚ біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі аясында ҚР білім сапасын көтеруді қамтамасыз ететін, білім берудің жаңа философиясы мен қазіргі инновациялық-педагогикалық технологиялардың ордасы. «Өрлеу» – биіктеуге, жоғары жетістікке жеткізетін ұлы күш, өрлеймін деп биікке қанат сермеген ұстаздарды өз мақсатына жеткізу жолында барлық күш жігері мен білімнің қайнар көзін ашатын білім орталығы. «Өрлеу» БАҰО АҚ –да қаншама педагог қауымы өз білімдерін арттырып, жаңа заманға сәйкес түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеріп, тәжірибелеріне енгізуде.
«Өрлеу» БАҰО АҚ педагогтердің курстық дайындығымен бірге курсаралық іс-шараларды өткізуді де қатар алып жүруде. «Өрлеу» БАҰО АҚ педагогтердің кәсіби деңгейінің үздіксіз өсуін қамтамасыз ету мақсатында «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның және филиалдардың Операциялық жоспарларына сәйкес курсаралық кезеңде халықаралық, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар іс-шараларды өткізеді. Курсаралық кезеңде мұғалімдер бір-бірімен тәжірибе алмасуға, жаңа тұрпаттағы мұғалімдердің ең үздік іс-тәжірибелерімен танысуға, өз жетістіктерін көрсетуге, заманауи білім берудің маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік алады.
«Өрлеу» БАҰО құрылғалы жалпы орта білім беру жүйесінде білім беру үрдісін басқару саласындағы шетелдің озық тәжірибелермен алмасу мақсатында біліктілік арттыру жүйесінде бұрын болмаған Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Шотландия мемлекеттерінен арнайы шақырылған халықаралық тренерлердің қатысуымен институт базасында оқыту семинары ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған семинарлар арқылы педагогтер өздерінің кәсіби қызметінің сапалылығын арттырды.
«Өрлеу» БАҰО АҚ-ның құрылғанына 5 жыл ғана толды. Бұл – бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы уақыт орайында «Өрлеу» БАҰО АҚ аяғынан қаз тұрып қана қоймай, отандық білім беру ісіне етене араласып, білім беру саласындағы болып жатқан ауқымды өзгерістерді іскерлікпен жүзеге асыруда.
«Өрлеу» БАҰО АҚ қысқа ғана мерзімнің ішінде ұлттық орталықтың негізін қалаушы Басқарма төрағысы Гүлнас Кенжетайқызының арқасында біліктілік арттыру жүйесіндегі ауқымды реформаларды жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді.
Осындай аз ғана уақыттың ішінде шетел университеттерінің базасында біліктілік арттыру — Қазақстанның біліктілік арттыру жүйесіндегі үлгі боларлық ерекше жағдай болды. Елімізде алғаш рет біліктілік арттыру институтының қызметкерлері халықаралық стандартқа сәйкес Англия, Сингапур, Корея, Франция, Россия, Ұлыбритания, Австралия университеттері мен мектептерінде жүйелік негізде білімдерін шыңдады. Біздің мамандарымыз халықаралық тәжірибелерді жан-жақты теориямен практиканы ұштастыра меңгеріп, қазіргі таңда өз тәжірибелерінде жүзеге асыруда. Бұл – «Өрлеу»-дің біліктілік арттыру жүйесіне енгізген жаңалығы десек артық айтпағанымыз болар.
Орнатылған халықаралық қауымдастықтың арқасында «Өрлеу» ұлттық орталығы көптеген халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырды. Облысымыздың педагогтеріне арналған «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық» арнайы курсын өткізу — халықаралық қауымдастықтағы біздің алғашқы қадамымыз еді. Аталған арнайы курсты білім беру жүйесінің маңызды аспектілері негізінде Лондон университетінің профессоры Дж.МакФарлайн мырза жүргізді.
Филиал базасында өткізілген «Функционалдық сауаттылық – сапалы білім кепілі» атты республикалық конференциясында білім саласын басқарудың өзекті мәселелері аясында Лондон университетінің профессоры Шон Дойл өз тәжірибесімен бөлісті.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес 2016-2017 оқу жылынан бастап Қазақстанда жаңартылған білім мазмұнына көшу жұмыстары қолға алынды. Бұл бастаманың барлығы мектептегі оқыту сапасын жоғарлату, оқушылардың білімін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру.
Осы орайда педагогтер жаңартылған білім мазмұны аясында біліктілік арттыру курстарынан өтіп жатыр. Бұл процесте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның филиалдарының етіп жатқан еңбегі ерен, жетіп жатқан жетістігі мол. Бір ғана «Өрлеу» БАҰО АҚФ Оңтүстік Қазақстан облысының филиалында 2016 жылдан осы уақытқа дейін 17920 педагог мазмұны жаңартылған бағдарламалар аясында біліктілік арттыру курстары бойынша білімдерін жетілдірді. Ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстары барысында педогогтер жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсат, міндеттерін, құрылымын, білім беру жүйесіне енгізілген бағалаудың жаңа жүйесімен толық таныс болып, оны ары қарай мектеп тәжірибесінде қалай жүзеге асыруды үйренеді.
Бүгінгі күні аз ғана уақыт ішінде көптеген биік жетістіктерге жеттік деп мақтанышпен айта аламыз. Күндеректердің ақ парақтарына көз жүгіртіп өтер болсақ, әрбір күн өзіндік ерекшелігімен заманауи жаңалықтармен толығуда. Әрине қай елде, қай қоғамда болмасын ол елдің өркендеуінде бірінші кезекте білім саласы қызметкерлерінің еңбегі бағаланады.
Педагогикалық қауымды ғылым мен практиканың соңғы жаңалықтарымен таныстыру және педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін институт ұжымы өзекті мәселелерді шешуде өзара іс-әрекетпен нәтижелі ынтымақтастықта бірлесе жұмыс жасауға әрқашанда дайын.
Құралбаева Динара Акмаловна
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ОҚО бойынша ПҚБАИ
Мониторинг және талдау бөлімінің жетекші маманы