Home » Мақалалар » Академиялық адал болу маңызды ма?

Академиялық адал болу маңызды ма?


Мақсат Көшеген
Алматы қаласы ШЖҚ «М.Мақатаев
атындағы №140 гимназия» МКК-нің
физика пәні мұғалімі  

Академиялық адал болу маңызды ма?

Адалдық, ар-ұждан –  адам бойындағы ең ізгі, асыл қасиет. «Арыңды жасыңнан сақта», «Арым – жанымның садағасы» — деп, халқымыз ұрпағына аманат етіпті, себебі, арға түскен дақ бойыңнан жусаң да кетпейді. Бұл қасиетті балаға туғаннан бойына дарытып, тәлім-тәрбиемен сіңірген екен. Осы қасиет балаға тәрбие беруші ұстаздың бойынан табылып, жас ұрпаққа өнеге болған. Ендеше, адал ұстаздың келбеті қандай болуы керек?

Адал ұстазды әділдікті ту ететін, кез-келген жағдаятты шынайы бағалайтын, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін, шәкірт жүрегіне адалдығымен жол табатын, академиялық адалдықты сақтайтын, әріптестері мен баланың еңбегін бағалайтын ерекше тұлға деп санаймын.

Біріншіден, « … Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, оны біл»,- деп, дана Шәкәрім айтқандай, ар сақтау – ұстаздың басты парызы. Арын сақтай алмаған ұстаз, алдындағы шәкіртіне адалдық ұғымын жеткізе  алмайды. Ал, адалдық туралы түсінігі таяз оқушы әділдік жолынан таяды деп айтуға болады. Ондай оқушылар өтірік айтуға әуестеніп, алдауға құмар тұрады. Кейін өмір жолында сол бала опық жеп, айналасына зиян тигізеді немесе сыбайлас жемқорлыққа барады. Сыбайлас жемқорлыққа баланы итермелеу адалдық парызын сақтамаған тәрбиешіден шығады деп  қорытындылауға болады.

Екіншіден, ұстаз өзінің ортасында, шәкірттері мен әріптестерінің арасында әділдігімен ерекше құрметке ие болады. Ол үшін әріптестері мен баланың еңбегін әділ, тура бағалауымыз керек деп білемін. Баланың білімін бағалауда шынайылық пен нақтылық болмаса, баланың көңіліне күдік ұялатамыз, жүрегіне дақ түсіреміз. Ондай шәкірттің ұстазына деген сенімі кетеді. Сенімнен айрылсақ, баламен түрлі проблемалар басталады. Сондықтан да, әділ бағалаудың жолын тауып, білім алушыны шабыттандырып отыруымыз керек.Сонымен қатар, әріптестеріміздің еңбегін бағалап, қолдау көрсетуде әділдік пен адалдық маңызды орын алады. Әріптестерімізбен сыйластық, кәсіби байланыста жұмыс жасау үшін ар-ұжданымыздың пәктігі де оң әсерін тигізеді.

Үшіншіден, адалдық жолын ұстана отырып, шәкірттеріміздің сыбайлас жемқорлықсыз болашаққа қадам басуына қалай жол ашамыз? Сабағымыздың бір бөлігі –  құндылықтарды дарыту, осы бөлігінде міндетті түрде академиялық адалдық туралы сөз қозғағанымыз жөн деп есептеймін. Баланың телефоннан көшірмеуіне, қасындағы баладан көшірме жасамауына, өзінің пікірі мен білімін көрсетуіне негіз болуымыз керек.Тәрбие бағытында да  Абай, Шәкәрім, Ахметтердің ар ілімін насихаттап, тереңіне баланы үңілдіре алсақ, адалдық жолмен жүруіне септігі тиеді деп ойлаймын. «Аманатқа қиянат жасамау» позициясын әрбір балаға ұстаным ретінде көрсете алсақ, ондай ұрпақ саналы, адами, ұлттық  құндылықтары жоғары тұлға болып қалыптасады. Саналы ұрпақ өз ұлтынының нағыз патриоты болып өседі.

Ойымды Абайдың: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол» деген даналық сөзімен түйіндегім келеді. Адал ұстаз көп болса, адал ұрпақтың да көбейгені, ендеше адалдық жолында аянбай, еңбек етейік!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.