Home » Мақалалар » Қазақ тілі сабағында жазылым әрекеті арқылы  оқушылардың жазба тілін дамыту

Қазақ тілі сабағында жазылым әрекеті арқылы  оқушылардың жазба тілін дамыту


Абдрахманова Айман Болатовна
Мәншүк Мәметова атындағы
№28 мектеп-лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақ тілі сабағында жазылым әрекеті арқылы  оқушылардың жазба тілін дамыту

Тіл – адамзат баласының қарым-қатынас жасауы, пікір алмасуы арқылы өзара бір-бірін қабылдауын қамтамасыз етумен бірге, қаншама жылдар бойы сақталған аса құнды мұраны ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізіп отырады. Әлемдегі білім мен ғылымның қарыштап дамуы, жаһандану үрдісіне қарай бет бұруы – оқушылардың зияткерлік те әлеуетін    қалыптастыруға, жеке-жеке тұлға ретінде дамытуға негізделіп отыр. Дәл сол секілді Қазақстанда қазақ тілін кез келген салада жүйелі түрде пайдалану, дамыту, мемлекеттің тілдің деңгейін көтеру – басты міндетіміз. Кейінгі кездері елімізде оқушыға білім берудің тиімді де, нәтижелі әдістері ақпараттық-коммуникациялық инновацияларды пайдалану негізінде жүзеге асып жатыр. Сынып ішіндегі оқушылардың топтасып қана білім алуы емес, олардың жеке дара білім алуға, жеке ойын, көзқарасын айтуға деген құлшынысын дамыту белгілі бір жолға түсті. Соның ішінде қазақ тілінде оқушының ойын еркін жеткізуі, ата-анасымен, мұғаліммен және сыныптастарымен дұрыс сөйлесе алуы, сөйлемді дұрыс құрауы әрі жаза білуі, жазылым әдісі арқылы шашыраңқы ойды жүйелі жеткізе білуі басты қағидалардың біріне айналды.Тіл үйренуде, меңгеруде жазылым әрекетінсіз көп нәрсені жүзеге асыру мүмкін емес. Мұнда міндетті түрде жазылым әрекеті болатыны анық. Егер дәл осы қалып өзінің міндетін дұрыс атқармаса, тілді үйренемін, меңгеремін деген адамның әрекеті сәтсіз болмақ. Соның ішінде мектеп қабырғасындағы оқушылардың тілді меңгеруі бірінші орында.

Жазылым – өте көпдеңгейлі үдеріс. Сол себептен оқушының жазуға деген ынтасын өшірмейтіндей, қызығушылығын арттырып, қабілеті мен жазу дағдысын дамыта алатындай жүйе мен әдіс-тәсілдер болуы тиіс. Ұстаздар арасында танымал мынадай тапсырмаларды айта кетуге болады: ашықхат жазу, суретке қарап мәтін құрау, әңгіме жазу, оқиғаны аяқтау, пікірін, өз ойын жазу, шағын өлең жолдарын құрастыру, мазмұндама, эссе жазу, диалог құрастыру. Бұл тапсырмалар оқушыға жазылым дағдысын арттыруға көмектесе алады. Бірақ жазылым тапсырмаларының өзіндік жүйесі болғаны жөн әрі тапсырмаларымызда міндетті түрде нұсқаулығымыз айқын болуы керек. Яғни суретке қарап әңгіме құрау керек десек, оқушыға бағыт емес, жазушы ретінде шабыт пен жігер, сезім сыйлау керек.

Сабақты түрлендіруші тапсырмаларды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Тілші-ғалым А.Байтұрсыновтың «Тіл жұмсар» еңбегінде көптеген жазылым дағдысын қалыптастыруға әрі дамытуға арналған жүйелі тапсырмалар берілген. Атаулары да қазақша, ұғынуға жеңіл, қолдануға ұтымды әдістер. Мысалы, «Жауап жазу», «Жатқа жазу», «Сөз туғызу», «Тастарлық» және т.б. Сонымен қатар, оқушылардың планшет, VR және 3D-шынайылығын белсенді пайдаланушылары екенін ұмытпай, сол қызығушылықтарына да сәйкес тапсырмалар бере алуға әрекеттену керек. Көптеген ғалымдар әр баланың туа біткен шығармашылық мүмкіндіктері бар, ол креативтілікті дамыту тек шығармашылық әрекетте жүзеге асады деген пікірде. Демек, шығармашылық даралықты қалыптастыру әлеуметтік орта шарттарына, соның ішінде мұғалімге де тәуелді болмақ. Жазылым дағдысына қажетті шығармашылық тапсырмалар мен әдіс-тәсілдер бар: «Көзмоншақ» әдісі, сұқбат алу, комикс құрастыру, «Суреттер сөйлейді», «Құрама» әдісі.

«Көзмоншақ» әдісінде оқушылар топ-топ болып отырып, сөйлемдерден моншақ тізеді. Топтағы барлық оқушы қағазға бүгінгі сабақты қорытындылайтын бір сөйлемнен жазады. Сөйлемдерде мағыналық байланыс болып, моншақтар мәтін құрауы керек. Дұрыс құрылмаған сөйлем моншақтай үзіліп түседі. «Суреттер сөйлейді» әдісінде оқушылардың оқыған көркем мәтінді қаншалықты ұғынатындығына көңіл бөлінеді. Бұл жұмыста балалар оқыған шығармаларындағы өздеріне ой тастаған негізгі кілт сөздерді теріп алып, сол кілт сөздері негізінде шығармамен бірге ойға оралатын символикалық суреттер салады. Өзінің салған суреті мен кілт сөздеріне сүйене отырып, әңгімені жаңа бағытта, өз қиялымен жазып шығады. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда мұғалімге үлкен шеберлік қажет.

Жазылым – оқушы үшін де, мұғалім үшін де маңызды. Себебі оқушының сауатты болуы осы жазылым дағдысын меңгеруінде жатыр. Осы тұрғыда ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы «Сауаттылықты оқу мұқтажы тудырмаған, жазу мұқтажы тудырған» деген пікір білдірген. Осы ретте ғалым белгілі-бір идеяларды алдына мақсат-ұрат етіп қойып, соған жазылым арқылы жете алатынын дәлелдеп бергенін түсінуге болады. Оқу процесі – екі жақты үдеріс болғандықтан, оқушының білім алуына алдын-ала мұғалім жағдай жасай алуы керек. «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», — дегендей үнемі ізденісте болып, жаңа тапсырмалар, әдістер құрап, оқушының келесі сабаққа қызығушылықпен, жаңа нәрсе алуға деген үмітпен келуіне себепкер болуымыз тиіс. Жоғарыда аталған шығармашылық тапсырмалар да, оқушыларыңыздың сабаққа қызығушылығын арттырып, тұлғаны қалыптастырушы ең маңызды дағды – жазылым дағдысын меңгертуге әрі одан әрі дамытуға мүмкіндік туғызатынына сенім мол.

 

 

 

4 комментария

  1. Тамаша, мақала! Авторлық жобаға сұранып тұрған тақырып екен.

  2. Тамаша пост жарияланған! Тақырыбы авторлық бағдарламаға сұранып тұр екен.
    Авторға сәттілік тілейміз!

  3. Салтанат

    Өте керемет мақала! Жұмысыңызға табыс тілеймін!

  4. Гульмирам

    Өте керемет жазылған мақала. Болатқызы Айман өте білімді педагог

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.