Әлемді аузына қаратқан әсем қаламыздың Алматы көшесінде бой көтерген №95 «Алматы» балабақшасы қаланың ажарына көрік қосқан бақыт ордасы.
Астанамыздың 20 жылдық тойына тарту ретінде Алматы шаһарының бұрынғы әкім Бауыржан Бәйбектің басшылығымен салынған білім ордасының ашылуына Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың қатысуы тарихта қалар оқиға.
Ел назарын аударған сол тарихи күнде тамаша тілектер айтылып, мектепке дейінгі ұйымдарда талай жылғы тәжірибесі бар біліктілігі мен іскерлігі қатар Смакова Анар Долдабекқызының таңдалып алынуы басшыға деген үлкен сенім.
Күні кеше ғана білім ордасының ашылғанына бір жыл толды. Өзіне сенімді басшы, білікті ұжым ғана есеп бере алатыны белгілі. Бір аптаға жалғасқан түрлі бағыттағы «Балабақша-бақыт мекені» атты фестиваль «Жас талант -2019», «Бала тілі- бал», «Екі жұлдыз», «Балабақшаға –сый кәде», «Балалар сәні» атауымен түрлі бағытты қамтыған.
Бұл — шараның ұйымдастырушысы, тың идея жаңаша леп әкелген балабақша әдіскері Тоқтасын Гүлдана Тоқтасынқызының кезекті еңбегінің нәтижесі.
Әр әріптесінің икемі мен қабілетін жете тани білген әдіскердің шын мәнінде балабақша тәрбиешілерінің жол нұсқаушысы екені бірден көрінеді. Әр күнге әр түрлі жүргізушілер, түрлі сайысқа өз саласының мамандарынан әділқазылар тағайындаудың өзі үлкен шеберлік.
Алғашқы күні өткен байқау арнайы жастар жылына арналып, балабақшада енді ғана жұмыстарын бастаған жас мамандардың деңгейін, білімін, біліктілігін көрсетіп, ата-аналардың сенімін нығайту, жастардың мүмкіндіктерімен болашағына деген зор сенімді көрсетуді мақсат еткен.
«Бала тілі – бал» байқауында бір жылдық мерейлі күнге арнап ата-аналар мен ата-әжелері, тәрбиешілердің шығарған жыр жолдарын балғындарға жатқа оқу талап етілген. Жаныңа жылу сыйлар бұл күнгі сайыста бақыт ордасына арналған талай тәтті жырлар жазылған. Бастысы барлығы жүректен шыққан шынайы тілектер, бала даусымен жеткен тәтті үндерге ұласқан.
«Екі жұлдыз» байқауы әкенің қаны, ананың сүтімен берілген тамаша өнердің куәсі болған күн. Әке мен қызы, анасымен ұлы бірлесе шырқаған әндер тамаша үндестік тапқан. Әсіресе, жабылу салтанатында ән шырқаған осы байқаудың жеңімпаздары халыққа «Көк тудың желбірегені» әнімен танымал әнші Ескендір Ибрагимнің қызы Иманаймен бірге орындаған «Қазақты көргім келеді» әні талай жүректі тербеді.
«Балабақшаға-сый кәде» деп аталған шығармашылық күні қиял-ғажайып туындылардан тұратын қол өнер жұмыстарын ұсынды. Ата-ана мен бала тәрбиеші бірігіп жасаған көздің жауын алар тамаша дүниелер балабақша қабырғаларынан өз орындарын тауып, бақытты орданың бармағынан бал тамған өнерлі бүлдіршіндері көп екенін аңғартып тұр.
Тартысты өткен бір күн балалардың сән байқауы, «Алтын күз», « Спорттық киім», «Кешкі сән үлгісі» бөлімдерінде экологиялық таза маталардан тігілген киімдер жасына сай болуы талап етілген. Бір аптаға созылған балабақша ішілік сайыстың қалалық деңгейге лайық дәрежеде өтуі өзгелер үлгі алар дүние. Балаларын тапсырған тәрбиешілеріне деген сенім, балабақша ұжымына деген алғыс, меңгерушіге деген құрметін шараға қатысқан 100 –ге жуық ата-ана әлде қашан дәлелдеген.
Балабақша ұжымының алға қойған мақсаты да осы ата-ана, бала мен балабақша арасындағы «Үштік Одақ» жұмысын жолға қою, жандандыра түсу. Демек көздеген мақсат орындалды. Нәтижесі көз көргендей.
Жабылу салтанатына қатысып, өздерінің жылы лебіздерін білдірген Астана қаласы білім басқармасының бұрынғы басшысы Бимендина Асима Темкеновна, Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Наурызбаева Балсұлу Мұзапарқызы, педагогика ғылымдарының докторы кандидат, профессор, ғылыми жетекші Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы, қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрайымы Немцан Татьяна Николаевна, «Әділет» кәсіподақ ұйымының төрағасы Алиев Батыр Алиевич, «Қазақ Ұстазы» журналының редакторы Лариса Жумадуллаевна балабақшаның жұмысына оң бағаларын беріп, толағай табыс, шығармашылық шабыт тіледі.
Қонақтар қатарында жеке меншік балабақша меңгерушілері Светлана Нурмухановна, Айжан Турлыбековналар болды.
Әр күнгі шарада жүргізушіліктен бөлек өз өнерлерімен танылған Хореограф Жансая Ерланқызы, медбике Сейтканова Жансая Ерсайыновна, психолог Курманова Айжан Жанатовна, денешынықтыру нұсқаушысы Ернар Жаңбыршыұлы, робототехника үйірмесін жүргізетін жас маман Елемес Ерсін Дарханұлы, тәрбиеші Уразбаева Акнур Бараковна, Ибраимова Айдана Мұхаммедқызы, музыка жетекшісі Бабажан Мәдіхан Мұратбекұлы, Қадыр Жандос Қадырұлы шараның өз дәрежесінде өтуіне атсалысты.
Білім – ағаш, іс- жеміс десек бір жылда он жылға лайық нәтижелі жұмыс жасай білген ұжымға тек шығармашылық шабыт, мол табыс тілейміз.
Ортасын жас мамандармен толтырып жаңшылдыққа ұмтылған өз саласының білікті маманы Анар Долдабекқызына білімділік мінезбен істен көрінетінін дәлелдей білдіңіз дегіміз келеді. Бір жылда он жылға жетерлік еңбекпен көріне білген ұжым әрқашан осы биіктен түспей тек алғысқа бөленіп жүре беріңіздер.
Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы.