Бүгін «WorldSkills Kazakhstan 2019» — V Республикалық кәсіби шеберлік Чемпионатының алғашқы күні. Оған еліміздің 17 аймағынан 22 жасқа дейінгі 400-ден астам маман келді.
«WorldSkills Kazakhstan 2019» – V Республикалық кәсіби шеберлік Чемпионаты жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына тартуға және елдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ықпал етеді.
Чемпионатқа қатысушылар алдағы екі күнде WorldSkills-тің 38 құзыреттілігі (мамандықтары) бойынша сайысқа түседі және таңдалған құзыреттілікте медаль ұтып алу мүмкіндігі үшін жарысады. Байқауға қатысушылардың жұмысын 500-ге жуық сарапшы бағалайды.
11 қарашада өткен шараның ашылу салтанатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, аталған чемпионаттың еліміздің экономикасы үшін маңызы зор екендігін атап өтті.
«Бұл — шын мәнінде еліміз үшін, республикамыз үшін өте маңызды іс-шара. Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласына өте үлкен көңіл бөледі. Бүгін Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Техникалық және кәсіптік білім саласын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде WorldSkills қозғалысын дамыту мәселесін де көтерді. WorldSkills құзыреттіліктерін білім бағдарламаларына енгізу мәселесі — біздің алдымызда тұрған басты мақсат. Біз оны дамытатын боламыз», — деді Асхат Қанатұлы.
Чемпионаттың конкурстық бөлігі 12-14 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Жастарды кәсіби бағдарлау мақсатында Чемпионатқа мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік органдар өкілдері, шетелдік және қазақстандық әріптестер, кәсіпорындар қызметкерлері мен еліміздің барлық аймақтарының кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының педагогтері,сондай-ақ, басқа да мүдделі тараптар қатысады.
WorldSkills-тің экономикамызға маңыздылығын ескере отырып, еліміздің Премьер-Министрі Асқар Ұзақпайұлы Мамин осы қозғалысты басқару туралы шешім қабылдады.
Асхат Аймағамбетов: «Осы жылдан бастап Асқар Ұзақпайұлы қозғалыстың басшысы болып, бізге нақты тапсырмалар берді, тиісті жұмысты атқарып жатырмыз».
Аталған чемпионат білікті кадрларды даярлауға жаңа идеялар мен трендтер жасауға, кәсіби білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді және кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіру орталығына айналады.
Чемпионат құзіреттіліктері: «Кірпіш қалау», «Плиткамен қаптау», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Сырлау және сәндік жұмыстары», «Сантехника және жылыту», «Электромонтаж жұмыстары», «Ағаш ісі», «Дәнекерлеу технологиясы», «Электроника», «Сандық бағдарламалық басқару бар станоктар токарлық жұмыстары», «Көрнекі мерчендайзинг и витринистика», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Кузовты жөндеу», «Прототиптеу», «Шатыр жұмыстары», «Мехатроника», «Зертханалық және химиялық сараптау», «Веб дизайн және әзірлеу», «Графикалық дизайн», «Желілік және жүйелік басқару», «CAD инженерлік графикасы», «Бизнеске арналған IT шешімдер», «Ұялы робототехника», «Ақпараттық-кабельдік желілер», «Интернет заттар», «Өндірістік автоматика», «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару», «Мейрамханалық қызмет көрсету», «Кондитерлік ісі», «Аспаз ісі», «Наубайхана ісі», «Қонақ үйді басқару», «Медициналық және әлеуметтік күтім», «Шаштараз өнері», «Сән технологиясы», «Мектепке дейінгі оқыту», «Бастауыш сыныптарда оқыту», «Флористика».
Анықтама: WorldSkills дүниежүзілік қозғалысының белсенді дамуы, жұмыс мамандықтарының беделін арттыру мен көпшілікке танымалдаудың тиімді құралдарының бірі болып табылады.
1946 жылы құрылған WorldSkills қозғалысы 82 елде кәсіби даярлық стандарттарын арттырады және кәсіби дағдыларды бағалау мен дамытуға, кадрларды даярлау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, экономикалық өсу мен жеке табыс үшін құзыреттіліктің маңыздылығын көрсетуге бағытталған.
Қатысушыларының жас санаты 18-22 жас аралығындағы жастар: колледждер мен ЖОО студенттері, сондай-ақ кәсіпорындардың жас қызметкерлері.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі.