КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУ – КӨПТІЛДІ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ
Тойымбекова Жумакуль Бейсенбековна «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚБАИ, аға оқытушы | |
Кусайнова М.С., Шет ауданы Ш.Батталова атындағы ЖОББМ базасындағы ТМ(РО) қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі |
Көптілді оқыту білім берудің қоршаған әлемде болып жатқан үдемелі өзгерістерге бейімделгіштігін күшейтетін лингвистикалық біліктілігі жоғары дамыған, бәсекеге қабілетті жас жеткіншектердің қалыптасуына септігін тигізетін тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа үлгісін құруды көздейді. Осы орайда үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) бірдей оқытуды білдіретін көптілді оқыту бағдарламасының бірегейлігін атап өту керек.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде «Тәрбиенің түп мақсаты қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшу кезінде саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы, іскер өмірге икемделген жан-жақты мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деген тұжырым жасады. Жаһандану дәуірі кезеңінде замана көшінен қалмай, үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз, жаңғырта аламыз. Бүгінгі таңда білім ошақтарының алдында отырған басты мақсаттарының бірі – білімді де білікті шығармашыл тұлға қалыптастыру. Оқушылардың ақыл-ой қабілеттері мен мінез–құлық сапаларын әлемдік және ұлттық психология негізінде дамыту. Орыс, ағылшын тілдерін мектепте оқытудың негізгі мақсаты – оқушының бұл тілдерді қатынас құралы ретінде пайдалана алу қабілеттерін дамытуда, өздерінің төл мәдениетін, тілін оқып-үйреніп отырған елдің тілімен, мәдениетімен салыстыра алуда, тілдердің ортақ белгілері мен ерекшеліктерін ажырата білуде жатыр. Бүгінгі таңда еліміздің мектептерінде үш тілді оқытудың маңызы арта түсумен қатар, оның бағыттары да кеңеюде. Жалпы үш тілді оқытудағы басты міндет оқушының тілдік қарым–қатынас жасай алу қабілетін, біліктілігін жетілдіру болып табылады. Бұл мәселе күн тәртібінен түспек емес, себебі әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды.
Еліміздің қазіргі заман талабына сай Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып-үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. Ата Заңымызда әлемдік тілдердің қай-қайсысын да тануға ерік берілген. Мемлекетіміз саяси, экономикалық, мәдени байланыстары бірнеше тілде білім алуды қажет етеді. Қазақстан басқа мемлекеттермен тығыз байланыста. Сол себепті ана тілімен қоса көп тілді жеткілікті дәрежеде меңгеру және білім мен ғылымның барлық саласында білікті болу – біздің жаңарған қоғамымыздың көрсеткіші, алға қарай даму сатысындағы қажетті құбылыс болмақ. Жеке тұлға көп тілді үйрене отырып, сол тілде сөйлейтін халықтардың тарихымен, мәдениетімен, өнерімен, салт-дәстүрімен танысады және ғылымның соңғы жаңалықтарынан хабардар болады.
Көп тілді білуді қалаған адам өзіне жаңа бір тұтас әлем ашады. «Бір тіл білсең, бір адамсың, екі тіл білсең, екі адамсың, үш тіл білсең, үш адамсың» дегендей, еліміздің білікті де білімді маманы болу үшін арнайы ғылыми еңбектерді өзге тілдерде оқып–үйрену – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Сондықтан қазіргі қоғамда көп тілді болу кез келген адамды кең өріске, тың өмірге бастайтын жол деп есептелінбек. Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, энциклопедист ғалым, әлемде Аристотелден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін жетік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық.
Жеке тұлғаны қалыптастыруда ана тілімен қатар шетел тілін меңгеру – заман талабы. Жеткіншек жастардың өз дәрежесінде тұлға болып қалыптасуы, жан-жақты болуы, білімді болуы, қоғамымыздың, өркениетіміздің болашақта дамуына, алдыңғы қатарлы дамыған елдер қатарына қосылуына жол ашады.
Жас ұрпақты көптілділікке баулу – жалпы білім беретін мектептерге және жоғарғы оқу орнына берілген мемлекеттік жауапты іс. Бүгінгі оқушы мен студент – қоғамның ертеңі, болашағы, мемлекет қайраткері. Өркениетті қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы деп саналады. «Тегінде адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі қай заманда да өз мәнін жоймақ емес. Сондықтан болар білім беру жүйесін дамыту басты бағыт болып саналады.
Көптілді білім беру дегеніміз – оқу үрдісі барысында екі не одан да көп тілде білім беру. Мемлекетіміздің мектеп реформасында қаралған үш тілде оқыту –қазіргі заман қажеттілігі. Осы мақсатта қазақ, орыс, ағылшын тілдері ұлтына қарамастан тең дәрежеде жүзеге асырылады.
Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар, халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың түпқазығы болып табылады. Елбасымыз жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруды ұсына отырып, қазақ елін әлемдегі үш тілді қатар тұтынатын білімді де білікті ел ретінде танытуымыз қажет екенін және мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілі мен жаһандық экономикаға табысты кірігу тілі – ағылшын тілі болуы тиіс екенін ерекше атап көрсеткен. Қазіргі уақытта аталған «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыру мақсатында қоғамдық өмірдің барлық салаларын да қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес қолданылуын қамтамасыз ету, ресми тіл, ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілінің функцияларын сақтау, жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі ретінде ағылшын тілін дамыту жөніндегі шаралар кешені қолға алынып отыр.
Еліміз тәуелсіздік алғалы жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тіпті Отанымызда өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшынысы күннен-күнге арта түсуде. Мектепте қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі жаңартылған білім беру бағдарламасы идеясы бойынша түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, білім алушының ізденісіне, яғни, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз.
Тәжірибемізде білім алушылардың зияткерлік қабілетіне түрткі болатын белсенді оқыту тәсілдерін, оқу мен жазу арқылы сын ойлауды дамыту және ойын технологиясын қолдану арқылы сабақты үш тілде жүргізудің тиімділігінің зор екенін байқаудамыз. Өнімді нәтиже беріп жүрген «Кім жүйрік?», «Тілге құрмет отбасыдан басталады», «Үздік эссе», «Сөз сырына үңілейік!», «Менің тілім – бабалар тілі» іскерлік ойындарын өткізудің де үштілді меңгертудегі маңызы айрықша. Бұл іс-қимылдар жеке тұлғаның сөйлеу тілін дамытады әрі ой ұшқырлығына жетелейді. Білім алушыларды ойната отырып, үш тілде жүргізілген өзара сұхбаттасулар олардың коммуникативтік құзыреттіліктері мен функционалдық сауаттылықтарын арттыруға негіз болады. Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технологияны: электрондық оқулықтар, цифрлық білім беру ресурстары түрлері білім алушылардың қызығушылығын оятып, уақыттарын үнемдеуге, қосымша деректерді тиімді қолдануға түрткі болуда. Шығармашылық жұмыстарға жетелейтін тапсырмаларды да білім алушылар қызыға орындап, қосымша ақпарат көздерімен жұмыс жасауға, білімді өздігінен игеруге дағдыланды. Мәселен, «Мақал-мәтелдер және олардың үндестігі» тақырыбы бойынша басқа да бағдарлама негізіндегі тақырыптарды игертуде де салыстыру жұмыстары білім алушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұсынылып, сыныбына орай күрделеніліп отырғаны дұрыс. Себебі жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқу мақсаты шиыршық қағидатына негізделгенін де есте ұстауымыз керек. Аталған тапсырмада мақал-мәтелдерді тақырып бойынша табу, үндестігін айқындау іс-қимылдары білім алушыны жеке, жұпта, топта өзара ақылдасып, дәлелдемелерді серіктестік қарым-қатынаста таба білуге баулиды. Бұл жерде оқушылардың сөйлеу тілдері мен сауаттылықтарына назар аударылады. Ал осы тақырып бойынша қабілеті жоғары оқушыларға шығармашылық бағыттағы «Мақал-мәтелдердің баламасын жаз» тапсырмасын да ұсынуға болады. Білім алушылар өздері таңдаған тақырыпта үш тілде мақал-мәтел ойлап, баламасын жазуға талаптанады, дербес ізденеді, интернет желісіндегі қосымша ақпарат көздеріне, сөздіктерге жүгінеді, ақтара қарайды. Тағы бір шығармашылық бағыттағы тапсырманың бір түрі: «Тіл тағдыры ақындар көзімен». Бұл тапсырмалар білім алушылардың ізденушілік әрекеттеріне, өз беттерімен білім алып, алған білімдерін ортаға салып, дәлелдеу дағдыларына түрткі болды. Ауызша, жазбаша сөйлеу тілдерін дамытты. Пәнаралық байланыстың негізінде оқушылар әр пәннен алған білімдерін тоғыстыра отырып, өз мақсаттарына жете білді. Үштілділікті әдебиет сабағында да жүйелі түрде қолданып келеміз. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті (кіріктірілген) сабағында іздендіру-зерттеу бағытындағы тапсырма ұсынуға болады. Яғни «Ертегілер» тақырыбындағы сабақта қазақ ертегілері мен әлем халық ертегілерінің үндестігі бойынша білім алушылар салыстыру жұмысын жасап, тапқан деректерін топпен бірлесе отырып, үш тілде еркін баяндап беруге талаптанады.
Әдебиет пен тіл – рухани егіз пәндер болғандықтан, оларды бірлікте ала отырып жүргізген сабақтарда үштілділікті қолдану аясында оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін, зерттеушілік әрекеттерін дамытып, салыстыру, талдау, дәлелдеу сынды дағдыларын қалыптастыруға түрткі болдық. Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар: модель, презентация, жоба құру сынды бағытта да ұсынылып отырылады. Сонымен қоса бұл жұмыстар білім алушылардың қызығушылығын оятты. Мектебімізде өзге ұлт өкілдері түрлі пәндік олимпиадаға, конкурстарға, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Атап айтқанда, Шегай Алла облыстық олимпиадада 2-орынға ие болып, республикалық олимпиадаға қатысқан, Алғыс хатпен марапатталған. Зинатулина Рада, Пимакова Катя , Шегай Олег, Филонов Руслан қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, қазақша сауатты жаза білетін, қазақ тілін құрметтейтін оқушылар деп айта аламын. Оқушылармен де, ұстаздармен де таза қазақша сөйлеп, қазақша пікірлеседі, ойларын түсінікті жеткізе алады. Бұл жағдайды қазақ тіліне көрсетіліп отырған құрмет деп түсінуіміз қажет.
Көптілділік – заман талабы. Бір халықтың мәдениетін басқаларымен салыстыру арқылы ғана, әлем суретін әр алуан әрі тұтас көруге мүмкіндік беретін ұлттық мәдениеттің барлық ерекшеліктерін және құндылықтарын сезінуге болады. Жалпы адам неғұрлым көп тілдерді білген сайын, соғұрлым мүмкіндіктері де арта түседі. Өз ана тілінен басқа бір шет тілді меңгерген адамның келесі тілдерді меңгеруі әлдеқайда жеңіл болатынын психолог ғалымдар дәлелдеген. «Қандай да болмасын бір өзге тілді білетін адамға екінші тілді меңгеру біріншіге қарағанда айтарлықтай жеңіл және тез болады. Себебі бірінші өзге тілді меңгергенде, адамда ана тіліне қосымша үйренуші тіл сезімі қалыптасады, сонымен қатар, жалпы тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дамиды, осы қабілеттің арқасында адам тек қана үйренетін тілдің емес, жалпы тілдердің арасындағы ерекшеліктерді айыра алады» деген.
Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашылатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік.
Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Бүгінгі тез өзгеріп жатқан дүниеде өмір сүріп, еңбек ету үшін жан-жақты болу қажет. Осыған орай, бүгінгі таңда Қазақстанға ақпараттық-технологиялық, ғылыми, медициналық, оқу-әдістемелік т.б. салаларда жаңалықтарды, әлемдік ілгері тәжірибелерден хабары болып, бұл жаңалықтарды өзінің ана тілінде халқының игілігіне пайдалану үшін халықаралық байланыстарды нығайтып, әлем аренасына шығу үшін көп тіл білетін мамандар қажет. Нарықтық экономика еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды қажет ететіні белгілі. Бұл оқу орындарының барлық салаларына жаңа талап, жаңа міндет, жаңа мақсаттар жүктейді. Сондықтан ұстаздарға қойылатын басты талаптардың бірі – өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін көп мәдениетті жеке тұлға қалыптастырып, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу.
Көптілділік заман талабына айналып отырған кезеңде ана тілімізді ардақтай отырып, өзге тілдерді білгеніміз әлемдік мәдениетке, өркениетке, білім кеңестігіне еркін кірігіп, болашақта алдыңғы қатардағы бәсекелестікке қабілетті дамыған 50 елдің қатарына енуімізге, жаһандану үрдісінде өмірдің барлық жағынан бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіншілігімізді арттырады. Көптілділік қазіргі әлемнің басты мәселесі адамдар арасындағы келісім мен өзара түсінушілікті шешуге көмектеседі.
Қазіргі заманда әсіресе ағылшын тілін пайдалану қажеттілігі туып отыр: онсыз халықаралық қарым-қатынас, жаңа технологияларды меңгеру мүмкін емес.
Өзге тілді білсең, өрге шығасың, өз тіліңді білсең, төрге шығасың. Орыс тілі әр елге, ағылшын тілі әлемге есік ашады.
Қорыта келгенде, білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды, іскерлікке қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады. Сондықтан мұғалімдердің көптілділіктің жеке тұлғаның калыптастыруына ықпал етулері үшін өз білімдерін заман талабына сай көтерулері керек. Өскелең ұрпақтың үш тілді: қазақ тілін – мемлекеттік тіл, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі жəне ағылшын тілін халықаралық тіл ретінде оқып- үйренуге ұмтылыс жасауы – замана талабы, болашақ ұрпаққа қажеттіліктен туындап отыр. Сондықтан да, елімізде «Үш тұғырлы тіл» мəдени бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылатын болады. емек, еліміздің экономикалық әлеуметтік дамуы үшін интеллектуалды жоғары тұлғалар керек. Демек, ұлттық білім саясатына барынша жауап бере алатын көптілді меңгерген тұлғаны қалыптастыру жолындамыз.