Гендерлік теңдік-қоғамның дамуының қайнар көзі
Гендерлік теңдік адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Дүниежүзі халқының жартысын әйел заты құрағанымен, қоғамда толыққанды тепе-теңдік орнауы үшін алда біраз белесті еңсеруге тура келеді. Өйткені әлі күнге дейін гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыру әлемдік проблема болып тұр. 1970 жылдары халықаралық феминистік қозғалыс күш ала бастады. Осы жағдайға ерекше мән берген БҰҰ Бас ассамблеясы 1975 жылды Халықаралық әйелдер жылы деп жариялады және Мехикода әйелдерге арналған бірінші дүниежүзілік конференция ұйымдастырды. Конференцияның қатаң ұсынымынан кейін 1976-1985 жылдар аралығы Әйелдер онжылдығы деп мақұлданды және арнайы қор құрылды. Содан 1979 жылы БҰҰ-ға мүше жер бетіндегі 187-ден аса мемлекет әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою жөніндегі конвенцияны қабылдады. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Қазақстанның Конституциясы адамды жынысына қарап кемсітуге тыйым салады. 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды. Гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған осындай бастамалар жиі жүзеге асырылып жатқанымен, әлі де болса қоғамда аталған мәселе шешімін таппай отырғаны рас. Еліміздің саяси өміріне барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету мемлекетте демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Гендерлік саясат әйелдерге тең қол жетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет.
Отбасының тізгіні ер адамға жауапкершілік ретінде жүктеледі. Еркектер әйелдерге пана, қамқор, басқарушы. Сол басқарушылықты дөрекілікке, қамқорлықты жалқаулыққа айналдырмаса дейсің. Өйткені, елімізде әйел адамның бәрі бірдей өз құқын біліп, қорғай бермейді. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болатыны да сол себептен. Ең бастысы әйел адамның туа бітісі нәзік жан екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді, себебі, балалардың туылуы, олардың тәрбиесі нәзік әйелдердің мойнында. БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. Тұрақты даму мақсаттары концепциясының 5 бөлімі –гендерлік теңдік екенін алға тартқым келеді.Демек,гендерлік теңдік қай кезде өзекті,әрі өткір тақырып. Гендерлік теңдік – қоғам дамуының негізі. Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлық технологиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзыреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті болуы керек. Дамудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда әйелдердің елдегі экономикалық және саяси өмірге жан-жақты және белсенді қатысуының маңызы зор.
Бисенова М.Қ
Атаханова Г.М
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті қылмыстық құқық,қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушылары
Худайбергенов Ж
Заң факультетінің магистранты