Білім және ғылым министрі «Әліппені кері қайтару керек» — дегеннен бері осы саланың мамандары «Әліппе қандай болуы керек?» — деген мәселеге ойларын сарп етуде. Біреулер А.Байтұрсынұлының әліппесін қайтару керек десе, біреулер әліппе білім берудің заманауи талаптарына сай жазылуы керек дегенді алға тартады.
Осы мәселенің шешімін табу мақсатында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшылығымен ғылыми-педагогикалық интеллегенция өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері Қойшығара Салғарин, Жолдасбек Мырзатай, Ғарифолла Есім, Нұртөре Жүсіп, Оразкүл Асанғазы, Кенжехан Матыжанов, Дихан Қамзабекұлы, Анар Салқынбай, Шерубай Құрманбай, Фаузия Оразбаева, Ерден Қажыбек, Жүнісбек Әлімхан, Құралай Кудеринова, Орынай Жұбаева, т.б. ғалымдардан тұратын тұжырымдамалық кеңес құрылды.
Сәуірдің 30-күні Білім және ғылым вице-министрі Ш.Каринованың төрағалығымен тұжырымдамалық кеңес мүшелерінің, мұғалімдер мен әдіскерлердің және оқулық авторларының қатысуымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген «Әліппе»/«Ана тілі» пәндерінің оқу бағдарламасы талқыланды.
Талқылау барысында қоғам қайраткерлері бағдарламаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Педагогика ғылымының кандидаты Бижан Игенбаева мен философия докторы Арай Жүндібаева «Сауат ашу» мен «Әліппе/ «Ана тілі» бағдарламаларына салыстырмалы талдау жасап, оқу мақсаттарын жетілдіру бойынша ұсыныстар жасады.
Кеңесте айтылған ғалымдар пікірі оқу бағдарламасы А.Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделуі қажет дегенге саяды. Жаңартылған білім мазмұны бойынша әріптерді 8 ортақ тақырып төңірегінде үйрету турасында да біраз пікірталас туындады. Бағдарлама әзірлеушілер бұл ортақ тақырыптар баланың құндылық кеңістігінің кеңеюіне, логикалық ойлау қабілеті мен тілдік дағдыларының дамуына өз пайдасын тигізеді десе, кейбір ғалымдар, керісінше, бұл бала білімін шектеуге әкеліп соғатынын атады.
Тарихқа сүйенсек, әліппе оқулығы заман ағымына қарай үнемі өзгеріске ұшырап, 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басынан бері оның 40-тан аса түрі жарық көрген екен.
Оқу-ағарту саласының 2 түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және кирилл әліпбиімен жазылды. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог Ы.Алтынсаринның «Қазақ хрестоматиясы» 1864 жылы жарық көрсе, кейінірек А.Е.Алекторовтың «К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ» (1891), А.В.Васильевтің «Букварь для киргизских школ» (1912), М.Нұрбаевтың «Әліппесі» (Уфа, 1910), З.Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (Қазан, 1910), М.Малдыбаев пен Ж.Аңдамасовтың «Қазақша ең жаңа әліппесі» (Қазан, 1912), К.Сырғалиннің «Қазақша әліппе кітабы» (Қазан, 1913) тағы басқа оқулықтар жарық көрген. Алайда бұл әліппелер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін түгел жеткізе алмаған себепті, кең қолданыс таба алмады.
Ал ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлының төте жазу үлгісімен жазылған жаңа әліпбиі қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап берді. Өйткені ол орыс графикасын емес, ділімізге жақын араб жазуын реформалап, оның емлесін – дұрыс жазу ережелерін жасады. Сөйтіп, жаңаша оқып, жазуға кең жол ашқан «Оқу құралы» 1912 жылы дүниеге келген болатын. Осы еңбекке 1912-1925-жылдар аралығында түрлі түзетулер енгізіліп, 7 рет жарыққа шыққан.
1925-жылы А. Байтұрсынұлы әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жаңа әліппені ұсынды. Бұл құрал осы күні кеңінен қолданылатын «суретті әліппеге» негіз болды. Осы еңбегі арқылы А.Байтұрсынұлы сөздерді «буынға бөліп оқу арқылы» емес, «дыбысталуына қарай оқу» дәстүрін Қазақстанға алғаш енгізген болатын. Оқулықты “а”,“р”,“з” әріптерінің таныстырылуымен бастаған ол әр оқушының үйрену деңгейін назарға ала отырып, әріптерді үйрету барысында жаңылтпаштардан мысалдар келтіріп отырған. Мысалы «о» әрпінен кейін “Зор Ораз, Ор Ораз,Ораз орар, аз орар”, “т” әріпінен кейін “Астан ас асат. Асат, аз асат! Оқулықта қазақ тіліндегі сөздердің дыбысталу ұқсастықтары мен ерекшеліктері ескерілген ұтымды әдіс қолданылды. Әліппеде сауат ашумен бірге балалардың ойы мен тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселелері дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан жетік шешімін тапты.
Саяси себептердің салдарынан бұл әліппе 20 жылдардың аяғына дейін ғана қолданыста болды.
1926 жылы қабылданған еңбек мектебінің жарғысы бойынша Қазақстандағы білім беру жүйесі КСРО-лық ортақ жүйеге көшірілді.
1927-1929 жылдары Т. Шонанов, І.Кеңесбаевтың латын әліпбиі негізінде «Жаңалық» және Т. Шонанов пен М. Жолдыбаевтың «Жаңа арна» әліппесі жарық көрді.
1934 жылы КСРО Халықтық комиссарлар Одағы оқу әдебиеттерін бірегейлендіру туралы қаулы қабылдануына байланысты «Әліппе» алғашқыда латын әліпбиімен, кейіннен кирилл әліпбиімен қайта жарық көреді.
1952-1963 жылдар аралығында І.Кеңесбаев, Н.Миршанов, Ә.Байділдин, Ғ.Бегалиев авторлар тобы құрастырған әліппенің бірнеше басылымы жарық көрген. Әдістемелік еңбектерде «Н. Миршанов әліппесі» деп аталған бұл әліппе сауат ашудың дыбыстық талдау-жинақтау әдісімен жазылды және сауат ашу жұмысын ғылыми жүйелеп, кезең-кезеңге бөлген, оның әр кезеңінде жүзеге асырылатын мақсаттар мен міндеттерді айқын белгілеген оқулық болды.
Әліппе кезеңдік саяси-қоғамдық өзгерістерге және саяси идеяларға жауап беретіндігіне байланысты жиі алмастырылды.
1964 жылы М. Төрежанов пен З. Әйтенованың әліппесі ұсынылды. Бірақ оқулықта саяси әсірелікке көбірек мән берілуіне, тіл дамытуға арналған мәтіндердің тапшы болуына байланысты төрт жылдан кейін қолданыстан шығып қалды.
1967 жылы З. Төрежанова, М. Төрежанова, М. Жұбанованың авторлығымен жарық көрген жаңа әліппенің жазылуына сауат ашу кезеңінің 6 айдан 3 айға дейін қысқартылуы себеп болды.
1984 жылы Кеңес Одағы мектептерінде алты жастан бастап оқытуға көшу оқулықтардың жаңа кешенін әзірлеуді қажет етті. Сауат ашу кезеңін бір жыл бойы жүргізуге есептелген әліппе Ш. Әуелбаевтың авторлығымен жазылды. Әліппеде алты жастағы балалардың физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерін ескермеу, грамматикалық ұғымдарды ерте бастан үйретуге әуестену сауат ашу жұмысына едәуір қиындық келтірді. Сондықтан оқулық екі жыл ғана қолданыста болып, 1986 жылы толықтырылған авторлар құрамымен қайта жарық көрді. Бұл оқулықта да ресми бекітілген оқу бағдарламасының талаптары ескерілмеген тұстары болды.
1990 жылы білім Министрінің әліппелерге жариялаған конкурсының жеңімпазы М. Жұбанованың әліппе оқулығы 1992-1993 оқу жылынан бастап қолданылды. Әліппеде балалардың ойы мен тілін дамытуға назар аударылып, олардың дүниетанымын кеңейтуге барынша мән берілді.
1995 жылы бастауыш сыныптардың жаңа оқу бағдарламасына орай сауат ашу кезеңі 1 жылдан 6 айға қысқартылып, Ш. Әуелбаев,
Ә. Наурызбаева, Р. Ізғұттынова, А. Құлажанованың авторлығымен жаңа әліппе жарық көрді. Оқулықта балаларды жас кезінен халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен әдет-ғұрпына баулу, отаншылыққа және адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты көзделді.
2000 жылдан бастап баспалар балама оқулықтар жасау мүмкіндігіне ие болды. 2016 жылға дейін мектептерде «Атамұра», «Алматыкітап» баспаларынан шыққан Әліппенің баламалы нұсқалары қолданылып жүрді.
2016 жылы орта білім беретін мектептер жаңартылған білім мазмұнына көшті. Жаңартылған оқу бағдарламасында пән атауы «Сауат ашу» деп берілуіне байланысты оқулық атауы және жаңа талаптарға сәйкес Сауат ашуды оқыту әдісі де өзгерді. Мұнда бір әріпті үйренуге төрт-бес сабақ арналып, сол уақытта баланы өздігінен ізденуге үйрететін түрлі тапсырмалар берілді. Тағы бір ерекшелігі — сауат ашу тыңдалым, жазылым, оқылым және айтылым сынды деңгейлерден тұрды да, бір әріпті үйрену жаңағы аталған төрт деңгей бойынша жан-жақты қарастырылды.
Бір ғасырға жуық тәуелділік қамытын асынып, өзгенің мәжбүрлі түрде жүргізген идеологиясының салдарынан әліппе оқулығы да өз даму жолында талай кезеңдерді бастан кешіргенін көріп отырмыз. Тәуелсіздік алғаннан бері білім саласында жасалып жатқан барлық реформа, оқулық жасауда бастан өткерген тәжірибе мен алдағы ізденісіміз – болашақ ұрпақты тек озық үлгілерге еліктіре отырып тәрбиелеу мақсатында батыл қадамдарға барып, өздігімен тәжірибе жинақтау, оқу-ағартудың өзіндік үлгісін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар.
Кеңесте де А.Байтұрсынұлы әдістемесінің заманауи білім мазмұнына келетін құнды тұстарын алып, қазіргі ғасыр ұрпақтарының қызығушылығына ұтымды бейімдеу қажеттігі туралы сөз болды. Жиналыс соңында Шолпан Таңатқызы тұжырымдамалық топтың берген ұсынымдары негізінде «Әліппе» /«Ана тілі» пәндерінің оқу бағдарламасын қайта қарауға тапсырма берді.
Алдағы мақсат — кешегі Ахмет Байтұрсынұлы аталарымыз мұрындық болған бастамалардың бүгінгі заманға сай көрінісі ретінде, заманауи талаптарға сай, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп тәрбиелеуге бағытталған жаңа «Әліппе» жасап шығару. Осы игілікті істе авторлар қауымына сәттілік тілейміз!