Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы,
Ақшұқыр ауылы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің
жоғары санатты, педагог-зерттеуші
биология пәні мұғалімі
Кужакова Гульмира Ахатовна
Қоршаған ортаны қорғау бүгінде бүкіләлемдік маңызы бар өзекті мәселе болып отыр. Ауаның ластануына орай, жер шарының жылдан жылға жылынып келе жатқаны барша халықты алаңдатады. Біздің елімізде де экология жайы мемлекеттік маңызы бар мәселе болып саналады және бұл салаға мемлекеттік деңгейде жете көңіл бөлінеді.
Қазақстандағы қазіргі күнгі ең күрделі экологиялық мәселе – суы тартылған Арал теңізі, Семей ядролық полигонының қоршаған ортаға тигізген зардаптары және тың игеру кезінде мақсатсыз жыртылып, бүгінде құнарынан айрыла бастаған жердің жайы десе болады. Әрине, әр өңірдің жергілікті деңгейдегі экологиялық мәселелері де жетерлік. Бірақ та, жалпы еліміздің халқын, одан қалды Орта Азия аймағында орналасқан мемлекеттерді толғандыратын Арал теңізі суының тартылуы, сондай-ақ, жоғарыда аталғандай мемлекеттік деңгейде қарастырылып отырған ядролық полигонның, тозған топырақтың жайы баршамызға ортақ.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті осы аталған негізгі үш экологиялық проблеманы шешу бағытында көп жылдар бойы мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Оның нәтижелері де жоқ емес. Осындай маңызды іске жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мектеп, оның ішінде ұстаздар қауымы да өз үлестерін қосып отырғанын атап өткен артық болмас. Мен биология пәнінен сабақ беремін. Өз шәкірттеріме әрдайым барша адамзат үшін маңызды болып отырған қоршаған ортаны қорғау жайында әңгімелеп, оның маңызына назарларын аударып отырамын. Қоршаған ортаны қорғау туралы айтқанда, бірінші кезекте әр адам экологиялық мәдениет дегенді түсініп, бұл мәселенің үлкен маңызы бар екендігін естен шығармаулары қажет-ақ.
Ертеден қалыптасқан «театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол сияқты экологиялық мәдениет деген де мектептен, мектепте алған тәлім-тәрбиеден бастау алады. Бала ең алдымен, айналасын ластамауға, белгіленбеген орынға қоқыс тастамауға үйренсе, экологиялық мәдениет деген осы ғой. Бұрынырақта жапон еліне саяхаттап барып қайтқан бір кісінің газетте жарияланған жолжазбасын оқыған едім. Әлгі кісі айтады, миллиондаған тұрғыны бар үлкен қаланың көшелерінде жерде жатқан бір де бір қоқыс көргенім жоқ. Тағы бір қызығы, көшені сыпырып, тазартып жүрген адамдар да аз көрінеді. Бұның сыры неде деп бір күні ол кішкентай құтыдағы сусынды ішіп, құтысын орындықтың жанына қойып кетеді. Былай шыға бере тоқтап, қарап тұрады. Бұл отырған орындықтың жанынан өтіп бара жатқан бір жапон жерде жатқан құтыны көріп, дереу барып көтеріп алып, қоқыс салатын жәшікке апарып салады. Міне, экологиялық мәдениет деген осы ғой. Егер біздің елімізде де әрбір адам қоқысты белгіленбеген орынға тастауға болмайды деген түсінікті саналарына сіңірсе және көшеде қоқыс жатпауын қаласа, сол кезде экологиялық мәдениет қалыптасты деп айтуға болады.
Қазір жаһандану үдерісіне орай әлем халықтары мидай араласып кетті. Сондықтан, ортақ үйіміз – Жер шарын, оның экологиялық тазалығын сақтау барша адамзаттың ортақ міндеті болып отыр. Бұндай түсінікті біз мектеп жасындағы балалардың санасына құйсақ, болашақ елдің тізгінін ұстайтын жастарымыз экология мәдениетін түсініп, сезініп өсетін болады. Ал олар өз кезегінде еліміздегі өткен ғасырдан қалған жоғарыда аталғандай Арал теңізінің суының тартылуы, ядролық полигонның ауаны ластауы, жер қыртысының құнарсыздануы сияқты проблемаларға жол бермейтіні анық.