Home » Жаңалықтар » 12 жыл білім алған түлектер мектеппен қоштасты

12 жыл білім алған түлектер мектеппен қоштасты

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 175 түлегі үшін соңғы қоңырау соғылды. Соңғы қоңыраумен бірге олар үлкен өмірге қадам басты. Облыстағы дарынды балаларға арналған оқу орны биыл үшінші рет халықаралық білім беру стандартына сәйкес толық 12 жылдық оқуды аяқтаған түлектердің алғашқы тобын шығарды.

Соңғы қоңырау салтанатты жиынына келген ата-аналарды, мектеп ұстаздары мен оқушыларды «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрлыбек Ожаев құттықтады. Ол өз сөзінде, мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан зияткерлік мектептер қазір өз жемісін беріп жатқанын айтты. «Қазақстанның білім беру саласын тек жақын шет елдерде емес, әлемнің озық, дамыған алпауыт мемлекеттері де мойындап отыр. Қазақ жастары қазір барлық іргелі мемлекеттердің университеттерінде жоғары білім алып, туған жердің игілі үшін еңбек етуде», деді партия төрағасының орынбасары.

Расында, осыдан он жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті негізін қалаған жиырма интеллектуалды мектептер еліміздің барлық аймақтарында білім сапасының артуына, бәсекеге қабілетті, оқу мен тәрбиені ұштастыра білетін ойы жүйрік, озық жастарды үлкен өмірге әзірлеуде. Назарбаев Зияткерлік мектептері тек білім берудің инновациялық алаңы емес, ол, өз деңгейіне жалпы білім беретін мектептерді жетелейтін, ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруды көздейтін шығармашылық тәжірибе алаңы. Қуантатыны сол, ашылғанына бес жыл толатын Назарбаев Зияткерлік мектебі қазір аймақта бетке ұстайтын, әлемнің кез келген мектебімен иық теңестіретін үздік оқу орны. Оны мектеп қауымдастығы өткен жылдың қараша айында CIS Халықаралық мектептер Кеңесінің аккредитациясынан сәтті өтуімен дәлелдей алды.

Ал бүгінгі 2017-2018 оқу жылының қорытындысына арналған салтанатты шарада мектеп басшысы Айдарбек Айтбөкешев оқушылар мен ата-аналарға, әсіресе, соңғы алты жылда білім нәрімен сусындаған түлектерге ақ жол тіледі.

«Бүгін, алтын ұямен қоштасып бара жатқан сіздерге мемлекетіміздің ертеңі, Елбасының сенімін артып отырмыз. Сондықтан қиыны мен қызығы бірге жүрген Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі тәжірибелеріңіз сіздерге өмірлік азық болатынына сенімім мол. Сіздерге оқуда табыс, жанұяда береке және барлық амал мақсаттарыңыздың орындалуына тілектеспін», деді мектеп басшысы.

Атап өтейік, биыл Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебін 600-ден астам оқушы бітірді. Олардың 175 мектеп түлегі болса, 49 үздік үлгідегі аттестатқа және екеуі Алтын белгіге үміткер. 12 сыныпты бітірген түлектердің 70 пайызы алыс-жақын шет елдердегі жетекші жоғары оқу орындарының грантына ие болып отыр. Жалпы білім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда артқан. Тағы бір ерекшелігі сол, зияткерлік мектептердің оқушылары үшін жазғы демалыс дәстүрлі үш айға емес, екі айға созылады. Өйткені 28 мамырдан бастап мұндағы оқушылар үшін «Жазғы мектеп» және зияткерлік мектептердің оқушыларына міндеттелген «Екі апта ауылда», «Ата-ана жұмысында 10 күн», «Туған елге тағзым» сынды әлеуметтік-зерттеу тәжірибелері басталады.

 

Дайындаған мектеп баспасөз хатшысы
Әнуар ЖАМАНҚҰЛОВ,

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.