Home » Мақалалар » Жас командир

Жас командир

Марлен – ойға алған ісін орындайтын бала. Оның бойындағы бұл табандылығы ауылдан арман қуып келген  қала мектебіндегі кадет сыныбы одан әрі шыңдай түскендей еді. Ұлытау ауданына қарасты Мибұлақ ауылының орта мектептебінде бастауыш сыныпты бітірген ол, Қарағандының №58 орта мектебінің 5 «А» кадет сыныбына қабылданды. Өзінің еңбек қорлығы мен елгезектігінің арқасында сыныбының командирі атанды. Туған ауылының жота-қыраттарын еркін шарлап, өзен-бұлақтарынан мал суарып,  шаруаға да, мал жаюға да ерте төселіп,  ата-әжесіне қолғабыс бола білген ауыл баласына қала мектебінде оқу қиынға түспеді. Оның үстіне оқуға деген зейіні  жоғары оқушының сурет салуға деген қабілеті де жоғары еді. Бойындағы бұл қасиетін одан әрі жетілдіру үшін тәтесі Марленді қаладағы Балалар мен жеткіншектер сарайының «Ала гүлдер» үлгілі бейнелеу өнері студиясына жаздырып қойды. Туған жер өскен өлке Мибұлағын, ол жердегі қыратпен белестерді сағынған сәттерде Марлен акварель мен қылқаламға ерік беріп, туған жердің әсем табиғатын бейнелейтін.
Кадет сыныбына түскен алғашқы күннен бастап, Марлен мектептегі осы бір эксперименталды жобаның белсенді қатысушысына айналды. Оған ер балаларды әскери бағытта оқытып тәрбиелеу мақсатын көздейтін кадет сыныбында оқу үлкен мәртебе еді. №58 орта мектепте кадет сыныбы Қарағанды қаласы білім бөлімінің жобасы бойынша  2013 жылы ашылған. Қазіргі таңда  жалпы қала көлемінде 7 мектепте кадет сыныптары жұмыс жасайды. Кадет ашудағы басты мақсат – жастарды отаншылдыққа баулу, әскери өмірге мектеп қабырғасынан бастап үйрету. Марлен оқитын мектептегі  бұл сыныптар ұл балалар үшін – Кадет сыныбы, ал қыз балалар үшін Әлия сыныптары деп аталады. Сондықтан аталған сыныптарға, әрине, оқуда да, спорттық жетістіктерде де озат болған оқушылар арнайы іріктеуден соң  ғана қабылданады. Балалар мектепте таңғы сағат сегізден беске дейін болады. Эксперименттің тиімділігі сол оқушылар уақытын таңертеңнен кешкі 5-ке дейін мектепте өткізеді. Күннің алғашқы жартысында оқушылар мемлекеттік жалпы білім беру стандарты бойынша ұл-қыз аралас сыныптарда білім алса, түстен кейін ұл балалар кадет сыныптарына, ал қыз балалар Әлия сыныптарына бөлініп, арнайы  бағдарламалар бойынша оқиды.  Түстен кейінгі сабақтар күнде-күнде өткізілмейді, араға күн салып, кесте бойынша жүргізіледі. «Қосымша курстар мен үйірме сабақтарының негізгі пәндерден соң, осы мектепте өткізілуі  ата-аналар үшін де ыңғайлы болғандығы себепті, жыл өткен сайын эксперименталдық сыныптарда  балаларын оқытуға тілек білдірген ата-аналардың қатары көбейіп келеді. Бір жағынан, мұндай сыныптарда оқушылар туған елге деген сүйіспеншілік сезімін оятатын,  отаншылдық, патриоттыққа баулитын  сабақтар алса, екінші жағынан,  бойындағы түрлі өнерлерін дамытуға мүмкіндік алады. Менің де бастауыш сыныпты ауылдан оқып келген Мәрленді осы мектепке беруімнің негізгі себебі де осы еді», — деді қала мектептерінің ішінде неліктен осы мектепке таңдау жасағанын айтқан Марленнің тәтесі  Ләйлә Бірмәнқызы.
Қыз балалар сыныбын «Әлия» деп атаудың өзінде мән бар. Өйткені бұл сөздің мағынасы ұлттық мән-маңызы жоғары есімді ғана емес, рухани жағынан да үлкен мазмұнға ие», — дейді мектеп қызметкерлері. «Әлия» араб тілінен аударғанда «таңғажайып», «ұлы», «ұлық» деген мағынаны білдіреді, Алланың 99 есімінің бірі болып табылады. Ал оның одан арғы түп-төркіні иврит тіліне үңілсек, «жоғарылау», көтерілу» деген мағынаға ие екен. Сондықтан сыныптарға осы есімді беруіміздің өзі, біріншіден, қыздарымыздың білімі жоғары болсын, оқуда да, өмірде де озат  болсын, екіншіден,  қазақтың батыр қызы Әлияның рухына тән батырлық, өршілдік қыздарымыздың бойында болсын деген ниет еді, – дейді ұстаздар.
Әлия сыныбының оқушы қыздары сабақтан кейін мектепте сәндік-қолданбалы қолөнерінің негіздерін үйреніп, тоқу, киім пішу, тігу, тамақ жасау сияқты қыз баланың жанына жақын өнерді игереді. Француз тілі үйірмесіне қатысады.  Сондай-ақ мұнда мектептің мақтанышы жас барабаншы қыздар оркестрі де бар. Оркестр мүшелері әрдайым қалалық, облыстық шараларға жиі қатысады. Жақында 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай өткен республикалық оркестрлер мен ансамбльдер шеруінде де №58 мектептің кадеттері де қатысып, өнер көрсетті. Ал Кадет сыныптарында оқитын оқушылар ер балалардың психологиялық ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылған үйірмелер мен қосымша сабақтарға қатысады. Мұнда  ұлдар шығыс жекпе-жек өнері,  семсерлесу сияқты спорт түрлерімен де айналысады. Марлен де өзі сияқты  балалармен қоса сап түзеу, қарулы күштер, қорғаныс саласының тарихы, ағылшын тілі, этикет тәрбиелік сабақтарына қатысуды ұнатады. Өзінің суретшілік өнерін де  ол осындай тәрбиелік сағаттарда да шыңдап,  әскери тақырыптарға сурет салып дамытуға тырысады. Мектептегі кадет сыныбының  ұлдары үшін де,  Әлия сыныбының қыздары үшін де  хормен ән айту және хореография сабақтарына қатысу – ортақ міндет. Өйткені әр оқу жылының соңында кадеттер қала деңгейінде ұйымдастырылатын кадеттер балына қатысып, вальс, мазурка, полонез, паде-грас, менуэт сияқты би өнерімен жұртты тәнті етіп, сап түзеп, хормен ән айтып, өздерінің жыл бойғы жинаған білімдері мен жетістіктерін  көрсетеді. Содан да болар, қала мектебіне келгеніне бір жыл толмағанына қарамастан, Марлен де биылғы оқу жылында ұйымдастырылған мектепаралық  кадет сыныптары арасындағы Саптық ән айту сайысынан 1 орынды жеңіп алды. Жыл  соңындағы кадеттер балында Марлен басқаратын 5 «А» сыныбының жетістіктері де ерекше атап айтылған болатын. Сыныптар қажетті оқу-әдістемелік құралдармен түгел жабдықталған, дәріс өту үшін арнайы мамандар бар. Әскери бағыттағы сабақтарды Қазақстан қарулы күштерінде қызмет еткен шенді педагогтар сабақ береді.  Оқушылардың мектеп формасы да өзгеше, әскери формаға өте ұқсас. Оқушыларға әскерлер сияқты жеке-басының күтіміне аса мән беріп, өз мектеп формасын өзі дайындау үйретіледі.  Ер балаларға болашақ Отан қорғаушысы, ер азамат тәрбиесі беріліп, өз өмірінің шешімін өзі қабылдау керектігі мықтап ұғындырылады. Ал қыз балалар олар болашақ жар, ана болғандықтан, ер азаматтың жанында нағыз өмірлік серік, небір қиындықтарға  қайыспай, ұрпағына қорған бола білетін абзал ана етіп тәрбиелеу мақсаты қойылған.
Кадет сыныптары ашылғаннан бергі бес жыл ішінде №58 мектепте жақсы дәстүрлер қалыптасқан. Мұнда әрдайым ең үздік кадеттер мен Әлия сыныптарын анықтау рәсімі өтеді. Ол үшін арнайы мақтау қағаздары, дипломдар және кадет шендерін беру тәртібі жасалған. Ең үздік сыныпқа берілетін ауыспалы кубок  та бар.  Оқу жылының басында мектепте «Кадет түні» өткізіледі. Онда 200-ден астам кадеттер сағат кешкі 6 және 9 аралығында мектепте болып,  инструкторлар тарапынан берілген түрлі тапсырмаларды орындап, есеп береді. Осының бәрі балаларды тәртіпке, жанындағы жолдасына қолдау көрсетіп, демеу беруге баулиды. Сонымен қатар мектепте қыз балалар проза, поэзияны мәнерлеп оқитын Әлия оқулары ұйымдастарылады. Жыл сайын мамыр айының соңы маусым айының басында ер балалар облыстық қарулы күштері мекемелерінің қолдауымен  далалық-әскери жиындарға қатысып, әскери «ғылым» –  қырда палатка құруды, әскери аспаздық, қару шашып-жинау, граната лақтыру сияқты дағдыларды игеріп, дене тәрбиесімен шұғылданады. Жас ұрпақтың жан-дүниесін дамыту ісінде бойына патриотизм, отаншылдық рухын дарыту мақсатында кадет сыныптары сияқты оқу бағдарламаларының маңызы зор. Биыл біздің кадет сыныбымыздың ашылғанына бесінші жыл толып отыр. Басында мектебіміздегі кадет сыныптары 5-9 сыныптар үшін ғана ашылған еді. Былтыр облыстық білім басқармасы алдында есеп беру кезінде мектебіміздің директоры осы эксперименттің жоғары нәтижесін көрсеткен жоба қорғап, білім ордамызда кадет сыныптарын 10-11-сыныптар үшін де ашу туралы оның ұсынысы білім беру басқармасы тарапынан қолдау тапты. Биылғы оқу жылында осы ойымызды іске асырамыз деп ойлаймыз.   Сондай-ақ бүгінгі таңда мектебіміз Облыстық «Жас ұлан» ұйымымен  бірлесе қызмет ету туралы меморандумға қол қойып, келешекте жас кадеттер «Жас ұлан»  ұйымының мүшелігіне қабылданып, олардың да барлық іс-шараларына қатысатын  болады»,- дейді мектептің кадеттер сыныбының тәрбиешісі Ерлан Рахимжанов. Ал жас капитан Марлен өзінің осы мектепте білім алып отырғанын мақтан тұтып, өз сыныбын  келер жылы үздік сыныптардың қатарынан көрсетуге барын салатынын мәлімдеп: Жұдырықтай жүрегімнің түбіндегі Отаныма деген асқақ сүйіспеншілік мені әрдайым алға жетелейді, мен барлық қазақстандық оқушыларға «Өз еліңнің – патриотты ұланы бол!» дегім келеді.  Өйткені біз арына жанын садаға еткен өр де намысты ұлттың  ұрпағымыз.  Айбынды бабалардың рухын  өшірмей, олар армандаған болашақты жасауды бүгіннен бастау – біздің тікелей міндетіміз,- дейді.

 

Анар СӘРСЕНБЕКОВА
«Білім айнасы», Қарағанды облысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.