Home » Білім және тұлға » Тағдырдың тартымды сыйы

Тағдырдың тартымды сыйы

Алғашқы қоңыраудың сыңғырымен мектеп табалдырығын аттағанда қолыңнан жетелеп, кішкентай ғана жүрегіңнің қорыққаннан әлде қуанғаннан дүрсілдей соққан аптығын аялы алақанымен басатын, алғаш қолыңа қалам ұстатып, қанатының астына алатын, бір уақыт өте қатал, ал бірде одан асқан мейрімді жан жоқтай болып көрінетін, адам өміріндегі қадірлі жандардың бірі – мұғалім.  Тарыдай болып келіп, таудай білім алатып шығатын алтын ұяның тірегі де жүрегі де сол ұстаздар қауымы.
Сәуле Мулдашева білім саласында еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына 35 жыл толыпты. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан 1960 жылы Алматы облысының Талды-Қорған ауданының Шұбар ауылында дүниеге келген. Білім мен ізгілікке деген құштарылығы жастайынан білінген Сәуле Орманбекқызының педагогикалық білім алуға деген құлшынысы заңды деп ойлаймыз. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының «Қазақ мектептері үшін  орыс тілі мен әдебиеті»  мамандығы бойынша білім алып шыққаннан кейін қызығы мен қиындығы қатар жүретін, талап пен талғампаздықты, мол ізденіс пен шығармашылық шыңдалуды қажет ететін ұстаздық өмірдің әлеміне аяқ басады. Адалдық пен еңбекқорлық деген өмірлік ұстанымның арқасында талай биіктерді бағындырып, әріптестер арасында құрметке, шәкірттері алдында абыройға ие бола білді. Елбасымыз: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, — деген болатын. XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық
реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Сол кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу әрбір жаңа формациялық үлгіде қалыптасқан жаңа үлгідегі мұғалімнің міндеті. Сәуле Орманбекқызы жоғырда айтылған талаптардың үдесінен шыға алатын ұстаз екендігінде күмәніміз жоқ. Бұл өз ұстазымыз болғандықтан айтылған сөздер емес, бұл мыңдаған шәкірттері мен әріптестерінің пікірі. Жас ұрпақтың дарыны мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру,
олардың өзіне деген сенімін нығайту, өмірде өз жолын өзі таңдауына түрткі болу жолында аянбай еңбек еткен Сәуле Мулдашева еленбей қалған жоқ. Білім ошақтары басшыларының мадақтамалары мен аудан әкімінің Алғыс хаты, Алматы облысы білім басқармасының Құрмет грамотасы, орыс тілі пәні бойынша мұғалімдерге арналаған республикалық қашықтық олимпиадасынан «Үздік нәтиже» сертификаты, республикалық қашықтық олимпиадасы  сертификаты, екі жыл қатарынан халықаралық «Русский медвежонок» конкурсының ІІ дәрежелі дипломы соның бір ғана айғағы болса, оған қоса Сәуле Орманбекқызының «Үздік ашық сабақ жоспары» республикалық ғылыми – әдістемелік  және «Білім шапағаты» республикалық – апталық  қоғамдық педагогикалық басылымдарда жарияланып, еліміз бойынша әріптестеріне үлгі бола білгені оның өз ісінің ш
нағыз шебері, білім саласының майталманы деп білуге толық негіз береді.
Ұзақ жылдар Алакөл ауданы, Қабанбай батыр ауылындағы Омар Молдағожин атындағы орта мектепте тер төккен мейірімді мамандық иесі, бірінші санатты мұғалім, аяулы ана Сәуле Мулдашева зейнет жасына жетіп отыр. Отбасының киесі мен берекесі болып, ұл өсіріп ұясына қондырған. Бүгінгі таңда ұлы, тұла бойы тұңғышы Азамат Мұратхан ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Шығыс» өңірлік басқармасының 2021 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің аға офицері, майор. Азамат ел қорғанында әскери қызметін абыроймен атқарып жүрген жан. Тек анасының ғана емес ағайынның мақтанышы.
Еткен еңбектің зейнетін көру бұл да бір Алланың берген сыйы деп қабылдағанымыз абзал. Ал, Сәуле Орманбекқызына шәкірт болу дегеніңіз ол тағдырдың берген тартымды тартуы десек артық айтқанымыз емес. Айтпағымыз, қызыққа құштар, сұлулыққа іңкәр жастық шақтың жалауын жықпай, еңбектің жемісі мен жеңісіне кенеліп, мақсат-мұратыңызға мүдірмей, армандарыңызға адаспай жетуіңізді тілейміз. Көңіліңіз көктем гүліндей кіршіксіз, өміріңіз өлең жолдарындай еш мінсіз болсын. Зейнет жасыңыз құтты болсын!

Шәкірті: Динара Нұрпейісова

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.