Home » Мақалалар » Тіл өркендесін десек…

Тіл өркендесін десек…

Тіл әрбір адамға өмір бойы керек. Жер бетінде халық та, тіл де көп. Ғалымдар  дүние жүзінде бес мыңдай тіл бар деп есептейді. Әр адамның қасиеті мен мәдениеті өз халқы, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенеді. Ананың сүтіне, уызына жарыған адам қашанда отаншыл, ұлтжанды болады деп сенемін. Әркімнің өз тіліне деген құрметі өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрмет деп білу қажет. Анамыздың сүтімен қанымызға сіңген тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Тарих тіл арқылы жазылады. Тарихқа жүгінетін болсақ, қазақ халқы 1072 жылдан 1940 жылға дейін үш алфавитті қолданған. 1072-1929жылдары араб, 1929-39жылдары латын, 1940 жылдан бастап орыс алфавитын қолданған екен. Ондағы мақсат, Ресейдің боданында болған халықтарды тілінен, дінінен айыру болғанын жақсы білеміз.
Қазір міне, Тәуелсіздік алғанымызға 29 жыл толып отыр. Құдайға шүкір егемендігімізді алып, үлкен мемлекет болып қалыптасып келеміз.
Біздің еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Қазақ тілі – өте бай, көркем тіл.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кездің өзінде-ақ Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп еліміздің келешегін анықтап берді. Ата заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылды. Қазақ тілінің болмыс-бітімі, икемділігі мен байлығы, қабілеті мен қасиетіне келсек, әлем тілдерінің қай-қайсысымен де ұялмай, қысылмай қатар тұруға лайық деуге толық негіз бар. Тәуелсіздігімізді жаңа алған 90жылдардың басындағы кейбір басылымдарда, «Бұл тіл мемлекеттік тілдің қызметін атқаруға әлі ертерек, оған қарымы жетпейді» деген сөздер теріс пиғылдан туған бос сандырақ болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» деген кітабында былай деген еді: «Дауға салса алмастай қиған, өмірдің кез келген орайында әрі қаруы, әрі қалқаны болған, әрі байрағы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен? Әрине, одан қымбат ештене жоқ деп айтуға болады. Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі». Сонымен бірге қасиетті қазақ тілінің күні — бүгінге дейін босағадан төрдегі өзінің лайықты орнына өте алмай келе жатқаны және шындық.
2008жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында тіл мәселесі туралы өткен конференцияда  « Енді бір елу жылдан соң әлем тұрғындары тек қырық тілде ғана сөйлейді» деген пікір айтылған. Бұл дегеніміз, жаһандану үрдісі тілімізді құрбандыққа шалады деген сөз, яғни тілінен айырылған халық ұлттық қасиетінен айырылады. Ол халық ретінде жоғалады. Қазақ тілі жұмыс тіліне айналмаса, сұранысы да азаяры хақ. Жаһандану дейтін айдаһардың аузында жұтылып кетпеуі үшін қасиетті іс шаралар жасалуы шарт. Бұл жерде зиялыларымыз көп айтатын ұлттық намыста, мемлекеттен бөлінетін қаржы да қауқарсыз.
Тілімізді дамытып, өркендету үшін бізге латын алфавитіне көшу керек деп ойлаймын. Бізбен көршілес отырған мемлекеттердің латын әліпбиіне көшкеніне біраз жылдар болды. Түркі тілдес халықтардан қырғыз бен қазақтардан басқаларының бәрі латын қаріпіне көшкен. Жарнамалар, көше аттары, жол бойындағы ережелерді үш тілде жазбай-ақ бір тілде латын әріпімен жазса, бәріне түсінікті, үнемді болары сөзсіз. Латын алфавитіне көшудің тиімді жағы бізге басқа шет тілдерін (неміс, ағылшын, француз) игеруге қолайлы. Себебі, мектепте 3-4 сыныптан бастап ағылшын тілі сабағы жүреді. Осы шет тілдерін үйрену үшін, тіліміздің тазалығы үшін латын әліпбиін қолдану керек деп есептеймін және де бұл тіл – компьютерді тез меңгеруге де қолайлы. Келер ұрпақтың тіл үйренудегі осы жолды ең қысқа жол деп санаймын.
Әлеммен байланыстың ең пәрменді құралы интернет (ғаламтор) ана тілімізде пікір білдіру мүлде қиын. Қазақша еріксіз кібіртіктейміз. Қазір қолданып жүрген қаріпіміз осы жерде әлсіздігін танытады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатындағы жұмыстардың жалғасын табатынын айтты.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байла­ныс­тыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдір­шіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет», — дейді.
Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.

Сарсембекова Тоғжан Өмірбекқызы
Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.