Кызылов Ербол Тлеубекович
Қарағанды облысы, Шет ауданы
Ақсу-Аюлы ауылы
«Жамбыл Ақылбаев атындағы
эксперименталдық мектеп-гимназия
базасындағы тірек мектебі (РО)» КММ
тарих пәні мұғалімі
«Біз Қазақстанның барлық азаматтарының
отаншылдық сезімі мен өз еліне деген
сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз».
Н.Ә.Назарбаев
Мемлекетіміздің саяси тарихында қазақ халқының патриотизмі маңызды орынға ие. Өз елінің мүддесіне қызмет етуден көрінетін Отанға деген сүйіспеншілік сезімі қоғам дамуы мен ұрпақтар сабақтастығының маңызды құрамдас бөлігі болған және солай болып қала бермек.
Қазақ халқы өз ұрпағын ізгілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді.Осы тәрбиені одан әрі жалғастыру үшін әрбір отансүйгіш азаматтардың өткен күнгі тарихты, батырларымыздың ерлік рухын білуі керек.Қазақ жастарының бойына ұлттық рухты сіңіру жақсы тәрбие беру деген сөз. Бұл жағдайда әлемнің екінші ұстазы, ұлы ойшыл Әл-Фарабидің « Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» -деген. Яғни барлық уақытта тәрбие бірінші орында тұратыны жайлы айтқан екен. Сондықтан да осы Әл-Фараби бабамыздың жолын ұстана отырып, біздер, яғни жас ұрпақ тәрбиелеушілер тәрбиені қалай қолға алсақ, патриоттық сезімде де дәл осындай дәрежеде, биік ұстауымыз қажет.
Міне, осы салаларды оқу-тәрбие барысында барлық жастар бойына сіңіру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Ол үшін жастарды патриоттыққа тәрбиелеу ісін мемлекеттік тұрғыда қолға алу керек. Бұл тәрбиені тек мемлекеттік тұрғыда емес, осы салаға үлес қосатын әрбір адам да еңбектенуі керек, яғни патриотизмді ояту үшін өз тарихының қойнауына көз жүгіртуі шарт. Отансүйгіштік сезім – отансүйгіштік рухтың құнарлы мәйегі. Ол адам өзі өңген топырағы мен өскен ортасына деген құштарлығының, құрметінің деңгейін білдіреді. Елге, жерге деген сүйіспеншілік асыл қасиеттер көктен түспейді, жоқтан жаралмайды. Ол әр адамға туған топырақтан, ана сүтімен дариды.
Әр балаға өз еліне деген патриоттық рух қалыптастыру үшін, оның бай тарихына, байлығына деген жауапкершілігін сезіндіретін әрекет жүйесін жасауымыз қажет. Патриотизмді оқушылардың жүрегіне ұялатып, санасына сіңірудің бір жолы «Жыраулық поэзия» арқылы.
Жыраулық өнер — Қазақ хандығының құрылуына байланысты өркендеген. ХҮІІІ ғ. қазақ халқының мәдениет тарихында ерекше орын алады. Көшпелі өмір салты жағдайында халықтың ауыз әдебиеті, жыраулық дәстүр, музыка өнері ерекше дамыған. Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі, патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысы сол кездегі ақын-жыраулардың өзекті тақырыбына айналды. Қазақ әдебиеті тарихында Ақтамберді Сарыұлы, Бұхар жырау Қалқаманұлы, Тәтіқара, Үмбетей Төлеуұлы сияқты көрнекті ақындары мен жыраулары ерекше орын алды.
Жыраулық поэзия – ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнеріміздің асыл мұрасы, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік белгісі. Ә. Тәжібаев: «Жырау – сөз жоқ, ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады. Ал, жыраулық – ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы» — деп жыраулық дәстүрді әдебиетте орны бөлек жеке сала ретінде алып қарастырады.
Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаған әйгілі халық батырларының ерліктерін де жыр еткен. Мысалы, Тәтіқара жырау толғауында:
«Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт.
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейді Ер Жабайды айт» — деп батырлардың ержүректілігін, батылдығын жыр еткен.
Ақтамберді жырау:
«Күлдір- күлдір кісінетіп» деп басталатын шығармасы – ақынның алдына қойған арманын танытатын патриоттық туынды. Одан тұлпар мінер ту ұстап, ел шетіне қорғау болып ерлікпен атын шығаруды аңсаған батыр адам үні естіліп тұрады. Ел қамы автор өз мүддесін бірге ұстайды. Сұлу құшу және батыр деген атаққа ие болу, бұл сайып келгенде, жалаулы найза қолға алып, жау қашыра білуіне, ерлік қимылдарына байланысты немесе жігіттің ерлік көрсетуге даярлығына тәуелді армандар бар. Автордың ойынша, ел үшін аянбай еңбек етіп көзге түссең дегеніңе жетесің. Ер азаматтың алдына қояр талаптарын ол өзінше термелейді.
Күлдір- күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз.
Күрек тісін қасқитып,
Сұлуды құшар ма екенбіз.
Күдеріден бау тағып,
Кіреукеден тон киер ме екенбіз
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз,
Сауыт киер ме екенбіз.
Сырттан сауыт киген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол қашырар ма екенбіз ….
Сол сияқты Қазтуған жырау да:
«Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!… — деп еңіреп өткен. Қазтуған жыраудың бұл толғауы өзінің рухани қуатын, идеологиялық мағынасын әлі жоғалтқан жоқ. Бұл туынды өзінің елге деген, туған жерге деген патриоттық рухымен, ғасырлар бойы халықты жігерлендіріп келді.
«Өзім өлсем де, Отаным аман болса екен» — деп өз жанын да аямаған бабаларымыздың ерліктерін ұмытпай, адам бойына патриоттық сезімді қалыптастыру үшін тәрбиені отбасы мен балабақшадан бастау керектігі айқын. Сәбиді отбасында патриотизмге тәрбиелеу, ана тілін үйрету, ұлттық мінез құлық қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға баулу, шыққан ата-тегін білуді таныту – ата-ананының парызы. Ендеше, бабаларымыздың ерліктерін ары қарай жас ұрпақ есте сақтап, ананың жасы, батырдың қаны төгілген бұл даланы көзінің қарашығындай қорғап жүру жас ұрпақтың патриоттық құралы болып табылады.