Алматы қаласы Наурызбай ауданы
№200 мектеп-гимназиясында «Мектеп-тәрбие мен білім ордасы» атты ата-аналар жиналысы өтті.
Жиналысқа Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Кусаинова Салтанат Амангелдіқызы, Наурызбай ауданы ІІБ ювеналды полиция бөлімінің басшысы Канагатова Назым Болаткадыровна қатысты. Сондай-ақ әкелер алқасы мен аналар алқасы да осы жерден табылды.
Жиналыс мектеп-гимназияның директоры Айнұр Нұрымқызының алғы сөзімен басталды.
«Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында ювеналды полиция бөлімінің басшысы Канагатова Назым Болаткадыровна сөз қозғап, ата-аналардың көкейінде жүрген өзекті сұрақтарына жауап берді.
«Балалар мен жасөспірімдер арасында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу» тақырыбында мектеп-гимназияның психолог мамандары Сүлеймен Әлия Сатыбалдықызы және Усипова Асель Нұржаубайқызы баяндамаларын оқып, сергіту сәтін ұйымдастырды.
Сонымен қатар, мектеп-гимназия директоры Айнұр Нұрымқызы ата-аналарды тағы бір мәрте мектептің ішкі тәртіп ережелерімен таныстырып, сұрақтарына жауап берді.
Отбасы-бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі. Бұл тәрбие барысында ата-аналар баласының күнделікті өмірі мен ісіне басшылық жасайды. Олардың рухани және еңбек дәстүрлері рухында тәрбиелейді. Осылардың бәрі баланың жан дүниесінің қалыптасуына әсері мол.
Негізі, ой санасы дамыған адамгершілік және дене тұрғысынан салауатты, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген тәрбие мәселесіне мектеп те, ата-ана да бей-жай қарай алмайды. Ал, тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынаста. Өйткені адамзат бесігін тербеткен баланың бас ұстазы ата-ана. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алып өседі. Қазіргі таңдағы мектеп пен отбасының байланысы нақты қай түрде көрінуі керек десек, бала тәрбиесінде мұғалім мен ата-ана ынтамақтастығы бір-біріне ауадай қажет. Педагогтар мен ата-аналардың өзара әрекетінің арқасында ғана оқушы тұлғасын дамыту мәселелерін табысты шешуге болады.
Осы тұрғыда, №200 мектеп-гимназиясында оқушы, ұстаз, ата-ана ынтымақтастығы жүйелі жұмыс жасайтынын байқадық. Мектепте жылма-жыл “Ең үлгілі отбасы” байқауы өтіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар апталығында “Ата-аналар белсенділігін қалай атқаруға болады?” тақырыбында дөңгелек үстел, “Мен ата-анаммен мақтанамын” тақырыбында альбомдар, буклеттер, ата-аналар бұрышы ұйымдастырылады.
Бұл істердің бәрінің бастауында мектеп директоры Айнұр Нұрымқызы және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Салкинбекова Акмарал Лесбековна мен үлгілі ұжым тұрғаны анық.
Бүгінгі өткен жиналыстан ата-аналардың мектеп ұжымына риза екенін байқадық. Біз де өз атымыздан мектеп-гимназия ұжымына ата-аналармен ынтымақтастықтарыңыз нығая түсіп, шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтасын деп тілек білдіреміз!
BILIM AINASY,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы