Home » Жаңалықтар » Жаңа стратегия бойынша жоба жұмыстары басталды

Жаңа стратегия бойынша жоба жұмыстары басталды

Жаңа оқу жылы Ж.Досмұхамедов атындағы Орал жоғары педагогикалық колледжі студенттері үшін жағымды жаңалықпен басталды.

Колледж «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен бірлескен пилоттық жобаға қосылды деп мәлімдейді Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі. Республикадағы педагогикалық колледждердің жаңа стратегиясы бойынша алғашқы жоба «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша эксперименталды бағдарламаны енгізуге бағытталған болатын.

Жаңа оқу жылының алғашқы күні І курс студенттері үшін Педагогикалық шеберлік орталығы дайындаған «Мамандыққа алғашқы қадам» деген іс-шарамен басталды. Бұл болашақ мұғалімдердің заманауи мектепте оқу және жас мамандардың өзін-өзін тиімді дамыту мотивациясына арналған ірі жобаның аясында ұйымдастырылды. Мысалы, «XXI ғасырдағы білім беру»  пікірталас семинарында  табысты педагогтың үздік техникалары мен дағдылары талқыға салынды. Бағдарлама бойынша болашақ оқытушылардың қызығушылығын тудыратын «Z ұрпағы: Біз қандаймыз?», «21-ғасырда қалай оқимыз және неге оқимыз?», «Білім алу мен өзін-өзі жетілдірудің үздік техникалары», «Академиялық адалдық», «Мәтінмен жұмыс стратегиялары», «Студент көшбасшылығы – мұғалім көшбасшылығы» сынды ойын-интерактивті тренингтер, шағын дәрістер, пікірталастар өткізілді.

Ал ең басты оқиға – Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебіне экскурсия болды. Студенттер бұл жерде жұмыс істеуді армандайтындарын жасырмады. Себебі оларды мұғалімдердің іс-тәжірибесіне қойылатын талаптардың өзгергендігі, мектепке жақындай түскені туралы жаңалықтар қуантпай қоймады.

Орал қалалық педагогикалық шеберлік орталығы директоры Лариса Обыденкинаның айтуынша, тәжірибелі ұстаздардың шеберлік сағаттар топтамасы студенттерге командалық рух, кәсіби ынтымақтастықты сезінуге мүмкіндік берген. Соның ішінде «Менің болашақ мектебім» кампус-туры, көшбасшылық пен шығармашылық бойынша тимбилдинг пен тренингтер, «Менің кәсіби ұстанымым. Болашақ. Мансап» рөлдік ойындарының да ықпалы зор болған.

Бес күн бойы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы тренерлері ұйымдастырған практикумдар мен шеберлік сабақтары колледж ұстаздарына жаңа педагогикалық тәсілдер негізінде пәндер бойынша оқытудың оқу бағдарламаларын, жоспарларын әзірлеу дағдыларын жақсартуға мүмкіндік берген. Орталық мамандары колледж педагогтерінің біліктілігін арттыруға бағытталған тоқсаннан астам бағдарлама дайындаған.

Еске сала кетсек, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Ж.Досмұхамедов атындағы Орал жоғары педагогикалық колледжінің бірлескен жобасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ арасындағы меморандумға сәйкес жүзеге асуда. Бұл тың жобаның таныстырылымы туралы бұған дейін де жазған болатынбыз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.