Мектеп, мектеп – менің жарқын көңілім,
Мектеп, мектеп – шаттыққа толы өмірім.
Мектеп, мектеп – әнім болып төгілдің
Мектеп, мектеп – анам болып көріндің.
Мектеп – балаларды бүлдіршін кезінен бастап, есейіп ер жеткенге дейін білім нәрімен сусындатар алтын ордамыз.
Мектеп… Бұл сөзде қаншама мағына жатыр десеңші!
Мен,Сәрсенова Гүлзият Бисенғалиқызы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы Сүгір Бегендікұлы атындағы орта мектебінде оқимын. Мен 2004 жылы 21 желтоқсанда дүниеге келіппін.2010 жылы 1 қыркүйекте 1 сыныпқа қабылдандым. Әлі күнге есімде, мектеп табалдырығына алғаш қадам басқанымда, жылы шыраймен қарсы алған алғашқы ұстазым Мұқташева Күнбала Құлбайқызы еді. Мен сол сәттен бастап,ол кісінің анамдай тәрбиелейтін, жылы сөзімен мәпелейтін, өмірдегі бар жақсылық пен адамгершілікті үйрететін, білім нәрімен сусындататын – ұстаз ана екенін түсіндім.
«Мектеп – кеме, білім- теңіз» деген мақал бекер айтылмаса керек. Себебі: менің «МЕКТЕП» атты кемем қай жерге дейін мені жетелесе, мен де сол жерге дейін барып биік шыңдардан көрінерім анық деп ойлаймын.
Менің мектебім атақты жырау Сүгір Бегендікұлы атамыздың атында. Сүгір Бегендікұлы 1894 жылы Маңғыстаудың Өгіз-Өреулі деген жерінде дүниеге келген. Ол алғаш рет 16 жасында топқа түсіп елге танылған. 1930 жылғы «Адай көтерілісіне» белсене араласып, кеңестік қызыл қырғында атамекен Маңғыстаудан еріксіз көшкен. 1930-1968 жылдар арасындағы 38 жыл өмірін түрікмен, өзбек, қарақалпақ жерінде өткізген. Сүгір Бегендікұлы Хорезм елінен 1968 жылы Маңғыстауға көшіп келіп, 1974 жылдың 30 маусымында сексен жасында туған топырағында көз жұмады, зираты Маңғыстаудың Шопан ата қорымында.Мен осындай атамыздың есімі берілген мектепте оқығанымды мақтан тұтамын. Біздің бойымызда да Сүгір атамыздай елімізге деген патриоттық намыс, ерлік, батырлық, тазалық бар. Менің мектебім үлкен әрі таза, бірнеше оқу бөлмелері бар. Компьютер кабинеттері бар, интернет жүйесі қосылған. Мектебімізден қаншама шәкірттер білім алып, еліміздің түпкір – түпкірінде еңбек етуде. Қаншама шәкіріттер алтын белгі иегері, жоғары оқу орындарына түсіп оқуда. Мен де 1 сыныптан бері оқу озатымын. Қәзір мен 10 шы сыныпта оқимын.Ұстазым Мұқашева Үзім апай.Біздің сыныпта 16 оқушы бар. Біз бәріміз тату доспыз. Алысқа кетсек бір – бірімізді сағынамыз. Ауырып қалса достарымыздың көңілін сұраймыз. Ата–анамызды, ұстазымызды өте жақсы көреміз. Ұстазымыздың берген білімін, үйреткен үлгі,тәлім – тәрбиесін бойымызға сіңіріп өсудеміз.Сыныбымызда әр түрлі тәрбиелік шаралар, сайыстар, қызықты эстафеталық ойындар, кездесу кештері өтеді.
Мен осы уақытқа дейін қандай да бір жетістікке жетсем,осының барлығы ұстазымның еңбегі және мектебімнің арқасы деп ойлаймын. Биыл міне мектеппен қоштасуымызға 1 жыл қалды. Біз ұстазымызды қимаймыз. Менің апайым жайдарлы, жарқын мінезді ұлдарға сенімділікті, адалдықты, қамқорлықты, батырлықты, бір сөзділікті, уәдеге беріктікті үйретсе, ал қыздарға тазалықты, биязылықты, сыпайылықты, жөнсіз сөйлемеуді, салмақтылықты, ұқыптылықты, адалдықты үйреткен ұстаз.Мен ұстаздарымды қимаймын.Олардың маған артқан сенімдерін ақтаймын деп уәдемді беремін.
Мектебімде алған тәрбием мен білімім үшін мен шексіз қуанамын. Өзге елдердегідей емес, біздің елде білім тегін беріледі. Оқимын деген жастар үшін мемлекет тарапынан шексіз қолдау көрсетіледі. Мектептегі жылдарымның дәл осылай қызыққа толы өтіп жатқанына дән ризамын. Мектептегі жылдарымның тез өткенін, тез есейгенді қаламаймын. Менің үлкен апа-ағаларымның айтуынша, бүкіл қиын кезеңдер есейгенде басталады. Қазір білім беріп жатқан кезінде, үйрену керек. Мектебімнің әр қабырғасы мен үшін қымбат. Біз сыныптастарымызбен мектебімізді, сыныбымызды барынша таза және тиянақты ұстауға тырысамыз. Он бір жыл бойы білім алатын оқу ордамыз барлық оқушылардың өз үйіндей қымбат деп ойлаймын. Дәл осы мектептен үлкен өмірге деген баспалдақ басталады. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығамыз. Есейіп еңсемізді көтеріп, сарқылмас білім мен өнегелі адамдардың тәлім-тәрбиесіне қанып, үлкен өмір мектебіне аттанамыз. Мектепті тәмәмдап, жоғарғы оқу орнына түсіп, ата-ана, туыс, ұстаздарымыздың үміттерін ақтауға тиістіміз. Мектебім — менің мәңгілік алтын қазынам!
Сәрсенова Гүлзият Бисенғалиқызы
Жаңаөзен қаласы С.Бегендікұлы атындағы
№4 орта мектептің 10 сынып оқушысы
Tagged with: Мен өз мектебіммен мақтанамын!!! Сәрсенова Гүлзият Бисенғалиқызы