Жамбыл облысы әкімдігі
білім басқармасының баспасөз қызметі
2019-2020 оқу жылында облыста 9 171 түлек мектепті аяқтады. Олардың ішінде білім грантын алуға ниет білдірген 7181 түлек (78,3%) маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында ҰБТ-ға қатысуға өтініш тапсырды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың және облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ғазиз Надуевтің қатысуымен өткен баспасөз коференциясында айтылды.
Облыста түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Облыс мектептерінің түлектері мамыр айынан бастап «PyVela» көпфункционалды мобильді қосымшасы арқылы ұлттық бірыңғай тестілеуге тегін дайындалуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек түлектер Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz. сайтында, «Daryn.online», BilimLand порталында және «iTest» виртуалды кешенінде жарияланған онлайн тест тапсырмалары арқылы байқау сынақтарынан тегін өтуде. Онда тесттің 70 нұсқасы берілген.
Тестілеу 5 пәннен өткізіледі. Үшеуі міндетті, екеуі бейіндік пән. Тест тапсырмаларының саны – 120. Ең жоғары балл – 140. Ұлттық бірыңғай тестілеудің ұзақтығы – 3 сағат 50 минут.
Ескерте кететін жайт, тестілеуге кіру кезінде тапсырушы түлекте тыйым салынған заттар, яғни смартфон, қарапайым телефон, гаджет, шпаргалка табылса, ол тестілеуге жіберілмейді. Әрі биыл ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру құқығынан айырылады.
Түлектер қатаң санитарлық нормаларды сақтауы тиіс. Аудиторияларда әлеуметтік ара қашықтықты сақтау және маска кию міндетті, аудиторияларда желдету және ауаны тазарту жүйесі қамтамасыз етіледі және ҰБТ өткізу пунктеріне тепловизорлар орнатылады.
ҰБТ қорытындысы туралы сертифакат пен Білім беру грантының тағайындалуы туралы куәліктер электронды түрде беріледі.