Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
Басқұдық селосы
№9 жалпы білім беру орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі
Басенова Ақмарал
Еліміздің білім беру тарихында кездеспеген қашықтан оқу дегенді естігенде елдің бәрі елеңдеді. Япырай қалай болар екен деген таңдану мен қызығушылық барлық адамның көкейінде тұрды.
Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты оқушылар тоқсан аяқталмай, бір апта бұрын демалысқа шықты. Енді төртінші тоқсанды мұғалімдер онлайн түрде өтеді деген хабарды естіп отырдық. Елдің бәрі телефонның бетіне үңілген заман болды.
Білім және ғылым министрлігінің алдында қыруар атқарылатын міндеттер тұрды.Еліміздегі 3 миллиондай бала қашықтан оқуға дайын ба? Олардың бәріне смартфон, компьютер жете ме? Ғаламтор жоқ шалғай ауылдар қайтпек? Қалай оқытқан тиімді?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, аз уақытта жұмыс тобы құрылып, мамандар жаңа форматтағы білім жүйесінің моделін жасады. “Індет кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделенді. Мұғалімдер балаларды жаңаша оқытуға дайындалуда. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам телесабақ әзірленеді.
Осы кезде біздер де қарап жатпай әрбір баланың ата – анасымен қайта – қайта хабарласып, үйде компьютер, смартфонмен оқуға мүмкіндіктері бар не жоқ екенін, Балапан бағдарламасын теледидардан көруге мүмкіндіктерін сұрап біліп отырдық. Мұғалімдерге қашықтан оқытуға көмекке «Балапан», «Еларна» телеарналары атсалысты.
Алғашқы күндері қобалжып жүрдік. Алдыңда көріп отырған бала жоқ, үңіліп, ноутбуктың бетіне қарап сабақ өткен қызық болады екен. Әрбір қиындықтың бір қызығы болады демекші бұл сабақтарға да үйрене бастадық. Әрбір сабақ алдында әріптестермен сабақта не өтетінімізді, қандай әдіс – тәсіл қолданатынымыз туралы кеңесіп отырдық. Сайттардан сабаққа керекті әдістемелік деректер тауып, оқушылардың тақырыпты меңгеруі үшін үшін слайдтар, презентациялар жасап, сабағымызда қолдандық. Оқушылар да электрондық оқулықтардан, ақпарат жүйелерін пайдалануды үйренді. Мұғалімнің біліктілігі артты, оқушы өзбетінше білім алуға үйренді. Мектепте тұйық жүретін оқушы өз ойын еркін айта алды. Қашықтан оқу да кейбір оқушыларға оң әсерін тигізді. Оқушылардың сабаққа ынтасы жақсы болды. Сабақтың аяғында оқушыларға кері байланыс жасап отырдық. Кімнің сабақта қалай жауап беріп отырғаны, өз баласыының қалай оқитыны ата – анаға да мәлім болды.
Ата – ана , бала мен мұғалім арасында берік байланыс пайда болды. Мұғалім және ата – ана тарапынан бақылауға алынған бала сабаққа уақытылы қатысып, тапсырманы орындау дағдысы қалыптасты. Өздеріне жүктелген жауапкершілікті оқушылар да сезінді.
Кез келген нәрсенің жақсы және жаман жағы болатыны сияқты қашықтан оқудың да тиімсіз тұстары бар. Бала мектептегі қалыптасқан дағдыны ұмытады. Жазу каллиграфиясына мән бермейді. Алғыр балалар ізденіп оқиды да, қабылдауы нашар балалар көбіне сабаққа түсінбей қалуы мүмкін. Телефон қолына тиген бала ғаламтордағы түрлі ақпарат ағымына оңай ілесіп кетуі ықтимал. Сондықтан ата – ана баланы үнемі қадағалап отыруы керек деп ойлаймын.
Дегенмен, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші ата –ана , мұғалім, баланың мақсаты бір жерге тоғысқандықтан қашықтан сабақ өтуді де еңсеріп келе жатырмыз. Мектептегідей сабақ болмаса да, көп балалар өздігінен білім алу көздерін аша білді. Бұл жағдай бәрімізді бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен қиындықты жеңуге үйретті. Алдағы уақытта еліміз індеттен құтылып, мектебімізге барып оқитын күн туғай деп тілеймін.