Home » Мақалалар » ҰСТАЗ — ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

ҰСТАЗ — ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

Чорманова Алия Сбанкуловна
Алматы қаласы,
Түрксіб ауданы
Д. Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін
мектептің директоры

        Еліміздің болашағы – білімді ұрпақ. Ал білімді ұрпақты тәрбиелейтін әрине ұстаздар. «Қоғамды өзгерткісі келсе, мұғалім өзі өзгеруі керек» — деп американдық психолог Михай Чиксентмихай айтқандай өзім басшылық етіп отырған  ұжымымның ұстаздары көштен қалмай қоғаммен бірге  өзгеріп, білім алушыларды қашықтықтан оқытуда орасан жұмыстар атқаруда.    

       XXI ғасыр – білім ғасыры. Болашақтың бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде ғана. Қай ел болсын, өсіп – өркендеуі, әлемде өзіндік орнын алу сол мемлекеттің біліміне, білім сапасының жайына байланысты екені бәрімізге аян. Білімнің бастауы, қайнар көзі – мектеп болса, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы – білім беру саласы екені баршамызға аян. Осы тұста Мұхтар Шахановтың: «Бала жүрегі кішкентай күй сандық. Оның кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында үнемі сол кілт жүруі керек. Алғашқы қаланған кірпіші қалай болса, келешек келбеті де сол кірпіштің берік болуына келіп саяды» —  деген сөзі ойға оралады.

Ұстаз үшін нәтижеге жету шәкіртінің білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен алуы және алған білімдерін қажетіне өмірде қолдану болып табылады. Бүгінгі бала – ертеңгі жаңа әлем. Оқушының дамуына әсер етуші әлеуметтік фактор негізінде оқушы, мұғалім, ата-ана, басқа пән мұғалімдері ынтымақтасуы керек. Соның ішіндегі ұстаз — шәкірт өміріне өзгеріс енгізуші, бағыт — бағдар беруші, қиял әлеміне қанат бітіріп, білім нәрімен сусындатып, өнердің әр шыңдарына жетелейтін тұлға. Яғни, бүгінгі жас жеткіншектердің қоғамға лайықты азамат болып қалыптасуы — ұстаздан алар тәрбиенің түп тамырында жатыр.

Осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін, жауапкершілігі мол, киелі мамандықты таңдаған ұстаздар менің ұжымымда еңбек етіп келеді. Ұжымда 63 ұстаз еңбек етеді, барлығы жоғары білімді. Ұжымның басым көпшілігі білім деңгейлерін жаңа санатта көтерген. Мектепте 5 бірлестік жұмыс жасайды. Әр бірлестіктің жұмыс жоспары бар. Заман талабына сай  барлығы да жаңалықтың жаршысы. Түрлі білім жетілдіру курстарына барып, білімдерін жаңа форматта жетілдірген.

Қазіргі таңда елімізде  төтенше жағдайдың жариялануына байланысты оқытудың жаңа форматы енгізілді. Осыған байланысты еліміздегі бүкіл білім беру ошақтары тағы бір заманауи жүйені меңгеріп, қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті.

Қашықтықтан оқыту – бұл қашықтықта оқыту нысаны, мұғалім мен оқушының жеке бір кездесулерін талап етпейтін, көбінесе Ғаламтор желісінде пайдаланатын коммуникация-аудио, видеотехника және спутниктік байланыс арналары арқылы ұйымдасқан заманауи тәсілдері болып табылады. Қашықтықтан оқыту қажетті қашықтықты еңсерумен бірге  уақыт пен күшті үнемдейді. Осы орайда мектебімде қашықтықтан сабақ мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай оқу бағдарламасы бойынша, сабақ кестесіне сәйкес, цифрлық білім беру ресурстары бойынша әдістемелік қолдаумен және мультимедиалық материалдармен қамтамасыз етіліп, ұстаздар үшін алдын ала әзірленген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Ұстаздар оқушыға білімді жай ғана айтып қоймай,  пәнді терең меңгеруі үшін Kundelik.kz, Bilimland.kz, Daryn.online.kz, zoom интернет платформалары мен ресурстары және WhatsApp, Telegram мессенджерлері арқылы сабақтар өткізіп жатыр. Мәселен, мұғалімдеріміз тапсырмаларды мерзімінде беріп, олардың орындалуын дер кезінде тексеріп, бағалауды және кері байланысты өз  уақытында жүргізіп отыр. Білім алушылар бейне-сабақтарға қатысып, тапсырмалар алып, қажет болған жағдайда «Балапан», «Ел-арна» телеарналарынан күнделікті сабақтар көріп, білім алушылар толыққанды білім алуда.

Қашықтықтан оқыту кезінде сабақтың қандай форматта өтетінін түсіндіру үшін

1-сәуірде мектебімізде сынама сабақтар, 2-сәуірде «Қашықтықтан оқуды ұйымдастыру» деген тақырыпта ата-ана жиналысы, 3-сәуірде «Мен қашықтықтан қалай оқимын? » атты тақырыптарда сынып сабақтары өткізілді.

Сонымен бірге, қашықтықтан оқыту кезінде оқушылар мен мұғалімдер әртүрлі онлайн байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсам, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «Педстарт» қашықтықтан пәндік олимпиадаға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ботыбаева Аяулым Кайырбековна  І орын, Тогузбаева Айман Уябаевна ІІ орын, тарих пәнінің мұғалімі Терлекбаева Перизат І орын, бастауыш сынып мұғалімі Сәрсенбек Ақдидар І орын, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айтакынова Гаухар Алдабергеновна ІІ орынға және сертификаттарға ие болды. Республикалық алғашқы әскери дайындық пәнінен ұстаздар арасындағы олимпиадада мектебімнің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Кемалов Нәби І дәрежелі дипломды иеленді.

«Көкжиек» республикалық білімділер сайты ұйымдастырған ағылшын тілінен пәндік олимпиада  5  — сынып оқушысы Сақтаева Аружан І дәрежелі дипломмен және пән мұғалімі Айтақынова Шырын алғыс хатқа ие болды.

ADEBI.KZ электронды ақпарат, білім сайты ұйымдастырған Республикалық шығармашылық байқауында да оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсам, 8-сынып оқушылары Иманбаева Анель І-дәрежелі, Қадыржан Жасмина ,Әкімбек Уалихан 2-дәрежелі  және 9-сынып оқушысы Жүсен Шұғыла 1-дәрежелі, 7-сынып оқушысы Жүсен Шапағат 1-дәрежелі дипламдармен марапатталды. Оқушыларды шығармашылық байқауға дайындағаны үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Тогузбаева Айман мен Көпеева Гүлнар алғыс хатқа ие болды.

«Ұстаз тілегі» республикалық ғылыми әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» Блиц-турнирінде бастауыш сынып мұғалімі Опабекова Фарида Калиевна 1-орын жеңімпазы атанды.

Ұлы жеңістің 75 жылдығына байланысты патриоттық тақырыпта ұйымдастырылған республикалық эссе, сурет, көркемсөз байқауында да оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсам, 4-сынып оқушылары Айтқалиқызы Аружан 1-дәрежелі,Тұрдақын Меруерт пен Байдрахым Дана 2-дәрежелі, Байдрахым Даулет 3-дәрежелі дипломдармен марапатталды және бастауыш сынып мұғалімі Сыдықова Саягүл Галаматовна оқушының шыңдалатүсуіне жетекшілік еткені үшін алғыс хатқа ие болды.

Ата-аналар тарапынан да әкімшілікке және ұстаздарға көп хаттардың келуі де толастамады. Барлығының тілеуі ұстаздардың қадірін біліп, бала тәрбиесі үлкен жауапкершілік екенін түсініп жатты және оқушылар да тезірек осы індеттің жойылып, алтын ұя мектептеріне аман-есен оралуды армандайды. «Көптің тілеуі – көл» деп тегін айтылмаса керек. Қоғамның қасіретіне қарамай атсалысып еңбектенуден жалықпаған ұстаздар қауымы да тілеулес.

1-11 сынып оқушылары «Біз  үйдеміз, сізде үйде болыңыз!» тақырыбында челлендж

ұйымдастырды. Сыныптар арасында «Біз Жеңістің  ізбасарларымыз» атты эстафетаны   қабылдап, Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп,  оларды мәңгі есте сақтаймыз!-  деп  лебіздерін   бейнеролик арқылы  жолдап жатты.
Қарап тұрсам, ұстаз қашан да ізденісте, жаңалықтың жаршысы болып жүреді. Міне, менің басшылық етіп отырған ұжымымдағы әр ұстаздың осындай өзіндік жетістіктері мен жаңалықтары бар. Оған қосымша ата — аналар мен оқушылар белсене жұмылса, болашақта ел тізгінін ұстайтын жастардың білімді, ізденімпаз, жан-жақты дамыған болуы – қарапайым ұстаздың ерен еңбегінің ақталғаны деп білемін. Жалпы өмірде талап пен талпыныссыз ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Әрбір жетістіктің артында ізгі ниет пен қыруар еңбек, үздіксіз ізденіс жатады. Ұжымым алдағы уақытта да осы қадамынан танбай, білімі мен дарынын саналы, білімді, зияткер тұлғалар қалыптастыруға арнай берсін деймін.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қайырар болсам оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімдерін  қашықтықтан оқу кезінде  қажетке асыра білуіне жол ашылды. Мұғалім  өз білімін үнемі жетілдіріп, жаңартып отырғанда ғана жаңалықтың жаршысы  бола алады. Заман талабына сай ұстазы жақсының ұстанымы да жақсы болу керек. Бұл  білім саласындағы  өзгерістер — белсенді оқушы мен белсенді мұғалім әрекетінде жүзеге асатын үдеріс. Қазақстан Республикасы әлем картасынан ойып тұрып орын алар «Мәңгілік Ел» болып қалуына жол ашатын бұл өзгерістер  ұстаздарымды аянбай еңбек етуге жетеледі. Бала жүрегінің кішкентай күй сандығының сиқырлы кілтін   тауып, жанына мейірім нұрын төккен және біліммен сусындатқан ұстаздарыма толағай шығармашылық табыстар тілеймін!

Мұсылман халқы үшін қасиетті ай болып саналатын Рамазан айында да жүрекжарды ниеттеріміз қабыл болып, Аллам елімізге бұрынғыдай жарқын бейбіт өмірді көруге нәсіп етсін және елімізге келген тілсіз апаттардан сақтасын! Рамазан айы құтты болсын, Қазақ Елі! Бәріміз біргеміз, бұл тілсіз жауды да бірге жеңеміз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.