Home » Мақалалар » ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Алматы қаласы
Алатау ауданы
№180 жалпы білім беретін мектеп
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Жумабекова Лейла Мадиевна

        Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл. Бұл – аға буын ардагерлеріміздің жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды.

Отан үшін от кешкен жауынгерлеріміздің жартысы жат жерде жан тапсырып, аман қалғандары қайтып оралды.
Солардың бірі менің атам Смайлов Жұмабек. 1912 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Қызыларай ауылында дүниеге келген. 1939 жылы әскер қатарына алынып, сол жақтан майдан шебіне жіберіледі. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысып, 1942 ж. бастан ауыр жараланып, контузия алған.Сол жылы елге оралған. Темір ұсталығының шебері болған. Бүгінде атамыздың 9 баласынан26  немере, 29 шөбере тараған.

Отан үшін от кешкен бабаларымыздың қатарында менің қайын атам Досумбаев Біләл да бар.Әкеміз1923 жылы 14 қаңтарда Семей облысы Абай ауданы, Аркат ауылында туған. 1941 жылы әскер қатарына Семей облысыАягөз каласынан шақырылды. Сол жылы4-ші Белоруссия майданына сұрапыл соғысқа аттанды. 97-атқыштар дивизиясының құрамындағы 69-атқыштар полкінде болып, шайқастарға қатысты.1944 жылдың ақпан айында әскери бөлімшеден «Соғыста қаза тапты. Белорус ССР  Витебск облысы Витебск ауданы Макарово селосында жерленді » деген қағаз келіп жетеді. Бұл ақпарат осы күнге дейін Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі үлкен ерліктер туралы құжаттарды қамтитын Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің орталық мұрағатында сақталған.

Алайда әкеміз 1945 жылы сәуір айында Кёнигсберг (қазіргі Калининград ) қаласындағы шайкасқа қатысып, қолынан қатты жарақат алған. Ауруынан айығып шыққасын соғыстың соңына дейін болған. Соғыстан кейін қираған қалаларды қалпына келтіруге қатысқан. Елге оралып, 1950 ж.отбасылы болды. 1982 жылы 60қа  қараған шағында дүниеден өтті. Бүгінде әкеміздің 7 баласы бар. Олардан 19 немере, 29 шөбере тараған.

Осылайша жаумен шайқаста  аталарымыз үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Соғыс олар үшін батылдық пен төзімділіктің сынағы болды. Олар соғыста көп қиындықты басынан өткеріп. қорқыныш пен қайғы-қасіретті жеңе білді.

Майдандағы ерліктері үшін үкімет марапатына ие болды.

Бір өкініштісі, жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады.
Соғыс ардагерлерінің орны өскелең ұрпақ үшін қашанда ерекше. Отанын оттан қорғап, жеңіс деп жанын шүберекке түйген боздақтарымыздың ерлігі, қар жастандырып, мұз төсендірген сұрапыл соғыстағы батырлығы ел сүйіспеншілігіне әбден лайық. Ал біз соғыста ерлік көрсетіп, өскелең ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған аталарымызбен әрқашан мақтанамыз.
Жыл сайын «Мәңгілік алауға» келіп, тағзым етеміз, ортамыздағы ардагерлерге құрмет көрсетеміз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.