Home » Мақалалар » Балабақшада инклюзивті білім беру басымдықтары

Балабақшада инклюзивті білім беру басымдықтары

Баймұханова Салтанат Бактыгалиевна
Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы
 «Балдырған» МКҚК тәрбиешісі

 Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту өзекті мәселе күйінен түспей тұр. Елімізде жарымжан балаларға білім беру жүйесі жетілдірілуде. Педагогтер де осы бағыттағы құзыреттілігіміз бен ізденісімізді арттыруымыз шарт.

Инклюзивті білім берудің  Қазақстанда өріс алуы қажеттілік әрі перспективалық іс екенін мойындаймыз. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халқына Жолдауында білім беруді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып танылады [1].

Осы кезде ғылыми ортада педагогикалық қауымдастықтар  арасында инклюзивтік білім беру (баршаға қол жетімді және бәріне бірдей білім беру жүйесіне қосу)  идеясы кең етек алып келеді.   «Инклюзивті   білім» ұғымы, біздің өмірімізге 1996 жылдан бастап енді. Инклюзивті білім берудің негізінде барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру мақсаты жатыр [2].

«Табиғаттың мүмкіндігі шектеулі деп есептемейік! Адамның өнері арқылы бұл мүмкіндіктін  шектеусіз сипатқа ие болуы да ықтимал», Ж. Ламетри  айтқандай,  қазіргі таңда барлық әлемде жеке қажеттілікті түзету, педагогикалық қолдау мен бейімдеу баланы емес, балалардың білімдік сұраныстары мен жеке ерекшеліктеріне ортаның, отбасының белсенді қатысуымен білім беру процесіне толық қосуды қарастыратын барлығы үшін бір білім ордасы немесе инклюзивті білім беру туралы айтуда [3].

Инклюзивті білім беру – балаларды жалпы білім беру процесіне толықтай  қосу үшін балаларды  бір-бірінен ажыратып, кедергілерге  ұшырамауға бағытталған және олардың жасына, жынысына, этикасына, дініне қарамастан әлеуметтік бейімдеуге бағытталған  мемлекеттік саясат.

Сонымен қатар дамудағы қалыс қалу немесе экономикалық мәртебесіне, отбасына белсенді қатысуы, коррекциялық-педагогикалық және балалардың жеке мұқтаждарын әлеуметтік адресті қолдаудағы бейімдеудің баланы емес, ортаны жеке ерекшеліктерімен білімдік қажеттіліктерін білім беру жағдайларын  тиімді жолмен құру. Қазіргі теорияларға сүйенсек, даму ерте кезеңдерде нақ басталады, бұл жағдайда әлеуметтік ортаның дамуға әсері елеулі болмақ.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға  ерекше білім беру назарсыз қалмауы үшін әр педагог әдіс-тәсілдерін нақты ойластыру қажет. Тек қана балаға бейімделген тәрбие оның ішкі әлеуетін ашуға  мүмкіндік туғызады, әр адамға қарап, сабырлылыққа тәрбиелейді, отбасыларымен қарым-қатынастықты нығайтып, оқу барысына  кірістіреді.

Осы міндеттерді басшылыққа алған мемлекетіміз барлық балаларға бірдей көзқарас мүмкіндігін жасау, ерекше жандарды әлеуметтік қорғау, олардың қоғамға етене араласуына, оларды оңалту, жұмысқа орналастыру және жаңа жұмыс орындарын құру, білім алу, оқыту, қайта мамандандыруға үлкен мүмкіндіктер жасауда.

Мұндағы тәрбиешілердің  қызметінде  кәсіби дайындықта  біліктілікті арттыру жүйесінде базалық курстар, семинарлар, семинар-тренингтер өткізілуде. Мұндағы басты мақсат – білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты кәсіби тұрғыдан шешуде мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің құзырлылығын дамыту болып табылады.

Барлық балалардың оқып-үйрену деңгейі немесе қабілеттері бірдей емес. Осыған сәйкес, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерінің саралап оқыту мүмкіндіктерін жетілдіру де маңызды. Өйткені, зерттеу нәтижелері бойынша, саралап оқытудың тиімділігі бұл әдістің оқуда әртүрлі қиындықтары бар балалардың немесе қабілетті, дарынды балалардың оқуына оң ықпалын тигізеді.

Саралап оқыту алдын ала ойластырылған процесс болып табылады. Егер әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуын ету қажет болса, онда баланың қабілетін түрлі әрекеттерде көрсету үшін зерттеуге дайындау қажет.  Мектеп жасына дейінгі кезеңде (3-7 ж) бала организмінің дамуы қарқынды түрде өтеді. Бала организмінің жалпы өсумен қатар жекелеген мүшелерінің анотомиялық түрде дамуы, олардың функцияларының жетілуі де байқалады [4].

Сондықтан тапсырма бойынша үйлестіру жұмысы, оқу ортасы бойынша саралау, баланың ақпаратты түсіну және қабылдау жылдамдығын ескеру, ресурс (ұсынылатын ойыншық немесе көрнекілік т.б.) бойынша саралау жұмыстары күнделікті жоспарға енгізіледі. Балалардың дербес ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, педагог олардың іс-әрекетін мұқият басқарып отырғаны жөн. Ол балалардың біреуіне жаңа ойыншықпен ойнауды үйренуіне көмектеседі, енді біреуіне бірге доп ойнауды ұсынады, ал тағы біреуіне тыныш отырып ойнайтын ойын тауып бере алады. Тәрбиеші барлық баланың әрекетке қатысуына мүмкіндік беруі тиіс, сонымен қатар балаларды бірлескен ойынға тартуға ұмтылуы керек.

Мен қызмет атқаратын Ойыл ауданындағы  «Балдырған» МКҚК базасында жүргізілетін әдістемелік жұмыс барлық баланың мүмкіндігін ескеруге, «әр бала — жұлдыз» ұстанымын басшылыққа алу көзделген. Тәрбиеленушілеріміз аудандық, облыстық байқауларда топ жаруда. Ұйымдастырылған оқу қызметін жоспарлауда педагогтің барлық балаларға бірдей көзқарас мүмкіндігін қарастырамыз. Өйткені, әрбір баланың өзіндік оқып-үйрену стилін ескергенде ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Осы стильдерді дөп тауып жоспарлау арқылы бүлдіршіннің қажеттілігі ескеріледі, оған тәрбиеші тарапынан қолдау көрсетіледі.

Әрбір бала ерекше тұлға болғандықтан, оның қабілеті мен дарындылығын тани білу, тиісті тәрбие мен оқыту тәсілдерін тиімді қолдана білу педагогтің алдына қойылатын маңызды міндет болып табылады. 

Анықтамалық әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 13 б.
  2. Аверин В.А. Психология детей и подростков.[Балалар мен жасөспірімдер психологиясы]: Оқу құралы. 2-басылым, қайта құрастырылған – СПб.: Михайлов В.А. басылымы, 1998. – 379 б.
  3. Выготский Л.С. Кризис трех лет. Вопросы детской психологии [Үш жастың дағдарысы. Бала психологиясының мәселелері]. Санкт-Петербург, 1997.
  4. Масару Ибука: После трех уже поздно [Үштен кейін кеш] / [ ағылшын тілінен аударған Н. Перова]. – М.: Альпина нон-фикшн, 2011. – 126 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.