Әділбек Көжекбаев (1916-2011)
Мен, Утебаева Махпал Саязбайқызы №107 лицей мұғалімі, жау жүрек батыр аталарымның ұрпағы болғаныма мақтанамын! Биыл Ұлы жеңіске 75 жыл. Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Менің екі атам да соғыс ардагері. Ел басына қиын қыстау күн туғанда азаматтар соғысқа аттанды, дәл сол саптың ішінде менің де аталарым Әділбек пен Күрішбек Көжекбаевтар болған.
Күрішбек Көжекбаев (1912-2019)
Соғыс және еңбек ардагері, Алматы облысының құрметті азаматы Әділбек Көжекбаев 95 жасында дүниеден өтіп, қабырғамызды қайыстырып кетті. Атамыз 1916 жылы 16 наурызда Райымбек ауданында дүниеге келген. Әке-шешеден жастайынан ерте айырылған Әділбек Көжекбаев атамыз жұмысқа ерте араласқан екен. 1941жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда 1942 жылы майданға аттанады. Украина жерінде болған ұрыстарға қатынасып, Украинаны азат етеді. 1943 жылы ауыр жазаланып, 6 ай бойы әскери госпитальда емделеді. Майдан даласынан алған ауыр жарақаттың салдарынан екінші топтағы соғыс мүгедегі болып, туған жеріне оралады. Атамыз мүгедектігіне қарамастан «Қызылту» колхозында мал шаруашылығы саласында жұмыс істеген. 1969 жылы соғыстан алған жарақатының салдарынан екінші топтағы мүгедегіне байланысты зейнетке шығады. Зейнетке шықса да атам еңбектен қол үзген жоқ. Жасы ұлғайса да, ұлттық салт-дәстүрді кейінгі ұрпаққа үйретіп отыратын. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін алған орден-медальдарына еңбек наградалары қосылды. 2011 жылы 95 жасында өмірден өтті.
Әділбек атамның ағасы Күрішбек атам 1912 жылы мамырдың 5-ші жұлдызында Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. Тоғызбұлақтағы 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Алматыдағы 6 айлық мұғалімдер дайындайтын курсты оқыған соң, курсты бітіргеннен кейін, өз ауылында сауат ашу мектебінде жұмыс істейді. 1941 жылы Армия қатарына шақырылып, Алматы қаласында 100-атқыштар бригадасының барлау квотасында алты айлық дайындықтан өтіп, 1942 жылы 18 тамызда майданға аттанған.
Берлинде жеңіс шеруіне қатысады, соғыста аға сержант дәрежесін алып, елге 1946 жылы оралады. Туған жерге оралған Күрішбек ата мектепте меңгеруші әрі колхоз партия ұйымының хатшысы қызметін атқарған.
Күрішбек атамыз 2019 жылы 107 жасында өмірден өтті. Күрішбек, Әділбек аталарымның жарқын бейнесі жанымызда мәңгі сақталады.
Қандай қиыншылық көрсе де Отан үшін жасаған еңбегі бізге үлгі. Сол бір қайратты да қайсар жандарға да бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.
Утебаева Махпал Саязбайқызы
Алматы қаласы
Түрксіб ауданы
№107 лицейдің көркем еңбек пәнінің мұғалімі