Home » Мақалалар » Менің педагогикалық ұстанымым

Менің педагогикалық ұстанымым

Коянбаева Гулжаухар Турсынбековна
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы
Ы.Алтынсарин орта мектебінің
 бастауыш сынып мұғалімі,
педагог- зерттеуші
бастауыш сыныптар бірлестігінің жетекшісі

         Менің өмірдегі бақытым — жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын, өйткені бұл айтуым — маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу — жай ғана мамандық емес. Ол — адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар   қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттасам — бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі  ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын. Міне,  осындайда «Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет» — деген Бауыржан Момышұлының  керемет дана сөзін әрқашан есіме аламын.

Әрине, ұстаз болу жоғарғы педагогикалық оқу орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін. Бұл менің ұзақ жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы, бәйтеректей биік діңгегі.

Ұстаз ретінде мен тек қана жалаң білім беріп қоюмен шектеліп қалмауға тырысамын. Ешбір сәтте есімнен ұлы ғұламамыз Әбу Насыр                   Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзі шыққан емес. Басты өмірлік кәсіби ұстанымым ретінде мақсатымды алтын қазыққа байлап келемін.

Менің ұғымымда, біріншіден ұстаз міндеті шәкірттеріне жақсы үйретуден де тереңірек жатыр. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу — біздердің, ұстаздардың бұлжытпас борышымыз.

Екіншіден ең бастысы, мұғалім шын мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі керек. Алдымен рухани қуат беруі керек. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мұғалім өз мәртебесін көтере алады.

Бүгінгі таңда оқушылардың үзіліссіз білім алу міндеттерін жетілдіруге сай мұғалімдерден олардың ойлау қабілеттерін дамыту, сонымен қатар өзіндік жұмыстарына қатысты іскерліктері мен дағдысын тәрбиелеу талап етілуде. Ол үшін өзіндік жұмыс оқушылардың тек үй жұмысын орындау барысында ғана емес, оқыту процесінің өн бойында өз орнын табуы тиіс. Оқушылардың әртүрлі өзіндік жұмыстары негізінде сабақтың нәтижесін және таным қабілеттерінің белсенділігін арттыруға болады.

Мұғалім оқушылардың өзіндік жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру үшін, алдымен, олардың өзіндік әрекетіне тән ерекшеліктері мыналар:

— оқушының алдын ала өз әрекетінің жалпы және нақты мақсаты мен міндеттерін анықтау;

— жоспарға сәйкес амал-тәсілдерді қолдана білу;

— өз әрекетінің барысын бақылап отыру.

Егер оқушы өздігінен жұмыс істеуге үйренбесе, оның оқуы жемісті болмайды, ол жиі сәтсіздікке ұшырайды. Мұндай жағдайда оқушының оқуға деген ынтасы төмендейді, соның салдарынан үлгірмеушілер қатарына қосылады.

Қорыта айтқанда мұғалім кәсіби шеберліктерін шыңдай түсіп, біліктілігімізді арттырып отырсақ қана тиімді нәтижеге қол жеткізе аламыз деп сендіре аламын.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.