Home » Мақалалар » Ұстаз- ұлағатты есім! 

Ұстаз- ұлағатты есім! 

Нурлыбаева Гүлдана Қуандыққызы
Нұр-Сұлтан  қаласы
Есіл ауданы
№69 мектеп- гимназиясының
бастауыш сынып  мұғалімі

Ұстаз!

Қандай  қасиетті сөз  едің! Сенің аяңа бәрі  сыйып жатыр. «Анаңды  Меккеге  жаяу  арқалап  апарсаң да, балалық  борышыңды өтей  алмайсың» дегендей, сенің алдыңда  бүкіл  адамзат бас иіп құрмет көрсетсе де, алақанға  салып  көтеріп өтсе де ұстаз  алдындағы  шәкірт  парызы  бәрібір орталанбас еді.

Баласының  болашағын  ойлаған  әр  ата-ана  баланы  мектепке  берерде бастауыш  сынып  ұстазы  кім болар екен, қалай  болар   екен, қалай оқытады, қалай үйретеді, білімді  санасына сіңіріп арқа  сүйер  сенімді  азамат, ұл-қыз етіп тәрбиелей  ала ма деп түн  ұйқысын төрт бөледі. Сәби  кезінде тамағы тоқ, киімін  көк  еткенге қуанатын  ата-ана  алдында  енді  жетіге  толған жеткіншегінің  болашағы, зор  жауапкершілігі  тұрады.

Міне, осы кезде ата-анаға көмекке келер ұлы адам ол- алғашқы ұстаз.

Қазіргі заман  нарық  заманы. Бұрыңғы  ұзын  арқан, кең  тұсаудың заманы  өтті. «Үкімет  асырайды, екі  қолға бір күрек» деген түсінік  ескірді. Болашақ оқыған, білімді, білікті, өзін-өзі алып  жүре  алатын, өзіне сенімді, Отанын сүйетін, сыйлайтын, өткенді қадір тұтатын, болашаққа  сеніммен қарайтын – білімді  ұрпақ  заманы. Әрбір  ұстаз  осыған  сай  тәрбие  беруге   тырысады.  Балалардың  бойына  білім  ғана  емес, сол білімді  өмірде қажетіне  жарата  алар, өзіндік  «мені»  бар, көкірек  көзі  ашық, жүрегі  мейірімге  толы  білімді  азамат  болса  дейді.

Халқымыз  әрқашан  ұстаз мәртебесін көтеріп, аса  жоғары  қастерлеп, бағалаған. «Ұстаздық  еткен  жалықпас, үйретуден  балаға», «Адамның адамшылығы  жақсы  ұстаздан  болады», — деп  айтқан  ұлы  Абай. Ал чех  елінің  белгілі  ойшылы  Я.А.Коменский: «Мұғалім  мәңгі  нұрдың  қызметшісі, ол  барлық  ой  мен  қимыл  әрекетіне  ақылдың  дәнін  сеуіп, нұр құятын  тынымсыз  жалын иесі» -деп, ұстаздар  қауымын  жоғары  бағалаған.

Мектеп  табалдырығын  аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы  десек, оларды  парасатты, саналы  азамат  етіп  тәрбиелеу – әрбір  ұстаздың  борышы.  Бүгінгі  мұғалім    мектеп  оқушыларына  тек  білім беріп  қана қоймай, оларға  халықтық  педагогиканың  нәрлі  қайнарымен   сусындату, әрбір оқушы бойына  ұлттық  мінез-құлық,  адамгершілік,  сыпайылық  пен  кішіпейілділік  қасиеттерін  қалыптастыруға, баланың  жан  дүниесін   рухани  қазыналармен  байытуға, қазақ  халқының  әдет-ғұрпын, салт- дәстүрін  меңгертуге  тиіс.

Бастауыш  сынып  оқушылары  үшін  мұғалім  олардың  еліктейтін, үлгі  ететін  абыройлы  жан. Олар  ұстаздың  барлық  іс-қимылына,  жүріс-тұрысына, сөйлеу  мәнеріне, адаммен  қарым-қатынасына  еліктейді. Сондықтан  да  жауапкершілігі  мол, адал  да  мейірімді, әділ  де  парасатты, рухани  дүниесі  бай   ұстаздар  ғана  балаға  білім  мен  тәрбие  беріп, оның  жан  дүниесіне  әсер  ете  алады.

Елбасы  Н.Назарбаев  «Болашақта  еңбек  етіп, өмір  сүретіндер — бүгінгі  мектеп  оқушылары, мұғалім  оларды  қалай  тәрбиелесе, Қазақстан  сол  деңгейде  болады. Сондықтан  ұстазға  жүктелетін  міндет ауыр», -деген еді. Ұрпаққа  тәрбие  беру, білім  нәрімен  сусындату — екінің  бірінің  қолынан  келе  бермейді. Сондықтан, ұстаз  болу — жүректің  батырлығы  деп бағалауға  болады.

Ұстаз  деген- ұлағатты  ұлы  есім!

Бойларынан  жылу  лебі  есетін.

Әр  балаға  өз  баласы  секілді,

Мейірім  мен  шапағатын  төгетін.

Аңғарымпаз, ақыл- ойдың  иесі,

Ұстаз-күннің  құдіретті  сәулесі.

Шәкірттерге  бар  уақытын  аямай,

Білім  нәрін  жан – тәнімен себеді.

Ұстаздарды  құрметтейік, адамдар!

Ұстаздардан  білім  алған  ғалымдар.

Ісі  сырттай  қарапайым  болғанмен,

Тарихтағы  ұлы  адаммен  тең  жандар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.