Рахимбаев Жусип Рахымбердинович
Нұр-Сұлтан қаласы
№ 69 мектеп -гимназиясының
дене шынықтыру пәнінің мұғалімі
«Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, алған өнегесінен, көпшілікті адамшылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақсылап тәрбиелеу керек»
Мұхтар Әуезов
Ерте заманда дала өмірінің адамға қояр талаптары өте қатал болған. Онда қару-қайраты, амал-айласы жоқ адамдардың өмір сүруі табиғатпен жекпе-жек келген сәттерінде, өз тіршілігін сақтап қалуы екі талай еді. Өйткені, өмірі далада өтетін қазақтың күні қауіп қатерге толы болған. Сондықтан жарты ғұмыры ат үстінде өтетін дала тұрғындары ат мініп, асау үйрету секілді өмірдің жан қиярлық қауіпті жақтарына жандары әуес болды. Бұл өзін-өзі сақтау секілді, өмір заңының бұлжымас қажеттілігі. Яғни, әбден шыныққан, бұлшық еттері темірдей тегеурінді, болаттай берік ұландарымыз ат үстінде жүріп елімізді қорғаған – бұл өмір мектебі.
Ендеше, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, шапса қылыш кеспейтін құрыш денелі Алпамыс секілді адамдардың өмірде болғандығы ертегі емес шындық деп түсінген жөн.
Қазақтың сонау көне заманнан мирас болып келе жатқан ежелгі заман көріністері сақталған ойындар арқылы жас ұрпақты халқымыздың ізгі қасиеттеріне, дәстүріне және шаруашылық кәсібіне тәрбиелеу маңызды рөл атқарады.
Ендеше, ұлттық мінез-құлқымызға сай қазақтың қарусыз қорғанатын жекпе-жек жаттығуларына тоқталайық.
Алғашқысы атқа отыру. Атқа отырғанда үзеңгі қысқа болады. Біз бүгінге дейін қысқа үзеңгіге атқа түзу отыруға оншалықты мән бермегеніміз рас. Екіншіден өзіңізге жүк теңдеуді алсақ, кәдімгі аяқтың сіңірлерін созатын жаттығу шыға келеді. Сондай-ақ, ат үстінде асауға шалма тастау, құнан қойды аяғынан шап беріп ұстау, сүзеген өгізді тезге түсіру, шалғы тарту, жүн сабау, киіз басу, келі түю, таяқпен қылыштасу, қыл шылбырмен соғу тәсілдері бар. Осы жаттығулардың кез келгені адам денсаулығына, оның өзін-өзі бұзақы топтан қорғауына пайдасы зор.
Ұрпағын ойламайтын халық болмайды. Адамзаттың даму тарихындағы алғашқы сәбилік ой сезімдерінің көрінісін балалар ойындарынан көптеп кездестіреміз. Қазақ халқының ұлттық ойындарының басты мақсаты – жастардың жан дүниесіне барынша әсер ету арқылы олардың психологиялық жағынан шыңдала түсуіне батыл қадам жасау.
«Аңшылар» ойынында аңды жан-жақтан қоршап аулау, топталып іздеу, жасырыну, қуу сияқты әрекеттері балаларды ұйымшылдыққа, айлакерлікке, дыбысты ажырата білуге баулиды. Жаугершілік дәуірдің бітімін, өзара қақтығыстарын қайталайтын «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Тұтқын алу», «Ат үстіндегі тартыс», «Итеріспек» сияқты ойындар балаларды соғыс өнеріне, ептілікке, батылдыққа және мықты болуға тәрбиелейді.
Қазақ халқының негізгі күн көру кәсібі төрт түлік малға байланысты болғандықтан, олардың бейнесі ойындарда да мықты орын алған. Төрт түлік пен үй жануарларының негізгі жауы қасқыр бейнесінде берілсе, кейде ескі сенім дерге байланысты жалмауыз кемпір тұлғасы көрініс береді. «Түйе», «Бота», «Ақ байпақ», «Қасқұлақ», «Соқыр теке» ойындары еңбекке кәсіпке баулуда ерекше орын алады.
Көшпелі тұрмыс тіршіліктің негізінде пайда болған, мал шаруашылығымен сабақтас асық ойындары да қазақ даласында кең тараған. Түрлі түске боялған асықтармен және қорғасын құйылған сақалармен ойнау сәби жастан балаларды ептілікке, дәлдікке және адалдыққа баулиды.
Қоршаған ортада және тұрмыс тіршілікте кездесетін тас, ағаш, таяқ, сүйек, орамал, белбеу, бөрік сияқты заттарды пайдалану арқылы қимыл қозғалыспен қатар, қарасөз немесе тақпақ айтуға байланысты ойындарға «Асау мәстек», «Ұшты-ұшты», «Ақ сүйек», «Ақсерек көксерек», «Үй артында қарлығаш» сынды ойындарды жатқызуға болады. Мұнда сөз кейде іс-әрекетке жетекші, ал кейде қосалқы қызмет атқарады да, тапқырлық, жылдамдық, ептілік қасиеттерімен қатар, сөзді жаттауға, есте сақтау қабілеттің дамуына ықпал етеді.
Күрес өнері де ұлттық ойын түріне жатады. «Қазақ даласының батыры» атанған, еркін күрестен жауырыны жер иіскемеген, әлемдік жарыстарда атақ даңққа бөленген тұңғыш қазақ палуаны – Қажымұқан Мұңайтпасов. Белгілі ақын Сұлтанмахмұт Қажымұқаннан: «Күрестің мәні неде?»- деп сұрапты. Сонда Қажымұқан: «Күрестің мәні жеңіс пен жеңіліс емес. Оның мәні алақандай аренаға шығып өз бақытың үшін күресуде. Қимыл – күрестің сыртқы бейнесі. Ал ең бастысы, күрес адамды табандылыққа тәрбиелеп, оны қиындыққа мойымауға үйретеді. Күресті түсіне білудің өзі – күресе білуде»-деген екен. Алып күш атасының өмірін үлгі еткен жастарды көп жылдар күрес өнеріне баулыдым. Еңбегім нәтижесін берді.
Қазақтың ұлттық ойындары арқылы балалардың тәні де, жан дүниесі де ойдағыдай жетіледі. Көпшілік ортада өзін ұстауда, өз орнын сезінуде және қысылғанда жол табуда ойындардың орны ерекше. Күш, шыдамдылық, дәлдік, адалдық, адамгершілік және сыйластық қасиеттері ұлттық ойындардың нәтижесі. Орыстың ұлы педагогы, әрі дәрігері П.Ф.Лесгафт: «Ойын арқылы адам өмірде кездесетін қиындықтарды жеңуге тәрбиеленеді» деп бекер айтпаған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Ш.Ыбраев. «Соқыр теке», Шакимашрип. 1990 ж.
- Қ. Толыбаев. «Кел, ойнайық», Құрманбек. 1990 ж.
- А. Молдагаринов. «Казахские детские игры», 1987 ж.
- Ғ. Тәжімбаев. «Күш атам». 1990 ж.