Акижанова Диана Муратовна
Нұр-Сұлтан қаласы
Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы
№85 мектеп-лицейінің ағылшын тілі
пәнінің мұғалімі
Соңғы онжылдық ішінде Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырады. Алайда, қазіргі таңда бүкіл дүниежүзінде болып жатқан оқиғалар Қазақстан Республикасын да айналып өтпеді. 2019 жылдың желтоқсан айында Қытай елінің Ухань қаласынан бастау алған «COVID-2019» індеті елімізге әсерін тигізді. Әлемдік пандемияға айналған «COVID-2019» вирусының қарқынды таралуына байланысты Қазақстан Республикасының барлық білім беру ұйымдары қашықтықтан білім беру жүйесіне көшті. Осының нәтижесінде көптеген мұғалімдер мен оқытушы мамандар жаңа технологиялар мен байланыс құралдарымен танысып, жұмыс үдерісінде белсенді қолдануда.
Әлемдегі қашықтықтан білім беру жүйесін өркендетудің басты мақсаттарынын бірі – оқушыларға кез келген мектеп, колледж немесе университет оқу бағдарламасы бойынша оқып, білім алуға жағдай жасау. «Қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалану арқылы оқу процесін ұйымдастыру білім алушыларға білім беру бағдарламаларын академиялық күнтізбелікке сәйкес меңгеру үшін жүзеге асырылады… ҚБТ-ны [Қашықтықтан білім беру технологияларын – Д.А.] іске асыру теледидарлық, желілік және кейс-технология бойынша жүзеге асырылады» [1].
Осыған орай қазіргі таңда қашықтықтан оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдері мен ақпараттық технологиялар белсенді қолданысын тапты. Қашықтықтан оқу әдістеріне келсек, оқу пәндері деңгейінде белгілі бір материалды зерделеу барысында оқытудың жалпы дидактикалық әдістері оқытудың әртүрлі әдістері арқылы жүзеге асырылады, олардың әрқайсысы белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған және әртүрлі дидактикалық оқыту құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық технологиялар құралдарын қолдану кезінде қашықтықтан оқытудың жүйесінде оқыту кезінде мұғалім немесе оқушы (оқу кезінде) қандай әдіс ойластырғанына қарамастан, ол әрқашан бір немесе бірнеше жалпы дидактикалық оқыту әдістерінің ажырамас бөлігі болады деуге болады. Дәстүрлі дидактикада қолданылатын оқыту әдістерінің белгілі жиынтығынан, қашықтықтан оқытуға демонстрация, иллюстрация, түсіндіру, әңгімелеу, жаттығу, есептер шығару, оқу материалын жаттау, жазбаша жұмыс жасау, қайталау және т.б. жұмыс түрлерін ұсынуға болады.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі
А.Аймағамбетов айтқандай, жаңа режимде жұмыс істеу мұғалімдер мен оқытушылар үшін де, оқушылар мен студенттер үшін де оңай шаруа емес. «Бұл – отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын. Мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сенемін», – дейді министр өз сөзінде[2].
Қашықтықтан оқытудың құралдарына келетін болсақ, заманауи технологияларға негізделген әртүрлі интернет платформаларын қолдануға болады. Бүкіл дүниежүзіндегі білім беру жүйесінің мамандары арасында кең тараған платформалар мен интернет құралдарының ішінен: Google Classroom, EasyClass, Zoom, Kahoot, Mathletics, Duolingo, Stile, Education және т.б. Сондай-ақ, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары, Facebook және т.б. әлеуметтік желілердегі парақшалар, Telegram, WhatsApp чаттары, онлайн конференциялар және басқа да форматтарды атап өтуге болады.
Ал Қазақстандағы TV-сабақтар және интернет-ресурстар арқылы қашықтықтан оқытуды жүзеге асыру BilimLand, Kyndelik.kz, Daryn.Online.kz, Online Mektep платформаларының көмегімен жүзеге асады. Сондай-ақ, кері байланысты, яғни оқушылардың жаңа тақырыптар бойынша алған білімдерін бақылау және бағалау мақсатында Telegram,WhatsApp чаттары, Google Формалар құралдары қолданысын кеңінен тапты.
Елде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, облыстың білім беру басқармаларының өкілдерімен және облыстық және қалалық әдістемелік қызметтердің мамандарымен онлайн режимінде бейнеконференциялар өткізілуде, соның нәтижесінде өңір халқы білім беру саласында қалыптасқан ағымдағы жағдай туралы біле алады[3].
Жоғарыда аталған платформалардың арасынан Google Формалар (www.forms.google.com) өнімін атап өткіміз келеді. Бұл Google компаниясының кері байланысты құрудың онлайн құралы. Google Формасын белгілі бір іс-шараларға онлайн тіркелу, онлайн зерттеу жүргізу, сауалнама жүргізу, дауыс беру немесе өткен іс-шараларға баға беру мақсатында қолдануға болады. Google Формаларды білім беру жүйесінде бұл формаларды өткен тақырыптар бойынша тапсырмалар жасап, білім деңгейлерін тексеру, бағалау мақсатында қолдануға болады. Сондай-ақ, Google Формалар мұғалімдер, оқушылар және студенттер арасында қашықтық олимпиадалар, турнилер мен сынақтар өткізуге зор мүмкіндік береді.
Google Формалармен қалай жұмыс жасайтынын, оларды қалай құрастыратынына көп тоқталмаймыз. Бұл мәселелер бойынша А.Н. Накишев «Google Формалар қызметі» атты мақаласында толық ақпаратпен бөліседі [5]. Сонымен қатар, ютуб желісінде осы тақырыптқа материалдар саны жеткілікті.
«Касперский лабораториясы» ұйымының жоба менеджері Е. Соловьеваның пайымдауынша Google Формалардың бірнеше қасиеттерін атап өтуге болады [4]:
— Қарапайымдылығы. Google Формаларымен жұмыс жасау өте жеңіл, MS Word құжаттары сияқты қарапайым болып келеді. Қызметтің интерфейсі өте ыңғайлы әрі түсінікті. Оны жүктеп, басқа адамдарға жіберіп, содан кейін олардың толтырылған нұсқаларын күтіп отырудың қажеті жоқ.
— 24/7 қолжетімділігі. Форма Google Дискінің бұлтында сақталады. Оның тиімділігі – Форманы кез келген компьютер, телефон немесе басқа құрылғы арқылы ашуға болады.
— Жеке дизайн. Форманың дизайнын өзіңіз жасай аласыз. Google Формалар сізге қол жетімді көптеген шаблонды үлгілерден таңдауға немесе өзіңіздің үлгіңізді жүктеуіңізге мүмкіндік береді.
— Тегін. Қызметтің өзі ақысыз. Қосымша қондырмалардың кеңейтілген нұсқасы қажет болған жағдайда ғана белгілі бір төлемдерді қажет етеді.
— Ұтқырлық. Google Формалар ұялы құрылғыларға бейімделген. Формаларды толық функционалды ұялы телефон немесе планшет көмегімен жасауға, көруге, өңдеуге және жіберуге болады.
— Ұғымдылық. Google Формалар жауаптар бойынша статистика жинайды және кәсіби түрде жинайды. Алынған деректерді одан әрі өңдеудің қажеті жоқ, нәтижелерді бірден талдай бастауға болады. Яғни, белгілі бір баптаулар арқылы Google Формалар тапсырмаларға берілген жауаптарды өндеп, оларға баллдарды автоматты түрде беріп қояды. Демек, мұғалімдер мен оқытушылардың оқушылардың жауаптарын тексеруге уақыты кетпейді.
Сондықтан да, қазіргі заманымыздың ақпараттық технологиялар мен коммуникациялардың кеңінен тарап, қарқынды дамуына байланысты, мұғалімдер мен оқытушылардың өз біліктіліктерін арттырып, сондай-ақ ата-аналардың білім беру үдерісіне белсенді үлес қосуларының негізінде Қазақстандағы білім беру сапасы төмендемей, керісінше, жақын арада бірнеше реформаларға ұшырап, одан әрі жетілдіріледі деп ойлаймыз.
Пайдаланған әдебиет тізімі:
- «Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығы
- Мектептерде қашықтан білім беру қалай жүргізіледі? Министр түсіндірмесі [электронды ресурс] // «Информбюро» газеті. https: //informburo. kz/kaz/mektepterde-ashytan-blm-beru-alay-zhrgzled-ministr-tsndrmes104198.html
- Басты мақсат – қашықтан оқытудың сапалы жүйесін құру [электронды ресурс] // «Білімді ел» республикалық білімділік қоғамдық-саяси газеті https://bilimdinews.kz/?p=97198
- Все возможности Google Forms // https://netology.ru/blog/google-formy
- Накишев А.Н. Google Формалар қызметі/ http://www.zkoipk.kz/ru/ smartconf2017/2-section/3530-conf.html