Алматы қаласы
№158 жалпы білім беретін
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Маткаримова Дархан Қадырқызы
Әлем күн сайын жаңаруда. Күн сайын түрлі жаңалықтар ашылып, жаңа жобалар іске асырылуда. Бұл болашақтың баспалдағындай. Сондықтан, әр күнге жаңаша көзқараспен қарауға дайын болу керекпіз. Әлемдегі соңғы болған оқиғалар бүкіл адамзатты дүр сілкіндірді. Еліміздегі мегаполистердің карантинге жабылуы, жұмыстың тоқтауы, қоғамдық іс-шаралардың кейінге шегерілуі – бәрі біздер үшін күтпеген жаңалық. Ал, ең үлкен өзгеріс – мектептердің қашықтықтан оқуға көшуі.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің орталық коммуникациялар қызметіндегі мәлімдемесінде сәйкес, еліміздің мектептері төтенше жағдайға байланысты 4-тоқсанда қашықтықтан оқуға көшті. Осылайша ағымдағы жылдың 6 сәуірінен 3 миллионнан астам мектеп оқушысы осы тұңғыш тәжірибені бастап кетті. Мектептерде білім беру 4 бағытта жүргізілетіні де айтылды. Әрине, бұл оқушылар тұрмақ, мұғалімдер мен ата-аналар үшін де қиындау болғаны жасырын емес. Көкейде сауал көп. Дегенмен, іштегі қорқыныш, үрей, сенімсіздікке қарамастан алға қарай қадам жасау маңызды. Бұл коронавирус пандемиясы әлемдегі 421 миллион білім алушыға кері әсерін тигізген деген дерек бар. 10 наурызда коронавирус індетін таратпау мақсатында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде білім министрлерінің шұғыл отырысы өтті. Онда 15 мемлекет білім мекемелерінің бәрін жабу туралы шешім қабылдаса, тағы 14 мемлекет соған сай әрекет ететінін мәлімдеген болатын.
Қазіргі жағдайда біз ғана емес, әлем елдері де осы жүйе бойынша білім беруде. Тіпті, бізге таңсық оқу жүйесінің әлемде өз тарихы бар. Сонау Ұлыбританияда 1969 жылы ашылған Ашық университетте әлемнің түкпір-түкпірінен 200 мың студент білім алады. Ал, АҚШ-та ХІХ ғасырдың 70 жылдарында-ақ қашықтан оқытудың бірқатар қадамы қабылданған. 1874 жылы электронды пошта арқылы оқу бағдарламасын Иллинойс штатының университеті ұсынған. АҚШ-та қашықтан оқыту жүйесінің «атасы» ретінде танылған Вильям Рейни Харпер алғаш рет Чикаго университетінен қашықтан оқу бөлімін ашты. Ресейде де 1917 жылдан бастау алған деген мәлімет те жоқ емес.
Міне, осындай мол тәжірибесі бар елдерге бұл жүйе қиын болмауы мүмкін. Білім беру бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс екені мәлім. Сондықтан, білім беру саласына қай мемлекетте болмасын үлкен жүк артылады. Ал, қазіргі жағдайда сапалы, ең бастысы нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру екі есе қиындай түскені анық. Десе де, барша әріптестеріме «қашықтықтан оқытудан» қашпауға кеңес беремін.
Қашықтықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететін еді. Өйткені, бұл – заман талабы. Ақпараттандырылған ғасырда озық технологияның үздік жемістерін пайдалану – дамыған елдердің шешімі. Сондықтан, еліміз үшін бұл да бір жаңа белес деуге болады. Елмен бірге біздің №158 жалпы білім беретін мектептегі 1-11 сыныптардағы 1257 оқушы 4 тоқсанда қашықтықтан оқуға көштік. Әрине, бұл тек мұғалімдерді ғана емес ата-аналардыда қатты алаңдатты. Мектеп оқушылары Kundelik.kz, WhatsApp, BilimLand, DARYN ONLINE т.б. интернет ресурстары және «Еларна», «Балапан» телеарналары арқылы білім алып жатыр. Оқытушылар мен білім алушылар үшін Kundelik.kz, WhatsApp желісінде жұмыс чаттары ашылып, сабақ соңында кері байланыс жүргізіледі.
Әсіресе, көп балалы отбасылар мен аз қамтылған отбасыларға қиындау соқты. Осы кезде ешкімде бейжай қарап қалған жоқ. Олай дейтінім, қалалық, аудандық білім бөлімдері мен мектеп әкімшілігі үнемі барлығын бақылауда ұстап қолдарынан келгенін аянған жоқ. Мектептегі жағдайы төмен отбасының балаларына тегін интернеті бар симкарталар, уақытша пайдалануға компьютерлер, роутерлер мен қоса планшеттер берілді. Өзім де ұрпақ тәрбиелеу ісімен ұзақ жылдан бері айналысып келемін. Мәселен, менің сыныбым биылғы мектеп бітіруші түлектер. Олар үшін де біршама жеңілдіктер жасалуда. Сынып жетекші ретінде айтарым, мен жетекшілік ететін осы сыныптағы оқушылардың техникалық жабдықталуы жайлы үнемі есеп беріп отырдық. Атааналармен де тығыз байланыстамын. Алдағы үлкен сынақ ҰБТ-ға да онлайн түрде өтініш беріп, тіркелу біз үшін жаңалық болды. Бүгінде барлық оқушы ҰБТ-ға өтініштерін беріп, сынаққа дайындық үстінде.