Home » Білім » Карантиндегі оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарлама әзірленеді

Карантиндегі оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарлама әзірленеді

Карантин кезінде болған оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылатын болады. Бұл жайлы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жасалады. Жалпы, пандемияның салдарынан болған оқу сапасының кемшіліктерін жою үшін арнайы бағдарламаны жүзеге асырамыз», деді министр.

Орта білім беруде 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделген деген Асхат Аймағамбетов: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика пәндерін оқытуға ерекше басымдық  береміз. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін алғаш рет үлгілік оқу бағдарламаларын сараптаудан және апробациядан өткізіп, оқулықтарды дайындау, сараптау мен басып шығарудың жаңа үлгісі енгізіледі. Заңға осы жылдың басында өзгерістер енгізілді. Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Сарапшыларға курстар ұйымдастырылады, арнайы базасы қалыптастырылады», деді.

Оның айтуынша, дарынды балаларды қолдау жұмыстары, «Мың бала» жобасы жалғасады, Республикалық олимпиаданың, Президенттік олимпиаданың жаңа үлгілері енгізіледі. Оған қоса, жақында қабылданған заңның шеңберінде қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру үшін мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде және жекеменшік ұйымдарда да орналасатын болады. Соның арқасында 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жетеді. Бес жылдың ішінде барлық мектепте спортпен айналысуға жағдай жасалады. Сондай-ақ, дене шынықтыру мұғалімдеріне секциялар мен үйірмелер өткізгені үшін ай сайын қосымша 17 мың теңге ақы төленеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.