Home » Әңгіме » 11 жастағы баланың өрт сөндірушімен болған әңгімесі

11 жастағы баланың өрт сөндірушімен болған әңгімесі

  Мамыр айының мамыражай күнінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марал Әділбекқызы сыныппен музейге баратынымызды айтты. Қалай және қандай бағыттағы маршрутпен баратынымызды тәптіштеп айтып, мектептен шығарып салды.

Қандай музей? Онда не көреміз? Қызықты бола ма? – деген сан сұрақтар жол бойы автобус ішінде қойылып жатты. Кейбірі ерте тұрып, уақытты босқа кетіріп жатқанын айтып та қынжылды. Алайда діттеген орынға келген соң мүлдем басқаша көрініс орын алды.

Ең алдымен, келген мекемемен таныс болайық, нақты қайда келгенімізден хабардар болайық деген ниетпен мекеменің маңдайшасындағы жазуға назар аудардық. Маңдайшада «Астана қаласы Өрт сөндіру қызметінің №2 МӨСБ» деп жазылған екен. Мекемеге кіре беріп едік, алдымыздан бейтаныс апай шығып амандасты да, күтуімізді өтініп, жоғары көтеріліп кетті. Бірер минуттан соң алдымыздан шыққан апамыз (есімі – Құралай ханым, оны кейін сұрап білдік) әскери киімін киіп шықты да, бәріміз музейге бет түзедік. Ең алдымен Құралай ханым музейдің атауына назар аударуымызды сұрады. Музей «Астана қаласы Өрт сөндіру қызметінің №2 МӨСБ орналасқан өрт сөндірушілер және құтқарушылар мұражайы» деп аталады екен.

Құралай ханым өзінің лекция-экскурсиясында өрт сөндіруші мамандығының қиындығы мен қаупі жайлы бүге-шігесіне дейін айтып қана қоймай, өрт сөндірушілердің арнаулы жұмыс киімдерімен жеке-жеке таныстырып өтті. Тіптен, арнаулы жұмыс киімдерінің түрлері мен атқаратын қызметі жайлы да баяндап берді.

Таныстырылым аяқталған соң арнайы жасақталған мультимедиялық кабинетке ертіп апарды да, өрт сөндіруші мамандығы жайлы түсірілген бейнефильм көрсетті. Әсеріміз мол. Фильмнен отпен арпалысып, өмір үшін күресіп жатқан өрт сөндірушілерді көріп, ерліктеріне қайран қалдық.

Экскурсиямыздың ең бір маңызды кезеңі ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілерге арналған Даңқ залы еді.  Құралай ханым бұл бөлмеге кірген кезде үнсіздіктен бастап, бір сәт ерлікке, батырлардың рухына тағзым етуімізді сұрады. Үнсіздік орын алды. Құралай ханым Даңқ бұрышында ілулі тұрған әрбір өрт сөндірушінің қалай қаза тапқанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Тіптен, «Сендер үшін дүниедегі ең асыл жан кім?» деген сұрақ қойып тұрып: «Ата-анасынан айырылған бала қараусыз қалмайды. Туған-туыстары бар. Тіптен Үкімет те қамқорлығына алып, жағдайын жасайды. Алайда, естеріңде болсын, өзіңнің туған ата-анаңның мейірімін ешкім бере алмайды, олар сендерді жақсы көрген сияқты, ешкім жақсы көре алмайды. Күніне 7 рет анаңды құшақтап, қаншалықты сүйетініңді айт, күніне 7 рет әкеңді құшақтап, оны қаншалықты мақтан тұтатыныңды айт. Ата-аналарыңның амандығын үнемі тілеп жүріңдер. Себебі, біздің ата-анамыз – біреу ғана», – деген сөздері жүректерді шымырлатып, көзімізге жас алдырды. Ата-ана қадірін жете түсіндіргендей болды.

Құралай ханыммен қош айтысып, мұражайдың қақ ортасында тұрып естелік суретке түсіп, жеке-жеке алғысымызды айтып,  қимастықпен есікке қарай бет түзедік.

Келесі кезекте өрт сөндірушілердің жұмыс орнымен танысу болатын. Өрт сөндіруші Жаймағамбетов Назарбек Құманұлы бізді жылы қарсы алды. Өрт сөндірушінің серігі, темір тұлпардың атқаратын қызметі, қандай құрылғылармен жабдықталғаны жайлы толық мағлұмат берді. Экскурсиямыздың соңында батыр ағамыздан сұхбат алуға бел будық.

– Аға, ассалаумағалейкум!

– Уағалейкүмассалам!

– Ағасы, Сізден сұхбат алуға рұқсат па?

– Әрине, рұқсат.

– Аға, қауіпке толы бұл мамандыққа қалай келгеніңіз жайлы баяндап берсеңіз.

– Досымның әңгімесі мен үшін үнемі қызық болатын.  Кездескенде  өрт сөндіруге қатысып, адам құтқарғанын айтып отырғанда, қатты қызығатын едім. Досымның жұмысы жайлы қызықты әңгімелері мені осы мамандыққа әкелді. Адам құтқару – абырой, үлкен мәртебе екенін сонда анық ұқтым.

Бұл мамандыққа қанша жасыңызда келдіңіз?

– 24 жасымда келдім.

Жұмысыңызда қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Қиындық, қауіппен күнде кездесеміз. Диспетчерлер белгілі ғимарат не үй жанып жатқанын хабарлаған соң дереу жетеміз. Ең қиыны – өрт пен түтіннің ортасында жүріп,  ғимараттың ішіне  кіріп, адамдарды құтқару.

Жұмыс кезінде бойыңызда үрей, қорқыныш бола ма?

– Бастапқыда жасыратыны жоқ, қорқыныш болады. Бірақ өрт жалындап жанып жатқан кезде адамдарды құтқаруды ең бірінші мақсат етсең, үрей де, қорқыныш та басылады. Қорқынышты жеңудің өзі батырлық.

Ең қауіпті операция есіңізде ме?

– Осы қаладағы Оңтүстік-Шығыс ауданында ТҚО жанды. Жедел түрде нысанға жеттік. Өртке оранған ТҚС-ның ішіне бет алған шақта, ғимараттың төбесі ортасына құлап түсті. Құдай бізді сақтап қалды. Соның ғана құдіретімен аман қалдық. Әйтпесе, қайғылы жағдайға душар болатын едік…

Үйден жұмысқа шыққанда қандай оймен шығасыз?

– Ең бастысы, өрт болмасын деген ниетпен шығамын. Еліміз аман болса екен.

Өрттің болуына не себеп деп ойлайсыз, аға?

– Себебі көп. Ең бірінші өрттің себепшісі – адамдардың селқостығы. Электр тогы арқылы жұмыс істейтін құрылғыларды өшірмей кетуі, шылым шегіп, ұйықтап қалуы. Жалпы айтқанда, өрттің шығуының 85 пайызы адамның абайсыздығынан. Қалғаны техникалық немесе табиғи апаттардан (найзағайдың түсуі)  болуы мүмкін.

Ата-анаңыз бұл мамандығыңызға қарсы емес пе?

– Әлбетте, алаңдайды. Бірақ өз таңдауым болған соң әркез қолдап отырады.

– Аға, бүгінгі сұхбатыңыз біз үшін аса маңызды болды. Көп нәрсені үйрендік. Өмірдің қадірін білдік десек те болады. Тілсіз жаумен арпалысып жүрген, адам өмірін құтқарып жүрген  Сіздер нағыз батыр екенсіздер!

– Рахмет, айналайын!

 

Сұхбат соңында бейбіт күннің батыры Назарбек ағамызға сыныптастарым жеке- жеке жүрекжарды тілектерін айтып жатты…

Мағжан  Джеткергенов
Нұр-Сұлтан қаласы №38 мектеп – лицейінің

6 «Ғ» сынып оқушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.