Home » Жаңалықтар » «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы — Бахаргүл Төлегенқызы

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы — Бахаргүл Төлегенқызы

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Акционерлік қоғамының филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұстаздары «Әдемі-Ай» ұлттық кәдесыйлар компаниясы мен «Әдемі-Ай» өнер мұражайының директоры, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, коллекционер-этнограф Бахаргүл Төлегенқызымен кездесу ұйымдастырып, қазақтың қол өнер бұйымдарына қатысты ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті.

Бахаргүл Төлегенқызы – еліміздің тарихынан мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабар беретін ұлттық кәдесыйлар топтамасын шығарып,  халыққа пайдасын тигізіп жүрген тұлғалардың бірі.

2000 жылы «Әдемі-Ай» компаниясын құрып, еліміздің тарихынан мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабар беретін ұлттық кәдесыйлар топтамасын шығарған.  Тәуелсіздік жылдары тұрғызылған ескерткіштер мен Қазақстан рәміздерінің кәдесый түріндегі кішірейтілген нұсқаларын жасап, халыққа ұсынды: «Тәуелсіздік монументі», «Астана бәйтерегі», «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі, «Алтын адам», «Исатай-Махамбет», «Бәйдібек», «Қорқыт ата» сияқты архитектуралық тарихи туындылары.  2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Саммитінде,   2011 жылғы VII Қысқы Азия Ойындары кезінде де Қазақстанға келген шетелдік қонақтар үшін ұлттық кәдесый топтамасын «Әдемі-ай» компаниясы жасап шығарды.  2011 жылдан бері “Әдемі-Ай” өнер мұражайын ашылып, 2009 жылы «ҚР Мәдениет қайраткері» атағын алған.

Бахаргүл Төлегенқызы ұстаздармен іскерлік бағыттағы өзінің тәжірибесімен бөлісіп, өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақ, пікірлерге тұшымды жауап айтумен қатар, қандай іс болсын қолға алғаннан кейін соңына дейін жеткізіп, жауапкершілікпен, мейіріммен қызмет жасайтын болса ғана жетістікке жететіні сөзсіз екенін айтып өтті.

Сонымен қатар кәсіпкер ең басты адам бойында өзіне деген сенімділік, өзін жетілдіру, яғни күнделікті дамытып отыру, іздену сынды қасиеттерді қалыптастыру керектігін де тілге тиек етті.

Бахаргүл Төлегенқызының жасаған әшекей заттарында Ұлттық ою-өрнектеріміздің негізгі ерекшелігі сақталған және ол ұлт жауһарларын қайта жаңғыртып халыққа ұсынып отырған кәсіпкер.

Ұстаздар қауымы кәсіпкерге ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу, оның жасалу жолдарын насихаттау бағытында мектептермен байланыс жасап, оқушыларға дәрістер жүргізсе деген ұсыныстарын білдірді.

Бахаргүл Төлегенқызымен өткен кездесу ұстаздарға үлкен әсер қалдырды.

 

А.Болсынбаева
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы,
Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ
Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық
тұрғыдан қолдау кафедрасының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.