Home » Мақалалар » Үздік мектеп директоры

Үздік мектеп директоры

Атағараева Жеміс Ізтұрғанқызы
І санатты, бастауыш сынып мұғалімі
«Құрық орта мектеп-гимназиясы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі

Әке – бұл фәниге келген адамның сүйенер тіреуі. Әке — Сізбен бізге ең асыл жан. Әкені ардақтау, айтқанын екі етпей құрметтеу парыз. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың ол кісіге игілігі мен сәлемі болсын) ата-ананы сыйлауды, жақсы көруді, өзіңнен артық құрметтеуді әмір етті. Қазақта: «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей әкенің төл перзенттеріне үйретері көп. «Әке көрген оқ жонар». Бұл да әкеге байланысты қарата айтылған асыл сөз. Мен әкенің бойынан батырлық пен батылдықты, қайсарлықты, білімділікті және өзге де қасиеттерді көруге болады деп ойлаймын.

Әке. Мен  үшін ыстыққа күйіп, суыққа төзіп өмір бойы еңбек еткен нар тұлға! Менің жоғарғы білім алып, ұстаз атанып, ел алдында беделге ие болған шағымды көре алмай, өмірден ерте кеткенің есіме түссе, жанарыма жас тығылады.

2010-2011 оқу жылында «№9 бастауыш мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылып, мен бастауыш сынып мұғалімі болып, қызметке орналастым. Жаңадан ашылған мектепте ұжым мүшелерін орасан зор жұмыстар күтіп тұрды. Біз аз уақыттың ішінде барлық кедергілерді жеңіп, ұжым ретінде қалыптастық.

Сол кездегі мектеп басшысы Әмреева Айымгүл Қарашақызы өзі мектеп басшысы, өзі оқу ісінің меңгерушісі, өзі мектеп әдіскері, өзі бізге тәлімгер бола жүріп, бізге көп нәрсені үйретіп, ұстаздық жолда қалыптасуымызға күш салды. Кейде ол кісіге қарап отырып, іштей «Осыншама күш-қуатты қайдан алады екен?», — деп ойлаймын.

Айымгүл Қарашақызы Маңғыстау облысында тұңғыш ашылған мұғалімдер династиясын тіркейтін «Құрмет кітабында» бірінші боп жазылған Қонысбаевтар әулетінің келіні. Атасы Қойшы Қонысбаев «Қазақ ССР-і Білім беру ісінің үздігі», өңірдегі түрлі білім ордаларында басшылық қызметте болған, ардагер ұстаз. Енесі Мухамбетьярова Маруся қазақ тілі пәнінің мұғалімі, «Қазақ ССР-і Білім беру ісінің үздігі», жолдасы Қонысбаев Есенғали информатика пәнінің мұғалімі. Осы әулеттің екі келіні де мұғалімдік мамандықты таңдаған. Айымгүл Қарашақызы 1980 жылы осы өңірде дүниеге келіп, 1986 жылы Құрық ауылындағы №6 орта мектепке оқуға қабылданып, 1997 жылы орта мектепті бітіріп, Ш.Есенов атындағы мемлекеттік Ақтау университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. 2001 жылы диплом алып, туған ауылға оралысымен Құрық ауылындағы №1 орта мектепте өзінің еңбек жолын бастаған.

Айымгүл Қарашақызы бітірген білім ордасында мен де жоғары білім алғанмын. Дипломды қолыма алып тұрып, қатты толқыдым, сені есіме алып, көзіме жас келді. Осы қуаныштың, ерекше бір мақтаныш сезімінің, орындалған арман мен осы сәтті көре алмай кеткен әкені аңсау мен көкіректі сыздатқан сағыныштың жасы еді…

Менің мектебіме басшы болып сайланбас бұрын, Айымгүл Қарашақызы жақсы математик мұғалім ретінде ауданға танылып үлгереді. Оқушылары аудандық пән олимпиадаларында жүлдегер атанып, жас маманның білімді екендігін дәлелдеп береді. Көп ұзамай сол мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалуы – жас мұғалімнің ұйымдастырушылық қабілеті мен біліміне көпшілік сенім артқандығын көрсетті.

Ұстаздық мамандықтың қызығы да, қиыншылығы да мол деп жатады ғой… Қызығы сол мұғалім баламен бірге қуанып, бірге мұңаяды, сәбидің аппақ, нәзік жүрегінен шыққан ілтипатқа ие болады, ата-ананың алғысын алады. Ал қиындығын айтар болсам маған шағынып отыр деп ойлайсыз ғой. Бірақ сізге шағынбағанда кіммен бөлісемін қиындықтарымды? Шәкірттерімнің алдында осалдық көрсетуіме болмайды, олар мені нағыз күшті, батыл, білімді, ақылды, жігерлі жан деп ойлауы керек қой…

Шынымды айтсам нағыз ұстазға тән осы асыл қасиеттер  менің басшымның бойынан табылатын. Мен ол кісіге қызыға қараймын. «Болмасаң да ұқсап бақ»-деп Абай атамыз айтқандай, мен өз бойымнан сол қасиеттерді кейде тапқандай боламын.

Құрық ауылында 2009 жылы Құрық гимназиясы ашылып, Айымгүл Қарашақызы сол мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Аудан бойынша үздік білім ордасы болып саналатын бұл мектепте сабақ беріп, әрі жауапты қызмет атқарған Айымгүл Қарашақызы мол тәжірибе жинақтап, білімді басшы ретінде көпшілікке танылып үлгерген болатын. 2009-2010 оқу жылында аудандық олимпиадада 8-сынып оқушысы Жанайбаева Ақсұлу ІІ орын, 11 сынып оқушысы Иса Іңкәр ІІІ орынды алды. Айымгүл Қарашақызының өзі мектепішілік «Жыл мұғалімі-2001» сайысында ІІІ орынды, «Жыл мұғалімі — 2006» сайысында ІІ орынды, «Жыл мұғалімі-2008» сайысында І орынды алды. Аудандық «Жыл мұғалімі-2008» сайысында І орынды жеңіп алды. 2005 жылы «Аудандық мұғалімдер пән олимпиадасына»  қатысып, ІІІ орынды иеленді. 2010 жылы облыстық математикалық онкүндік аясында өткізілген «Математика пәні мұғалімдерінің шебер сыныптар» байқауында ІV орынға ие болды.

Өркениетті елдер қатарынан орын алуға ұмтылған қазақ елінің жас өркенін білім бәсекесіне қабілетті, ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңірген, елін, жерін, Отанын сүйетін, елжанды азамат етіп тәрбиелеу – біздің, яғни ұстаздар қауымының  басты міндеті. Сол міндетті орындау жолында биыл міне, 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Сүрінген сәттерім де, жеңіс туын мәреге тіккен сәттерім де көп болды. Сүрінген сәттерімде маған ақылын айтып, қолтығымнан сүйеген мектеп басшысының қолдауынан күш алып, алға ұмтылдым. Басшылық қызмет пен мұғалімдікті қатар алып жүрген Айымгүл Қарашақызының оқушылары математика пәнін сүйіп оқитын және жақсы жетістіктерге қол жеткізетін. Бұл мұғалімнің тек білімділікпен ғана емес, бастауыш сынып балаларын оқытуда ең қажетті қасиет-мейірімділікпен, ерінбей, ізденімпаздықпен жұмыс істеуінің нәтижесі болатын.

Мұғалім – үнемі ізденіс үстінде, білімін жетілдіру арқылы еңбек еткенде ғана заман талабына сай білім бере алады. Сондықтан да Айымгүл Қарашақызы 2013ж., 2014 ж., 2016 жылдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында білімін жетілдіріп, оқытудың жаңа, заманауи технологияларын игеріп қайтты. Келісімен өз оқыған, тоқыған, үйренгенімен, білген жаңалықтарымен бөлісуге кірісті.

Қазір мектеп толықтай жаңа оқыту технологияларын меңгерген, әрбір сабақ қызықты да, мазмұнды өтеді. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен оқыту-білім сапасына да тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Соңғы жылдардағы мектептің білім сапасындағы өзгерісті диаграммадан айқын көруге болады.

2016 жылы Алматы қаласындағы Халықаралық білім беру орталығы «UniversumKZ» қоғамдық қоры жаздық академия мектебінде білімін толықтырып, халықаралық сертификатын иеленді.

Тек қана білімді басшы ретінде емес, ұжым мүшелері мектеп директорын әрбір қызметкерінің тағдырына түсіністікпен қарап, ақыл-кеңесін, қол ұшын беріп отыратын, қамқор басшы ретінде сыйлайды.

Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Ұжымдағы барлық адамның мұң-мұқтажын ескеру, дер кезінде қолдау көрсету, қуанышын бөлісу, қайғысына ортақтасу, еңбегін бағалай білу, кемшілігіне түсіністікпен қарау басшы назарынан тыс қалған емес.

«Мектепке жол» акциясы кезінде басшымыз бірінші болып өз атынан мүжәлсіз отбасынан шыққан, жетім балаларға қол ұшын беріп, көпке үлгі бола білді. Ұжым мүшелері басшыға қарап бой түзейді, үлгі алады деп есептеймін. Мектеп басшысының жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мектепаралық, аудандық сайыстарда мектебіміз жеңіс тұғырынан көрініп жүрді.

Әке! «Жақсымен жолдас болсаң-жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң-қаларсың ұятқа», — деп жиі қолданатын мақалыңыздың мағынасына кішкентай кезімде аса мән бермесем де, қазір толық түсінгендеймін. Мен қазір төрт баланың анасымын, жолдасым бар, мұғаліммін. Сіз армандаған күнге жетіп, жоғары білім алып, отбасын құрдым. Осының бәрі маған өмір жолында кездескен жақсы жандардың арқасында деп білемін

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.